Ойылда отбасы құндылықтары дәріптелді
ҚМДБ бекіткен төрт негізгі бағыттың бірі – «Дәстүр және отбасы» бағыты аясында Ақтөбе облысы, Ойыл аудандық ауруханасында ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Жиынға ауданның бас имамы Бақжарық Қызыр қатысып, медицина қызметкерлерімен «Отбасы – аманат» тақырыбында еркін сұхбат құрды.
Кездесу барысында қоғамдағы отбасы институтының орны мен маңызы, ерлі-зайыптылардың өзара жауапкершілігі, ата-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі және отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.
Аудан имамы отбасы мүшелері арасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен кешірімділіктің шаңырақ берекесін нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар бала тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүр мен рухани-адамгершілік құндылықтарды ұштастыру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында аурухана ұжымы көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі





































