«Құранға қызмет» еріктілер тобы мешітке тазалық жасады 6280

«Құранға қызмет» еріктілер тобы мешітке тазалық жасады

16 сәуір 2026 68 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы Әл-Ләтиф мешіті аумағында «Құранға қызмет» еріктілер тобы игі іс-шара өткізді.

Іс барысында қыз тобы мешіттің ішкі тазалығын қамтамасыз етсе, ер тобы сыртқы аумағын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, мешіт ауласына 9 дана жеміс ағашы — алма, өрік және шие (вишня) көшеттері отырғызылды.

Ислам дінінде мұсылмандар құлшылық жасап, сәжде ететін орынның әрдайым таза болуы аса маңызды. Бұл жөнінде Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Мешітке келіп, ондағы шаң-тозаңды тазалаған адамға сауап жазылады» – деп насихат еткен.

Сахабалар мешіттің тазалығына ерекше мән беріп, оның шаңын сүртуге, шамдарын ауыстыруға өзара жарысқан.

Әл-Ләтиф мешіті бас имамы Рүстембек Аманғосұлы бұл игі іске ризашылығын білдіріп, «Тазалық – иманның жартысы» екенін атап өтіп, еріктілерге алғыс айтып, сауапты болсын деп дұға жасады.

Мешіт – Аллаһтың үйі. Оны таза ұстау – әрбір мұсылманның міндеті әрі иманының белгісі. Сондай-ақ, ағаш отырғызу да – үзілмейтін сауап.

Алла Тағала баршамыздың жасаған ізгі амалдарымызды қабыл етсін!