Қарағанды: Діни сауат ашу курсы жылды қорытындылады
Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің жанындағы «Олжас Есенұлы» атындағы діни сауат ашу курсының жылдық қорытынды жиыны өтті.
Жылдық есеп барысында шәкірттерді діни іліммен сусындатқан ғимараттың бір жылдық жұмыс барысы мен қызметі баяндалды. Іс-шара Октябрь ауданындағы «Төлеутай ата»» мешітінің имамы әрі аталмыш сауат ашу мекемесінің директоры Сайлау Жұмағұлұлының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Оған облыстың бас имамы Өмірзақ Бекқожа арнайы қатысып, шәкірттерге өзінің ыстық лебізін білдіріп, батасын берді.
Аталмыш мекеменің бір жылдық еңбегі ерен. Биыл діни ғимаратта екі қари шыңдалып, атап айтқанда Еренұлы Ерасыл және Омарбеков Келдібек Құранды толық жаттап, көптеген шәкірттердің білім деңгейі жоғары көрсеткішке ие болды. Осы орайда облыс бас имамы қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап, үлкен жетістікке жеткен шәкірттерді марапаттап, жігерлендіру сыйлығын табыстады. Алдағы білім жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі.