Имам Бұхари – хадис майталманы 224

Имам Бұхари – хадис майталманы

14 қазан 2020 357 Оқу 1 минут

Бұл әлемде осы уақытқа дейін Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисі секілді егжей-тегжейлі терең зерттелген ғылым болмаған. Алдағы уақытта да болмайды-ау, сірә?! Бұл ғылымға өмірін арнаған ғалымдарды санасақ шетін шығара алмаймыз. Кітабы таза сенімді сахих хадистерден тұратын сондай ғалымдардың бірі ретінде көрнекі ұлы ғалым Имам Бұхариді айтсақ болады.

Имам Бұхари һижри жыл санағы бойынша 194 жылы Өзбекстандағы Бұхара қаласында дүниеге келіп, 256 жылы сенбі күні, ораза айты мерекесі қарсаңында кешке құптан намазының уақыты кіргеннен кейін дүниеден озған. 10 жасында хадистерді үйрене бастаған ол мыңнан астам ғалымдардан хадистер тыңдайды. Жастайынан зеректігімен, алғырлығымен, есте сақтау қабылетімен ерекше көзге түскен. Сол уақытта Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан жеткен ең анық сенімді сахих хадистерді жинақтауды мақсат етеді.

Ғалымдар «сенімді алты сахих кітап» (әл-кутуб әс-ситтә) деп аталып кеткен хадис жинақтарының қатарына кіретін бұл ғалымның 7400 хадисті қамтыған «Жамиу әс-сахих» атты хадис жинағын сенімділік жағынан Құран Кәрімнен кейін екінші орынға қояды. Өйткені ғалым өзінің бұл туындысына тек сахих хадистерді жинақтап, әрбір хадисті дәрет алып жазған. Хадисті жазғандағы кіршіксіз ниеті мен шынайы ықыласына бола Алла Тағала Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін жинақтаған осы бір еңбегін әлемге танымал қылып кейінге мұсылман ұрпаққа мұра ғып жеткізді. Көзі тірісінде аталмыш кітаптан 90 мың кісі сабақ алған деседі. Имамның «Жамиу әс-сахих» атты кітабынан бөлек мынадай еңбектері бар:

«Тарих әл-кәбир», «Тарих әл-әусат», «Тарих әс-сағир», «Китаб әд-дуафа әс-сағир», «Әл-әдәб әл-муфрад», «Бирр әл-уәлидәйн», «Тәфсир әл-кәбир», «Китаб әл-һиба», «Китаб әл-мәбсут», «Китаб әл-фауаид», «Әсмау әс-сахаба» т.б.

Ал хадисті іріктеген кезде Пайғамбардан (с.ғ.с.) бері қарай хадисті жеткізушілерге қойған талаптарын айтатын болсақ ол бөлек әңгіме.

Әлемнің түкпірін аралаған Имам Бұхари бір күні Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан хадисін бір ғалым кісінің өз аузынан естімекші болып Йемен мемлекетіне жолға шығады. Йеменге жетіп әлгі ғалымның ауласының алдына келіп есігін қақса ешкім ашпайды. Есіктің саңылауларынан сырттағы шаң жел арқылы үйдің ішіне кіріп жатқанын байқайды. Ұйықтап жатқан болар деген оймен ғалымға құрмет ретінде "бұл кісі маған ұстаздық қылар, үстіне шаң тимесін" деп үстіндегі киімімен саңылауларды бекітеді. Кейін ол оянғанға дейін сол жерде отырып күтеді.

Біраз уақыт өткен соң іштегі кісі оянып атына су бергелі жүр екен. Қашып жүрген атын шақыру үшін қолына бос дорбаны ұстап алып атты шақырады. Атты қолына түсірген соң ұстап тұрған бос дорбасын лақтырып жібереді. Осы көріністі есіктің саңылауынан байқаған Имам Бұхари кері бұрылып кетіп қалады. Ойлап қараңызшы! Қаншама жол жүріп келді, қаншама елді артқа тастады?! Алайда өзінің сөзінде тұрмай атты алдаған адам мені неге алдамасқа, неге Пайғамбардың (с.ғ.с.) атынан жалған сөйлеп қоймасқа деп теріс бұрылып кетіп қалды. Былай қарасақ біреулер оны жануар ғой дер...

Біз бұл оқиғадан сөздің растығына көз жеткізіп барып оны айтудың маңыздылығын ұғамыз. Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей оны айта беру кісінің білімсіздігін көрсетеді. Және де басқалардың адасуына жол ашады. Ал мұнда кісінің сөзін тыңдау былай тұрсын, тіпті ол кісінің іс-әрекеті мен мінез-құлқына баға беріп одан хадис тыңдамай кетіп қалған Имам Бұхаридың жағдайы адам таңғаларлық. Бұл жерде Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисі туралы әңгіме болып жатқан соң «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өз орнын тозақтан дайындай берсін» деген хадисін айтпай кетсек болмайды. Алла елшісінің атынан жалған сөйлеу – Алланың, діннің атынан жалған сөйлеу болып саналады.

Міне, құрметті ағайын, Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисіне шаң жолатпай, мін таққызбай мына кейінгі ұрпақ бізге жанашырлығымен аманат етіп жеткізген Имам Бұхари секілді ғалымдарды біліп жүрейік.



Нұрбол Смағұлов

«Нұр Ғасыр» облыстық

орталық мешітінің наиб имамы