Серікжан Еншібайұлы: Шариғат бойынша той өткізудің де өзіндік талап-тәртібі бар 825

Серікжан Еншібайұлы: Шариғат бойынша той өткізудің де өзіндік талап-тәртібі бар

11 қыркүйек 2021 173 Оқу 1 минут

Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай біз облыстың Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлымен асыл дінімізде шаңырақ көтеру туралы не делінген, оның жөн-жоралғысы қандай, жалпы үйлену тойындағы ислам қағидаттары туралы сұхбаттасқанбыз. Сондай-ақ ер мен әйелдің қанша жаста үйлену керектігі, олардың бір-бірінің алдындағы міндеттері, т.б. жөнінде білген едік…

— Қазақ жиған-тергенін тойда шашуға, кез келген қуанышын аста-төк дастарқанмен думандатуға бейім. Осы орайда, исламда үйлену мен ұзатылу тойлары туралы не делінген? Әңгімемізді осыдан бастасақ. 

— Қазақ мәдениетінде той халықты біріктіретін, ұлттың мәдениеті мен салтын насихаттайтын, күш пен өнер сайыстыратын мереке ретінде қаралған. Өткен ғасырлардағы қазақ тойларында ешқандай да әдепсіздік әрекеттері болмаған десем, қателесе қоймаспын. Өз жөнімен жасаған.

Ал асыл дінімізде той, мерекеге байланысты тағылымдар жетерлік.

Зер салсақ: Әнәс ибн Мәліктен (р.ғ.) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) Абдурахман ибн Ауфтің (р.а) жүдеулі, әбіржіген кейпін көріп: «Саған не болған?» деп сұрайды. Абдуррахман ибн Ауф (р.а): «Иә, Расулалла! Үйленіп едім», — дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла саған бұл некені берекелі етсін! Бір қой болса да сойып, қонақасын бер», — дейді (Бұхари, Мүслім). Осы тағылымды хадиске қарап отырып, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адам өміріндегі атаулы мерекелерді елеусіз қалдырмай, әдеп аясында береке мен бірлікте атап өтудің маңызын айтқанын көруге болады.

Жалпы, дініміз той жасауға қарсы емес. Оған Анас (р.а) жеткізген мына бір хадис дәлел: «Пайғамбарымыз бірде Абдурахман ибн Ауф сахабаның үстінен сары жылтырақ көріп, «бұл не?» деп сұрайды, сонда сахаба: «Уа, Алланың елшісі, мен бір ансарлық әйелге мәһірін беріп үйлендім» деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла береке берсін, бір қоймен болса да, той жаса» дейді». Осылайша, Пайғамбарымыз Алла нәсіп еткен қуанышты оқиғаны тойлауға болатынын жеткізген. Дегенмен шариғат шарттарына сәйкес қуаныш иесіне дастарқанды шамасына қарай жасау міндеттеледі. Тойдың жөні осы екен деп шамадан тыс шашылуға болмайды.

Дінімізде тойдың төмендегідей шариғи шарттары барын естен шығармаған абзал: біріншіден, той мақтан үшін емес, Аллаға шүкіршілік ниетінде жасалуы керек. Себебі тойға себеп болған қуаныштың өзі — Алланың берген бір нығметі. Ал нығметті шүкірмен бекемдей аламыз. Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 7-аятында: «Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар» делінген. Екіншіден, той өзге дін өкілдеріне еліктеуден туындамауы керек. Үшіншіден, дастарқанда арам ас, арақ-шарап болмауы шарт. Төртіншіден, ысырапқа жол бермеу керек. Алла ысырапшылдарды сүймейді. Құранда: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын (немесе Қағбаны тауап ететін) болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. (Алланың өздеріңе берген нығметінен) Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырап жасаушыларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі, 31-аят) деп ескерткен.

— Салт-дәстүрге сай, екі жақтың арасындағы өзара жөн-жоралғы бар. Сүт ақысы деген сияқты. Дінімізде құдалардың арасындағы осындай тарту-таралғылар туралы не айтылады? Хадисте «Бір-бірлеріңе сыйлық жасаңдар, ол арадағы сыйластықты арттырады» деген жолдар болса да, асыра сілтеуге тағы болмас…

— Қазақта «Орамал тон болмайды, жол болады» деген мақал бар. Оның мағынасы — азды-көпті сый беру арқылы да адамдар бір-бірінің арасындағы татулық қарым-қатынасты нығайта алады.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, қазіргі заманда үйленгелі жатқан екі жастың ата-аналары мен жақын туыстары құдалармен бір-біріне қандай тарту-таралғы жасайтындары туралы алдын ала келіседі. Осы келісім бойынша қазақтың салт-дәстүрлеріне сай, құда түсу миссиясы басталып, екі жақ тарту-таралғыларын беріп, туыстық қарым-қатынастарын бекітеді. «Әр елдің салты басқа…» демекші, бұл Қазақстанның әр облысында әртүрлі.

Пайғамбарымыздың: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», — деуі тегін емес. Алла тағала қандай да бір жақсылық, сыйлық жасаған пендеге сауап жазылатынын айтқан. Сондықтан құдалардың бір-біріне сыйлық жаасауы да сауапты іс. Тек шектен шығып, бәсеке болып кетпесе болғаны.

— Тойдағы шариғат талаптарына хадистегі мысалдармен тоқталсаңыз. Мәселен, әндердің мазмұны, ойындардың тәртібі… Тіпті киімде де өзіндік мән бар ғой…

— Ойын-сауық пен ән-күй шариғат шегінен шықпауға тиіс. Яғни тойларда көңіл көтеру үшін ойындар ойнап, ән шырқауға рұқсат берілген. Бірақ жөнімен болғаны дұрыс. Өйткені Бухари-Муслим жеткізген хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз Айт күні қарабауырлардың мешітте барабан соғып, найзамен ойын көрсетіп жатқанын Айша анамызбен тамашалаған. Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадис бар: «Айша анамыз (р.а) айтты: «Пайғамбарымыз менің бөлмеме келген кезде менің қасымда екі жас қыз Буас соғысының әнін айтып Пайғамбарымыз төсекке жатып теріс бұрылды, сосын Әбу Бәкір кіріп келіп: «Пайғамбарымыздың алдында шайтанның әні ме?» — деп маған зекіді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Оларды қоя бер…» деді. Пайғамбарымыз байқамай тұрғанда, Әбу Бәкір екі қызға белгі берді де, ол екеуі шығып кетті» делінген. Осы мысал бізге ғибрат болады.

Соңғы кезде шариғат шарттарына сай, мұсылманша үйлену тойлары қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырылып өткізіліп жүр. Бұл той өткізу сценарийі мен асабаның шеберлігіне байланысты. Мұсылманша үйлену тойында ислам шариғатынан хабары бар асабалар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистері мен қасиетті Құран аяттарынан үзінділер келтіріп, тәлім-тәрбиелік мәні зор, ғибратты әңгімелер айтып, артынша беташар жасайды, сондай-ақ термелер мен әндерге кезек беріп, ұлттық ойындар ойнатады. Бұл әсіресе жастардың бойындағы ұлттық рухты оятады.

Ал үйленгелі жатқан екі жастың, олардың жолдастарының қазақтың ұлттық киімдерін кигені дұрыс деп есептеймін. Өйткені қазақтың ұлттық киімдері ислам дінінің шарттарына сәйкес келеді.

— Соңғы жылдары қалыңдықтың той үстінде торттан ауыз тигізуі кейінге қалып, самаурынмен шай ұсынуы сәнге айналды. Қазақы түсінікке салғанда, бұл — әдемі үрдіс. Дін маманы ретінде қазақтың тойында қандай салт-дәстүрлеріміз бен діни жөн-жоралғыларымыз ұмыт қалды деп есептейсіз?

— Аушадияр деген дәстүр ұмыт қалды. Бұл — үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық, тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Асылы, бұл қазір елімізде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетті деуге болады. Әйтпесе жаңадан қосылған жастарға арналатын толғаудың ұлағаты көп еді…

— Ел арасында «Пайғамбар да күйеубаласын сыйлаған» деген сөз бар. Дей тұрғанмен, қыз алған жақ, соның ішінде күйеубаланың қайын жұрты алдындағы мақсат-міндеттері, атқаруға тиіс амалдары туралы айтсаңыз.

— Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің күйеубаласы, Фатиманың (р.а.) күйеуі, төрт халифаның бірі — «Исламның арыстаны» атанған хазіреті Әлиді өз баласындай ерекше құрметтеген. Ал Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың әрбір айтқан сөздері (хадистері), өсиеттері, іс-әрекеті, мінез-құлқы, көркем мінезі — дүниежүзінің барлық мұсылмандарына үлгі-өнеге.

Сіз айтқан мысал, менің ойымша, қыздарын күйеуге берген ата-аналарға: «Сіздер де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сияқты күйеубалаларыңды сыйлаңдар, сүннетін орындаңдар» деген мағынада айтылған болуы керек.

Күйеубала да өзінің әке-шешесіне қандай құрмет көрсетсе, ата-енесіне, қайын жұртының үлкендеріне де сондай құрмет, кішілерге ізет көрсетіп, екі жақпен де бірдей сыйластықта болғаны дұрыс.

— Келіннің алдындағы жауапкершілік те айтарлықтай… Бұл туралы асыл дінімізде қалай келтірілген? 

— Қазақта «Еркек — үйдің егесі, әйел — үйдің шегесі» деген мақал бар. Келіннің ең басты міндеті — ерте тұрып, ата-анасын құрметтеп, балаларына жақсы тәрбие беріп, күйеуіне бойсұнуы болса керек.

— Той демекші, кейбір жұптар шашылып той өткізгеннен гөрі, соған жұмсалатын ақшаға баспана, болмаса көлік алуды немесе шетелге саяхаттағанды жөн көреді. Бұған деген көзқарасыңыз қандай?

— Той жасаған дұрыс. Десе де, ысырапшылыққа бой алдырмай, екі жасқа қажетті заттарын алып берген абзал.

— Мұсылмандық неке қиюға келсек, оның шарттары қандай? Сондай-ақ заңды түрде некелеспей, мешітте ғана неке қиып, ерлі-зайыпты атанатындар бар ма? Бұрынырақта осындай жолды таңдайтындар кездесетін еді… 

— Неке шариғат бойынша ғибадат (құлшылық) болып саналады, ал мемлекеттік заңда (АХАЖ) — әлеуметтік шарт (заңды құжат). Мұсылмандық неке — Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың сүннеті.

Мұсылмандық неке қиюдың негізгі шарттарына тоқталсақ, ең бастысы — ер мен әйелдің екеуі де мұсылман болуы керек; екіншіден, ер адам — мұсылман, ал әйел мұсылман болмаса, неке қиылар алдында әйел ислам дінін қабылдауға тиіс. Үшіншіден, мұсылман емес ер адам мұсылман әйелге үйлене алмайды, яғни ислам діні бойынша екеуінің некесі қиылмайды. Бесіншіден, неке қиылар кезде екі еркек (немесе бір еркек) пен екі әйел куәгер болуы керек. Алтыншыдан, неке – діни құлшылық, ғибадат болғандықтан, мешітте неке қидыру рәсіміне келген ерлер мен әйелдердің толық дәреті болуы керек. Жетіншіден, мәһір — ердің әйелге беретін сыйлығы (алтын жүзік, алқа, т.б.) болуға тиіс.

Заңды түрде некелеспей, мешітте ғана неке қиып, отбасын құруға болмайды. Өйткені АХАЖ берген неке куәлігі — заңды құжат болып табылады. Осы құжатпен көптеген әлеуметтік мәселелер шешіледі. Ал мешіт беретін Мұсылмандық неке куәлігі» заңды құжат болып саналмаса да, Алла тағаланың алдындағы ақ некені растайтын қағаз. Сондықтан мешітте мұсылмандық некелерін қидыруға келген жастардан әуелі АХАЖ мекемесіне тіркелуін талап етеміз.

— Ер мен әйелдің бір-бірінің алдындағы аманаттары туралы бірер сөз… 

— «Екі жарты — бір бүтін» болып, бірге шаңырақ көтеріп, отбасын құруға ниеттенген еркек пен әйелдің бір-бірінің алдында құқықтары мен міндеттері бар. Әйел мен еркектің өзара құқықтары болатынын Алла тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында: «Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» деп білдірген.

Еркектің әйелі алдындағы міндеттері: әйелі мен балаларының ішіп-жейтін тамағы мен киім-кешегін тауып беріп, баспанамен қамтамасыз етуге тиіс. Екіншіден, әйелінің құықтары мен намысын қорғауы керек.

Әйелдің күйеуі алдындағы міндеттеріне келсек, күйеуінің үйін, мал-мүлкін, қаржы-қаражатын қорғап, күйеуінің рұқсатынсыз ешкімге ешнәрсе бермеуі керек. Екіншіден, күйеуіне бағынып, оның рұқсатынсыз үйден шықпауға тиіс. Үшіншіден, күйеуінен оның шамасы келмейтін нәрсені талап етпеуі керек. Төртіншіден, үй ішінің тазалығы мен балаларының тәрбиесіне жауапты.

— «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп жатамыз… Серігін табу үшін дін мамандарына жүгініп, көмек сұраушылар бола ма?

— Иә, үйленуге ниеттеніп жүрген мұсылман жігіттер мешіттің діни қызметкерлерлеріне жолығып, отбасын құру туралы ақылдасады. Біздегі мамандар оларға мұсылмандық некенің шарттары туралы, мешітте тіркелетін Мұсылмандық неке куәлігі мен АХАЖ қызметкерлері тіркейтін мемлекеттік Неке куәлігінің маңызы мен айырмашылығын түсіндіреді. Жалпы, мешітке келіп, некелерін қидырып жатқан жастар көп.

— Соңғы сұрақ, қазақта «Он үште — отау иесі» деген сөз бар. Теолог ретінде жігіт пен қыздың отбасын құруға дайын уақыты деп қай жасты айтар едіңіз?

— Кеңес өкіметіне дейін, қазақтың салт-дәстүріне сай, ата-бабаларымыз ұлдары 13 жасқа толғаннан кейін қыз айттырып, құда түсіп, үйлендірген. Өйткені шариғат бойынша ер баланың балиғат жасы — 13 жас. Мысалы, Абай атамыз 13-тен асқаннан кейін үйленіп, 17 жасында әке болған емес пе? Медицина мамандарының айтуынша, отау құрғалы отырған жігіт пен қыздың жасы өзара үйлесімді болғаны маңызды. Атап айтқанда, жігіт 19 бен 25 жас аралығында, ал қыз бала 16-19 жас аралығында болғаны абзал. Дініміз де осы қағиданы ұстанады.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.