ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ МҮФТИЛЕРІНІҢ АЛҚАЛЫ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ 2098

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ МҮФТИЛЕРІНІҢ АЛҚАЛЫ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

14 қыркүйек 2022 112 Оқу 1 минут

Бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезі аясында түркі мемлекеттері мүфтилерінің алқалы мәжілісі өтті.

Басқосуға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх Аллашүкір Пашазаде, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Замир Ракиев, Түркменстанның Бас мүфтиі Ялкап Ходжагулыев, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков қатысты.

«Өздеріңізге мәлім, біз киелі Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасын» өткіздік. Оған өздеріңіз қатысып, белсенділік таныттыңыздар. Аллаға шүкір, қазір түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, әріптестік бағытындағы байланыстар нығайып келеді. Ендігі кезекте рухани байланысты арттыру аса маңызды бағыттың бірі болып отыр. Бүгінгі тарихи басқосудың өзі біздің арамыздағы бауырмалдық байланыстың артуына үлкен серпін береді деп сенемін» деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мәжілісте Бас мүфтилер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дінаралық достықты арттырудағы рөлі, түркі мемлекеттерінің рухани бірлігін, діни сенімін, салт дәстүрін және ортақ мұраларын дәріптеу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар Ахмет Ясауи бабамыздың Қорқыт ата, Мәулана, Науаи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа дәріптеу, діни оқу-ағарту салаларын мәселесі сөз болды.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған түркі мемлекеттері «Мүфтилер алқасы» құжатының жобасы пысықталды.