АУҚАТТЫ САХАБАЛАР 3555

АУҚАТТЫ САХАБАЛАР

14 тамыз 2024 17 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыр жұмыстан қолы күстеніп кеткен сахабасына қарап: «Бұл қолды Алла және Оның елшісі жақсы көреді», – десе, басқа бір хадисте: «Шын мәнінде Алла бір іспен шұғылданушы құлды жақсы көреді», – деп, жұмыс істеп, қиыншылық көрген және қандай да бір мамандық, не кәсіп иесін Алланың жақсы көретінін баяндаған.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанындағы сахабалар өмір сүрген мекені мен дәрежесі бойынша мұһажирлер және ансарлар болып бөлінген. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың мектебінде тәрбиеленген саңлақ сахабалардың қасиеттері көп болған. Соның бірі – еңбекқорлық. Сахабалар ешкімге қол жаймай, өз нәпақасын өзі табуға тырысатын. Өйткені Пайғамбарымыз оларды соған баулыған еді. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де саудамен айналысты, бұл жолды
сахабалары да жалғастырды. Сауда – сатып алушыға да, сатушыға да пайдалы болуы керек. Адал жолмен тапқан малдың пайдасы шаш-етектен әрі берекелі. Сахабалардың арасында саудагер, қойшы, диқан, наубайшы сынды түрлі кәсіп иелері болды. Сондай-ақ дәулетті, ауқатты да жомарт сахабалар да көп еді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрқашан сахабаларға Алла тарапынан оларға берілген мал-мүлкін Хақ жолында жұмсап, берген садақа мен зекетінің екі дүниедегі пайдасын айтып, қызықтырып әрі жігерлендіріп отырған. Тіпті сахабалар арасында дүниені сарп ету бойынша жақсылық жасауда жарыстыратын еді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендердің қайсыбіріңнің қолыңа жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатуың өзгеге қол жайып, қайыр сұраудан әлдеқайда жақсы», – деп еңбек етуге жігерлендірді.

Әбу Бәкір, Омар, Осман, Талха, Абдурахман ибн Ауф, Абдулла ибн Омар, Хадиша бин Хуайлид, Зейнеп бинт Жахш, Зейд ибн Арқам, әл-Бара ибн Азиб және Зубайр ибн әл-Әууам (оларға Алла разы болсын) т.б. сахабалар саудамен айналысып, ауқатты сахабалар қатарында болған. Солардың ішінен бірнешеуіне тоқталып өтсек.

 

Әбу Бәкір

Хазіреті Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Меккедегі бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Дау-дамайлар туындаған кезде әділ шешілуі үшін Әбу Бәкірдің төрелігіне жүгінетін. Әбу Бәкір Сыддық саудамен айналысты, ешқандай қулыққа бармады. Айтқан сөзінде тұратын, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елдімекендерді көрген, ішкі мәдениеті жоғары, қырандай қырағы болған ол өз дәуірінің адами құндылықтардан жұрдай болып рухани тығырыққа тірелгенін айқын сезе білді.

Ислам дінін қабылдағаннан кейін де бұл кәсібін ары қарай жалғастырды. Тапқан дүниесінің біраз бөлігін діннің өркендеуіне және құлдарды азат етуге жұмсады. Халифа болған соң жанындағы сахабалар сауданы қойып, мемлекеттік істермен шұғылдануын сұрайды. Отбасын қамтамасыз ету үшін қазынадан айлық алуға көндіреді.

Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) Аллаға шын берілген тақуалығымен де ерекшеленетін. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Бүгін кім ораза ұстады? Жаназаға қатысқандар, пақырды тойдырған және сырқат жанның көңілін сұрағандар бар ма?» – дегенде Әбу Бәкір орнынан тұрған болатын. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімсіреп: «Осы қасиеттер кімнің бойынан табылса, сол жәннатқа кіреді», – деді.

Оның жомарттығы сондай бүкіл жиған-тергенін Алла жолында ойланбай жұмсайтын. Бұл жайлы хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алла елшісі әскерді жарақтандыру үшін сахабалардардан көмектесуді сұрады. Ол кезде мен бай едім. Ішімнен: «Осы жолы Әбу Бәкірден озбасам ба?» – дедім де мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыстадым. Пайғамбарымыз: «Уа, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүниемүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол барлық мал-мүлкін алып келген екен. «Уа, Әбу Бәкір! Отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде: «Оларға Алла мен Елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым», – деп жауап берді. Мұны естіген мен: «Бұдан кейін жақсылық жасау жолында Әбу Бәкірден ешқашан оза алмаспын», – деп ой түйдім».

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) жомарттығы мен жанқиярлығын үнемі жоғары бағалап, мақтан тұтатын. Ол: «Маған дүние-мүлкі мен сұхбаттасуы жағынан адамдардың ең жомарты – Әбу Бәкір», – десе, басқа бір хадисінде: «Әбу Бәкірден басқа істеген істерінің құнын өтей алмаған ешкімім жоқ. Оның жомарттығы сондай, Қиямет күні оның қарымын тек Алла ғана бере алады», – деген.

 

Абдурахман ибн Ауф

Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі – Абдурахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын). Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш иман еткендердің сегізіншісі, хазіреті Әбу Бәкірдің айтуымен Исламды қабылдаған. Абдурахман ибн Ауф Алла елшісімен түйедей құрдас еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде мүһәжірлер мен ансарларды бауырластырды. Ансарлар меккелік бауырларына дүние-мүлкін бөліп беріп, үйлеріне орналастырды. Осы кезде Абдурахман ибн Ауф пен Абдурахман Сағд ибн Рәби (оларға Алла разы болсын) бауырласты. Абдурахман Сағд ибн Рәбидің жасаған ұсынысы мәрттіктің теңдессіз үлгісі болды. Ол Абдурахман ибн Ауф бауырына: «Бауырым, мен Мәдинаның ең ауқатты адамымын. Мал-мүлкімнің жартысы сенікі болсын, – дегенде, ол: «Бауырым, Сағд! Алла сенің мал-мүлкіңе де, отбасыңа да береке берсін. Сен маған базардың жолын көрсетсең болды, – деп қолына арқанын алды да ешкімге ауыртпашылық түсірмей, өз күнін өзі көру үшін саудаға кірісіп кетті. Саудаға бейімі бар Абдурахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған тілеген дұғасымен аз уақыттың ішінде дәулеті шалқыған ең бай мұсылмандар қатарына қосылды.

Оның жіберген сауда керуені Мәдинадан кетіп, қайта оралғанда қала халқына қажетті дүниелерге толатын. Бір күні Абдурахман ибн Ауфтың (оған Алла разы болсын) жіберген сауда керуені Мәдина қаласына 700 түйе болып оралады. Азық-түлік, киім-кешек, мата т.б. адамдарға қажетті дүниелерге толы 700 түйе. Қалаға жеті жүз түйелік керуен кіріп келгенде жер дірілдеп, айнала у-шу болып, елдің таңданысында шек болмай, бәрі қуанысты. Сонда Айша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Жер неге сілкінді?» – деп сұрағанда, қасындағылар: «Абдурахман ибн Ауфтың керуені ғой. Бидай, ұн, азық-түлік артқан жеті жүз түйе», – деді. Сонда Айша анамыз: «Алла Тағала Абдурахман ибн Ауфқа осы дүниеде берген нәрсесіне берекесін жаудырсын! Алайда ақыреттік сауабы бұдан да көп. Мен Алла елшісінің Абдурахман жайында: «Абдурахман ибн Ауф пейішке еңбектеп кіреді», – дегенін естігенмін», – деп хадис жеткізеді. Айша анамыздың бұл сүйіншісі оның құлағына жеткенде қатты қуанады.

Ол Айша (оған Алла разы болсын) анамызға: 

– Уа, мүміндердің анасы! Сіз расында да Алла елшісінің солай дегенін естідіңіз бе? – деп, өз құлағына өзі сенбей, қайта сұрайды. Айша анамыз «Иә» деп жауап бергенде, Абдурахман ибн Ауфтың (оған Алла разы болсын) төбесі көкке жетіп:

– Шамам жеткенше пейішке еңбектеп емес, тік тұрып кіруге тырысамын! Уа, мүминдердің анасы! Сіз куә болыңыз, мына керуенді үстіндегі барлық жүгімен, бар дүниесімен толық Алла жолына атадым! – деп, 700 түйелік дүниені сауап үшін таратып жіберген екен.

Сүйінші хабарды естіген күннен бастап жүзі күндей жарқыраған Абдурахман ибн Ауфтың жомарттығы одан сайын артады. Тапқан дүниесін айналадағы барлық жоқ-жітікке, кедей-кепшікке, мұқтаж адамдарға жұмсайды. Жасырын да, жария да, оң қолымен де, сол қолымен де дүниесін мұқтаж мұсылмандарға таратады. 40 мың күміс дирхам, 40 мың алтын динарды садақаға үлестіреді. Мұсылман әскеріне 500 ат және 1500 түйе береді.

 

Осман ибн Аффан

Хазіреті Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын) Исламнан бұрын да, кейін де саудамен айналысып, мол байлыққа кенелген. Қолы ашық, жомарт жан болған. Жауға қарсы мұсылман әскерлерін қару-жарақ және ат-көлікпен жабдықтау қажет болғанда бірнеше рет бар шығынды өзі көтерген.

Қысылтаяң сәттерде қол ұшын созған ардақты сахабаға риза болған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бүгіннен бастап Османға істеген істері (ақыретте) зиян тигізбейді. Уа, Жаратқан Ием! Османға разы бол, мен оған разымын!» – деп батасын берген еді.

Осман (оған Алла разы болсын) халифа болып тұрған кезде жаңбыр жаумай, егін шықпай, адамдар аштыққа ұшырай бастайды. Халық халифаға келіп көмек сұрайды. Осман оларды сабырға шақырып, Жаратушыдан жәрдем болатынын айтады. Көп ұзамай Мәдинаға азық-түлік тиелген мың түйесі бар керуен келеді. Ол керуеннің заттарын түгел сатып алып, мұқтаждарға садақа ретінде үлестіреді. Өз қажетін алмаған бірде-бір отбасы қалмайды. Міне саңлақ сахабалар осындай өнегелі істерімен мұсылмандарға үлгі болған еді. Олар ар тазалығын басты мұрат етті. Мейірім мен ізгілік Алланың нығметі екенін қаперінен шығармады. Олар халифалықтың тізгінін ұстаған кезде де халықтың қазынасына қол сұқпады.

 

Әли ибн Әбу Тәліп

Әли ибн Әбу Тәліп (оған Алла разы болсын) ел басқарып тұрған кезеңде бір кедей бәдәуи келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Менің саған өтінішім бар, саған келмес бұрын Алладан сұрадым. Сондықтан орындайтын болсаң, Аллаға мақтау, саған алғыс айтамын. Егер орындай алмасаң, Аллаға мақтау айтып, сені кешіремін», – дейді. Сонда Әли (оған Алла разы болсын): «Ұялмау және абыройыңды сақтау үшін өтінішіңді жерге жаз!» – дейді. Әлгі кісі өтінішін жерге жазады. Сонда Әли (Алла оған разы болсын): «Маған киім қажет!» – деді. Оған киім әкелгенде кедей кісі қуанып, оны киіп алды. Содан кейін: «Маған жүз динар қажет!» – деді. Динарды әкелісімен кедейге берді. Қатты қуанған бәдәуи Әлиге өлеңмен алғыс айтып, үнемі жақсылықпен еске алып жүруге уәде береді. Әли ибн Әбу Тәліп үнемі мұқтаждардың қажеттілігін қанағаттандыратын. Олардың намысы мен абыройына нұқсан келтірмей, бәрін де асқан жұмсақтықпен, даналықпен атқаратын.

Әли (оған Алла разы болсын) үйіне келген қонақты қуанышпен қарсы алатын, діндес бауырларына үлкен құрмет көрсететін. Қажеттілігін өтеп, көмектесуге тырысатын. Бір сөзінде ол: «Маған қонақ келмегелі жетінші күн болды... Алла осылайша мені қор етіп қойды ма деп уайымдаймын», – деген екен. Тағы бірде: «Діндес бауырыма беретін жиырма дирһам кедейге садақа ретінде беретін жүз дирһамнан артық» – деп, жомарттықты алдымен кімге жасау керектігін де үлгі етіп көрсетті. 

Мұсылмандардың әміршісі Әли (Алла оған разы болсын) өз атынан уақып ретінде (яғни қайырымдылық мақсатында мүлікті мұраға қалдыру) көптеген жер қалдырды. Мұсылмандарға берілген жерден түскен қаражаттың барлығын да садақаға жұмсайтын. Бұл туралы: «Аштықтан қарныма тас байлап жүрген кезеңдер де болған. Ал қазір менің садақам төрт мың динарға жетті», – деген. Әли (оған Алла разы болсын) өзіне мүлік жинамады және артынан ештеңе қалдырмады. Мұны өзінің ұлы Хасанның мына бір сөзі айғақтайды: «Сіздердің араларыңыздан артынан алтын да, күміс те қалдырмаған адам кетті», – деген.


Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе облысының бас имамы

«Иман» журналы, №7, 2024 жыл