«Көшпелі керуен» Ақтөбеде жалғасты.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен республиканың барлық өңірінде бір мезетте «Көшпелі керуен» қайырымдылық шарасы өтті.
«Зекет» қорының ұйымдастыруымен өткен игі шара елордада басталып, басқа облыстармен қатар Ақтөбеде жалғасын тапты. Аталмыш шара аясында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне өтініш білдірген 30 мұқтаж отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Дін қызметкерлері арнайы көліктермен қайырымдылық көмекті үй-үйге таратып берді. Қайырлы іс Діни басқарманың «Әр аптаға бір шара» жобасына сай жыл соңына дейін жалғасады.
Бас Мүфти өз сөзінде: «Елімізде өткен «Көшпелі керуен» атты қайырымдылық шарасы республика бойынша бір мезетте барлық өңірлерде 600-ден астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетуге бағытталған», - деп айрықша атап өтті.
Еске сала кетер болсақ, бұған дейін Ақтөбе өкілдігіне қарасты мешіттер "Қайырымдылық Керуені" акциясы аясында 586 жағдайы төмен отбасыға 6 тонна 949 кг азық-түлік қайырымдылық жасап, 2 миллион 487 мың тг қаражат жұмсаған болатын.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі