ЖҰМЫСҚА ЖАУАПКЕРШІЛІК 260

ЖҰМЫСҚА ЖАУАПКЕРШІЛІК

28 қазан 2020 233 Оқу 1 минут

Төлеби қажы ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы

                             "Ислам және өркениет" газеті. №17. 1-15 қазан 2019 жыл

Мұхаммед Ғазали: «Бүгінгі мұсылман әлемі діннің сыртқы формасын ғана ұстануда. Діннің түп мақсатын ұмытты. Дін түрлі жоралғылар шеңберінен шыға алмаған шақта құндылығын жоғалтады. Дін ең әуелі – жүрек және рух тазалығы», - деген.

Дін қағидасы Жаратушымен байланыс орнатуды қалыптастырумен қатар, дүниелік мақсаттарды да жүзеге асыруға ықпал етеді.Ибраһим Адһамнан: «Шыншыл саудагер жақсы ма, уақытын толықтай құлшылыққа арнаған адам жақсы ма?», - деп сұрағанда: «Менің жаныма шыншыл саудагер жақын. Өйткені, ол күресуде. Шайтан оған таразы жағынан және алыс-беріс жағынан азғырады. Ол болса, оған қарсы төтеп береді», - деген екен.

Имам Әбу Ханифаның шәкірті имам Мұхаммедке жора-жолдастары: «тақуалық жайлы кітап жазбайсыз ба?»,- дегенде: «Сауда-саттық жайлы еңбек жазудамын», - деп айтқан екен. Тақуалық – кісі ақысына қол сұқпау. Сауда-саттық жайлы шариғат үкімдерін басшылыққа алу – арам табыстан және кісі ақысын жеуден сақтайды. Әбу Һурайра (р.а.):

إِنَّ خَيْرَ الْكَسْبِ كَسْبُ يَدَيْ عَامِلٍ إِذَا نَصَحَ

«Кәсіптің ең жақсысы қолы шебер кісінің кәсібі, егер ісіне адал болса[1]». Хадистегі «насаха» сөзі: шыншыл және адалдық мағынасын білдіреді. Кәсіп иесі өз тұтынушысын алдамауы шарт. Жақсы маманды құртатын әдет – жауапкершіліктің жоқтығы. Уәдесінен тайып кетуі. Жалқаулық пен өзіне тым қатты сеніп кетуі.

Тауар сапалы болуы керек. Тұтынуға қолайлы. Ұзақ уақыт пайдалануға жарамды. Хадис бізге сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға үндеуде. Сіз қанша діндар болсаңыз да, тауарыңыздың сапасы төмен болса, жұмысыңыз алға баспайды. Біз тауар алғанда өндірушінің дініне қарамаймыз. Тұтынушыға қажеті тауардың немесе өнімнің сапасы. Сонымен қатар көлік немесе тұрмыстық техника жөндеткенде, шебердің қабілетімен қоса, екіжақты келісімді орындауын да ескереміз. Маман шебер, бірақ, уәдесінде тұрмаса, тұтынушыларын жоғалтады. «Бүгін-ертең» деп, жұмысына жауапкершілігі болмаса, қадірі қашады. Маманның тұрақсыздығы оған сенім артқан кісінің жұмысына едәуір залалын тигізеді. Ондай маманмен келесі жолы жұмыс істеспейміз.

Уәдесінде тұрмайтыннан жақсылық күтудің қажеті жоқ. Дін амалы құлшылық пен дүниелік істерде ешбір қарама-қайшылық жоқ. Адамның жұмысын адал және сапалы атқаруы – құлшылық. Құран Кәрімде:

قَالَتْ إِحْدَاهُمَا يَا أَبَتِ اسْتَأْجِرْهُ إِنَّ خَيْرَ مَنِ اسْتَأْجَرْتَ الْقَوِيُّ الْأَمِينُ

«Екі қыздың бірі: «Әкетайым! Оны жалдап ал! Рас, олжалдаған адамдардың қайырлысы да, күштісі, сенімдісі» деді»,- деген аят бар. Бұл – Мұса (ғ.с.) оқиғасы. Мадаин қаласының шетіне келіп, тынығып отырады. Қала қойшылары малдарын бұлақ басына үйіріп, суарып жатты. Ал екі қыз қойларын суғаруға алып келе алмай тұрған. Сонда Мұса (ғ.с.) пайғамбар олардың малын суарып береді. Ол екеуі Шұғайып пайғамбардың қыздары еді. Әкелеріне бейтаныс жігіттің көмектескенін айтты. Шұғайып (ғ.с.) алғысын білдірмек боп, ол жігітті үйіне шақырады. Әкесі мен Мұсаның (ғ.с.) әңгімесін тыңдаған екі қыздың бірі, оны қойшы етіп жалдауды ұсынады. Мұсаның (ғ.с.) бойынан екі қасиетін: күші мен сенімді екенін көреді.

Бұл екі қасиет – жұмыста табысты болудың кепілі. Шұғайып (ғ.с.) қызынан ол қасиеттерін қалай байқағанын сұрағанда: бұлақ басындағы тасты «ә» дегенде, өзі-ақ көтеріп алды. Әдетте, оны он кісі жабылып көтеретін. Сенімділігін оны үйге шақыруға барғанда байқадым. Ол маған: «Артымнан жүріп отыр. Қателессем, бағыт сілтеп, майда тас лақтыр, соған қарап жүретін жолды білемін» деді», - дейді. Жұмыста талап етілетін басты екі қасиет – осы. Біріншісі – жұмысты атқара алатындай күш-қуаттың болуы. Екіншісі – жұмысқа және жұмыс берушіге адалдық.

 


[1]Имам Ахмед риуаяты.