ҚҰРАН КӘРІМДЕГІ РУХАНИ КӨРКЕМ-МІНЕЗ ҚҰНДЫЛЫҒЫ 259

ҚҰРАН КӘРІМДЕГІ РУХАНИ КӨРКЕМ-МІНЕЗ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

28 қазан 2020 418 Оқу 1 минут

Құран Кәрімдегі әрбір әмір мен тыйымдардың түбіріне үңілген адам, санаға орала бермейтін ғаламат рухани құндылықтарға кенеледі. Құранда айтылған әрбір әмірлер мен тыйымдар, оның барша заңдылықтарын қалай алып қарасаңыз да, Құранның – Алланың теңдессіз кітабы екендігіне көз жеткізесіз. Ондағы үкімдер мен қағидалар он төрт ғасыр бойы жер бетіндегі адамдарды әділеттілікпен басқарып келеді.

XIV ғасыр бойы миллиондаған адамдарға, олардың ұлтына, нәсіліне, алуан түрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік деңгейлердегі мемлекеттерде тұрып жатқанына қарамастан, әділ түрде үкім жүргізіп келген Құран, адамзатқа көркем-мінездің құндылықтарын да баяндап, тіпті, сол мінез-құлықты кемеліне жеткізу үшін Мұхаммедтей (с.ғ.с.) Пайғамбарды жіберген.

Адамдықтың белгісі сыртқы сұлулықпен емес, керісінше көркем мінезбен өлшенеді. «Көркем мінез – адам көркі» деген сөз де сол үшін айтылса керек. Яғни, Адам баласының ең асыл құндылығы – ол көркем мінез-құлқы.

Көркем мінездің кілті – үлгі алу

Адам баласы әрдайым айналасындағыларға қарап, бой түзейді. Балалық шағында ата-анасынан көргенін істесе, естияр жасқа жеткен кезде айналасынан өзіне үлгі тұтарлық жандар іздейді. Міне, адам баласының осындай ерекшеліктеріне орай, Алла тағала елшілер жіберіп, оларды үлгі тұтуға шақырған. «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» [«Ахзаб» сүресі, 21-аят].

Адамдардың арасынан таңдалған елшілер Алланың түсірген ақиқатынан айнымай, көпке үлгі болды. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы барша адамзат баласына ортақ. Алла Тағала адамдарды соңғы жол сілтеуші пайғамбардың ізінен еріп, өздеріне өмірлік үлгі ретінде ұстануға Құран Кәрімде былай шақырған: «(Ей, Мұхаммед!) былай деп айт: «Ей, адамдар! Мен – сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланыкі. Одан өзге ешбір құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген пайғамбарға иман келтіріңдер. Тура жол табуларың үшін оған ілесіңдер!» [«Саффат» сүресі, 158-аят.].

Көркем мінез тұрғысынан кемелдікке жеткен соңғы Пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с.) әрбір мұсылман үлгі алса, екі дүниеде де өкінбейді. Құран Кәрімнің әрбір әмірі мен тыйымдарына ерекше мән берген Пайғамбарымыздың мінезі көпке үлгі тұтарлықтай дәрежеге жетті. Оның мінезінің көркемдігі Құраннан тамыр тартады.

Олай болса, Құран Кәрімде баяндалған көркем мінездің сипаттарына тоқталып өтелік:  

Мейірімділік

«(Мұхаммед с.ғ.с.) Біз сені бүкіл әлемге мейірім етіп қана жібердік...» [«Әнбия» сүресі, 107-аят.]. Ол тек адам баласына ғана емес, Алланың барша жаратқандарына мейірімділік танытуға шақырғанын осы аяттан айқын аңғарамыз. Мейірімділік – жаратылысты уыздай ұйытқан ең басты құндылық. Мейірімділік болмаса, күллі әлемде бейберекетсіздік белең алар еді. Өйткені, ғаламдағы барлық нәрсе мейірімнен сусындап, тыныс-тіршілігіне қуат алып тұрмаса, олардың ортадағы қызметі тұйықталады. Сөйтіп, ретсіздік жайлайды. Ал мейірім – тәртіп пен үйлесім арқылы әлемді ұйыстырушы қоғамда қайыр-береке дарып, киелі мәнге ие болады. Осыған орай, көңілге түйер көп үлгі-мысалдарды пайғамбарымыздың бойынан табамыз.

Пайғамбарымыз жабырқау жандардың жанынан әрдайым табылып, олардың ауыртпалығын бөлісті. Оның мүминдерге деген жұмсақтығы мен мейірімділігі Құран Кәрімде былай баяндалады: «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған, қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» [«Тәубе» сүресі 128-аят.].

Пайғамбарымыздың иман келтіргендерге деген мейірімі, барлық адамдарға деген мейірімінен ерекше болатын. Ол тек өзі үшін емес, айналасындағы адамдардың қателіктері үшін де Алладан кешірім тілеп, оларға қамқоршы әке сияқты қарым-қатынас жасайтын-ды. Міне, мына аят сөзіміздің жарқын көрінісі:

«(Мұхаммед с.ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәуекел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» [«Әли-Имран» сүресі, 159-аят.].

Аманатқа адалдық, уәдеге беріктік

Аманатқа адалдық, уәдеде тұру да көркем мінездің сипаты екендігі Құран Кәрімде баяндалған: «Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы» [«Мүминун» сүресі, 8-аят]. Сонымен қатар көркем мінезділер берген серттерін де бұзбайды. Ол жайлы Құран Кәрімде: «Олар, сондай Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар» [«Рағд» сүресі, 20-аят.].

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамда аманатқа қиянат жасау, уәдесінде тұрмау тура әдеттегі дәстүр іспетті қалыптасып үлгергені жасырын емес. Яғни, қасиетті Құранның өзінде аса мән беріліп, ескертілген бұл адами құндылықтың қасиеті жойылғандай. Сондықтан осы тұста, адамзатқа үлгі ретінде жіберілген ардақты Пайғамбырымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінен үлгі алу ауадай қажет екендігі, кезек күттірмес міндет болып тұр.

Сонымен қатар адам баласы әрбір ісінен сұралатыны сияқты берген уәдесінен де сұралатындығы Құран Кәрімде ескертілген: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» [«Исра» сүресі, 34-аят.].

Айналасындағыларға жәрдем беру

Көркем мінезділер қолынан келсе, айналасындағыларға көмек қолын созып, жаны жабырқау жандардың жанынан табылады. Демек, көркем, көрікті көріну сыртқы сұлбадан емес, терең тамған тағылымның тамырынан көрінеді. Құран Кәрімде бұл жайлы былай баяндалған: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында сарып қылғандар» [«Әли-Имран» сүресі, 134-аят.]. «Раббыларының ризалығын іздеп, сабыр еткендер, намазды толық орындап, өздеріне берген несібемізден ашық әрі жасырын түрде беріп, жақсылық арқылы жамандықты жойғандар, міне ақырет жұртының табысы солардікі» [«Рағд» сүресі, 22-аят.].

Қателігін мойындай білу

Халық арасында «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген сөз адамға тән сипатты тамаша бейнелеген. Адам болғасын кейде шалыс басып, қателікке бой алдырып жатады. Мұндай жағдайда Алладан жарылқау тілеп, қателігін мойындай білу адамның адамдығын көрсетеді. Адам пайғамбардың өзі қателікке бой алдырғанда, қателігін мойындап Алладан кешірім сұрап, көрегендік танытты емес пе...

«Сонда олар: «Раббымыз, біз өзімізге кесір жасадық. Егер Сен бізді жарылқап, есіркемесең, әлбетте зиян етушілерден боламыз» деді» [«Ағраф» сүресі, 19-23-аяттар.].

Ал қателігін мойындамай, тоңмойындық таныту адамды Алланың қарғысына ұшыратып, шайтанның қатарына қосады. Себебі шайтан: «Ол: «Мен одан артықпын. Өйткені, мені оттан жараттың да оны топырақтан жараттың» деді» [«Сад» сүресі, 76-аят.].

Қасарысып, қателігін мойындамау Алланың азабына ұшыратады. «Алла тағала оған: «Онда сен жәннәттан қараңды батыр! Өйткені сен қуылдың. Шын мәнінде қиямет-қайымға дейін саған қарғыс атсын!»,- деді» [«Сад» сүресі, 77-78-аяттар.].

Қателігін мойындап, оны түзетуге тырысу көркем мінездің бір сипаты. Құран Кәрімде бұл жайлы былай баяндалған: «Ал, олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ, олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» [«Әли-Имран» сүресі, 135-аят.].

Тәкәппарлық – орға жығады

Көркем мінездің ендігі бір сипаты тәкәппарлықтан тыйылып, сыпайылықты серік етіп, надандармен сөз таластырып, айтыспай, керісінше олар үшін дұға тілеу. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады: «Аса рахымды Алланың (сүйген) пенделері жер бетінде кішіпейіл, сыпайы жүреді, надандар оларға тіл тигізсе де, оларға «Есен болыңдар!» деп қана қояды (олармен сөз таластырып, әуре болмайды)» [«Фурқан» сүресі, 63-аят.]. «Өздеріне кесір істегендер үшін сөз таластырма. Өйткені күнәға батқан жанды Жаратқан жақсы көрмейді» [«Ниса» сүресі, 107-аят.].

Ал көркем мінездің көркін кетіріп, абыройыңды төгетін тәкәппарлықтан Құран Кәрім былай тыяды: «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» [«Лұқман» сүресі, 18-аят.].

Тәкәппарлық, өркөкіректік адамға жат қылық екендігі келесі бір аятта былай баяндалған: «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың» [«Исра» сүресі, 37-аят.].

Кешірімділік

Адам қауымдасып өмір сүретіндіктен, кейде болмашы нәрсеге араздасып, келіспей қалатын кездер көптеп кездеседі. Мұндай жағдайда ұстанатын ең тиімді жол – кешірімділік. Кешірімділік – адамның мәртебесін өсірмесе, кемітпейді. Кешірімділік – асыл қасиет. Құран Кәрімде кешірімділікке үндейтін көптеген аяттар бар. «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» [«Исра» сүресі, 37-аят.]. «Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» [«Әли-Имран» сүресі, 134-аят.].

Ал кешірімді болудың сыйы Құран Кәрімде былай сүйіншіленеді: «...Егер кек қайтаруға тиісті болған біреу оны кешірсе, өзара келіссе, оның есесін (сауабын) Алла қайтарады. Шынында Алла зұлымдық жасайтындарды дос тұтпайды» [«Шура» сүресі, 40-аят.].

Бұл Қасиетті Құран Кәрімдегі көркем-мінезге қатысты айтылған жүздеген аяттардың бірсыпырасы ғана. Құранда әділдік, тазалық, адалдық, жомарттылық, жұмсақтық сынды т.б. адами құндылықтардың сан түрлі мысалдары көп. Демек, көркем-мінезге Алла Тағаланың осыншалықты көп көңіл бөлуі, оның қаншалықты маңызды екендігін аңғартса керек.

КҮЗЕНБАЕВ Нұрлыбек Шакизадаұлы,

РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы