РАНТ мүшесі жат ағымға қарсы курсанттарға дәріс оқыды
РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев Ақтөбе қаласы, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттарымен кездесті.
Кездесу барысында жат ағымдардың алдын алу бағытында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, деструктивті діни идеологиялардың қоғамға тигізер зияны жан-жақты баяндалды. Имам өз сөзінде дәстүрлі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанған ханафи мазхабы мен матуриди ақидасы негіздерінің маңыздылығына тоқталып, жастарды діни мәселеде сауатты болуға шақырды.
Сондай-ақ, жат ағым өкілдерінің негізгі белгілері, олардың жастарды арбау тәсілдері, интернет арқылы таралатын жалған діни ақпараттардың қауіптілігі туралы нақты мысалдар келтірілді. Курсанттарға кез келген діни ақпаратты ресми дереккөздерден алу қажеттігі ескертіліп, күмәнді жағдайларда мешіт имамдары мен білікті мамандарға жүгіну керектігі айтылды.
Кездесу соңында курсанттар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Мұндай тағылымды басқосулар жастардың рухани иммунитетін қалыптастыруға және ел тыныштығын сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені атап өтілді.









































