Қарғалы: Имамдарға 2026 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды
Қарғалы ауданында имамдарының 2026 жылы атқаратын жұмыстарын айқындауға арналған жиын өтті.
Жиналыс барысында Қарғалы ауданының бас имамы Нұрлан Қырықбаев ауыл имамдарына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының дін қызметкерлеріне жолдаған 2026 жылғы Бағдарлық баяндамасын таныстырды. Сонымен қатар «Ислам және адал қоғам» жылы аясында жүзеге асырылатын іс-шараларға тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
Ауданның бас имамы 2026 жылы негізгі басымдық берілетін бағыттарды атап өтті. Атап айтсақ, «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Дәстүр және отбасы», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Одан өзге келе жатқан Рамазанға байланысты мешіттердің іші-сыртын безендіру, Рамазан айымен құттықтау банерлерін ілу және арнайы құттықтау хаттарын тарату, тарауих намазында оқылатын аяттардың тәпсірін жамағатқа түсіндіру міндеті қойылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі







































