Республика күніне тарту: «Мұнара» телеарнасында мерекелік шығарылым 6749

Республика күніне тарту: «Мұнара» телеарнасында мерекелік шығарылым

23 қазан 2026 27 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ның төл арнасы «Мұнара» телеарнасының Ақтөбе облысындағы студиясында Республика күніне орай мерекелік түсірілім өтті.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасына өңірге танымал Жетесовтер отбасы қонаққа келді. Бүгінде 28 баланы тәрбиелеп отырған бұл үлгілі шаңырақ 24 баланы қамқорлығына алған. Олардың ішінде 8 бала өзге ұлт өкілі.

Бағдарлама барысында отбасының отағасы Өмірхан Жетесов түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, бауыр бастырған — қазақтың ұлттық өнері мен қасиетті домбырасы екенін атап өтті. Ол балалардың шыққан тегі өзге болғанымен, жаны қазақ болып өсіп келе жатқанына тоқталып, қазақы тәрбиенің маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жарқынай мен Темірханның алғаш «Ер Едіге» мектебіне келіп, жыр өнеріне қадам басқан сәттерін еске алды.

Қазіргі таңда 14 жастағы Темірхан және Жарқынай Жетесовтер «Ер Едіге» жыр мектебінің тәуліктік жыр жобасына қатысып, Әлемдік рекордтар кітабына енген.

«Сәті түскен сұхбат» бағдарламасы Темірхан Жетесовтің жырау Әділбек Сариннің «Пайғамбар жыры» кітабындағы «Арақтың харам болуы» атты жырды орындауымен қорытындыланды. Айта кетсек, жақында ғана Темірхан Жетесов кіші Умра қажылығына барып қайтқан болатын.

Мерекелік сұхбат Республика күні «Мұнара» телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі