ПӘТУА БЕРУ ПӘРМЕНІ 258

ПӘТУА БЕРУ ПӘРМЕНІ

28 қазан 2020 342 Оқу 1 минут

Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында әрбір сұрақтың жауабын, барлық мәселенің шешімін өзі беретін. Десе де, кейбір сахабаларға пәтуа беруге рұқсат еткен. Мәселен, Мұғаз бин Жабалді (р.а.) Йемен еліне аттандырған кезде мәселе туындаса жауабын қайдан іздейсің?, - деп сұрайды пайғамбарымыз. Мұғаз: Құранмен төрелік етемін, - дейді. Құраннан таппасаң не істейсің?, - дегенде: Алла елшісінің сүннетінен іздеймін, - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Іздеген жауабыңды сүннеттен де, Алла кітабынан да таппасаң ше?», - дейді. Мұғаз (р.а.): «Ой илегіме саламын әрі бар білімімді жұмсаймын», - деген мағынада жауап береді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабасының кеудесіне қолын қойып тұрып: «Алланың елшісінің жіберіп отырған елшісін Алла елшісі құп көрген жолға салған Аллаға мың да бір шүкір[1]», - дейді. Бұл хадис пәтуа мәселесінде кең танымал. Әрі осы хадисте сатылай түрде пәтуа берудің жүйесі көрсетілген.

Бұхари мен Муслим кітаптарында: Қази ижтиһад етіп үкім шығарса, шешімі дұрыс болса екі сауап, ал ижтиһадында қателессе бір сауап деген риуаят бар. Міне, екі риуаятта да «ой илегіне салу, ижтиһад ету» сөзіне назар аудару қажет. Бұл шешуші фактор. Ижтихад біліммен және тәжірибе арқылы ғұламалар бойынан табылатын қабілет.

Сахаба Ибн Масғұд (р.а.): «Бір мәселе төңірегінде сұрақ қойып жатса, Алланың кітабына қараңдар. Егер жауабын Алла кітабынан таба алмасаңыздар Алла елшісі (с.ғ.с.) сүннетінің ішінде басым мұсылмандар бірауыздан құптаған хадиске зер салыңыздар. Ал, егер мұсылмандар бірауыздан келіскені болмаса, өз ой илегіңмен ижтиһад ет[2]», - деп нұсқаулық берген. Ұлық ғұлама сахаба Ибн Масғұдтың бұл сөзінде хадиске арнайы талап қойып тұр. Мұсылмандардың бірауыздан құптағаны дегені жай қарапайым мұсылмандар емес, бұл жерде ғұламалар меңзелуде. Демек, туындаған мәселе төңірегінде бірнеше хадистің болуы заңдылық. Мәселен, намазда қол байлау үлгісіне қатысты. Кіндік деңгейінде ұстау, кеудеге қою, жүрек тұсына ұстау жайлы риуаяттар бар. Міне, осындай жағдайда хадистер мен риуаяттарды талдауда хадиске қатысты қағидаларды жетік білетін ғалымдардың бағыт-бағдарына мұқтаждық бар.

Тарихта пәтуаға қатысты жүз отыздан астам сахабаның есімі аталады. Оларды шартты түрде үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші топ ең көп пәтуа айтқан сахабалар. Олар: Омар бин Хаттаб, Әли бин Әбу Талиб, Абдулла бин Масғұд, мұсылмандар анасы Айша, Зайд бин Сабит, Абдулла бин Аббас, Абдулла бин Омар. Бұл сахабалардың әр қайсысының пәтуасы көлемді кітап болатын дәрежеде еді.

Екінші топ, көп пәтуа бермеген сахабалар. Олар Әбу Бәкір, Үмму Сәләмә, Әнас бин Малик, Әбу Сағид Худри, Әбу Һурайра, Осман бин Аффан, Абдулла бин Амр, Абдулла бин Зубайр, Әбу Мұса Ашғари, Сағд бин Әбу Уаққас, Салман Фариси, Жабир бин Абдулла, Мұғаз бин Жабал, Талха, Зубайр, Абдрахман бин Ауф, Имран бин Хасин, Әбу Бәкра, Убада бин Сомит, Мұғауия бин Әбу Суфиян.

Үшінші топ сахабалар өте аз пәтуа берген. Тарихта бұл топтағы сахабалардан бір-екі пәтуа ғана риуаят етілгені айтылады.Әрине, бұл сахабалар кезеңіндегі дерек. Ал, табиғиндер заманында бұрын-соңды болмаған мәселелер туындады. Бұл табиғи құбылыс. Құран мен хадисті және сахабалар пәтуасын тағы тереңірек зерттеуге итермеледі. Табиғин ғалымдары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұрасы, білімді алатын қайнар көз. Сонымен қатар, ғұламалардың бір тобы үзілді-кесілді пәтуа беруден бастартты. Оған бірқатар себептер түрткі болды. Оның ішінде ең бастысы пәтуа берудің жауапкершілігін сезіну және хадис ілімін зерттеуге өмірін арнау болып табылады. Табиғиндер дәуірінде Мадина қаласында жеті фақиһ ғалым деген атпен танымал ғұламалар тобы бар еді. Олар: Ибн Мусайаб, Абдурахман бин Ауфтың ұлы Әбу Сәләмә, Зұбайрұлы Ұруа, Убайдулла, Қасым бин Мұхаммед, Сүлейман бин ясар, Харижабин Зайд. Сонымен қатар, Нафиғ, Зухри, Яхия бин Сағид, Османның ұлы Әбан, Омардың немересі Салим бин Абдулла, Әлидің немересі Хусейнұлы Зайнулабидин және т.б. Бұлар Мадина қаласының ғұламалары еді. Ал, Меккеде Ато бин Әбу Рабах, Әли бин Әбу Талха, Мұжахид бин Жабр, Амр бин Динар және т.б. табиғиндер пәтуа беретін. Сонымен бірге, Куфа мен Басра қаласының табиғин ғалымдарының да өзіндік орны бар. Өйткені, бұл қос шаһарға көшіп барған ғалым сахабалардан тәлім алған табиғиндер өмір сүрді. Олар да өзіндік мектеп қалыптастырып кетті. Куфада Ибраһим Нахағи бастаған Шағби, Алқама, Асуад, Мурра Һамадани, Сағид биг Жубайр, Масруқ бин Аждағ, Убайда бин Омар, Шурайх қази тұрды. Басрада Хасан Басри, Ибн Сирин, Әбу Алия Рабахи, Зайд бин Сабиттің қызметшісі Ясар, Жабир бин Зайд, Қатада және т.б.

Фиқһ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәуірінде арнайы жазылған ілім емес. Мәселен, дәрет алуды алайық. Басым көпшілік сахабалар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәрет алу үлгісін өз көздерімен көріп, ол амалдың қайсысы әдеп немесе қайсысы міндетті амал екенін нақтылап сұрастырмай үйренді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пәтуа бергенде, қазилық еткенде немесе бір істі құптап немесе тыйым салған істерін сахабалар өз ақыл таразысымен өлшейтін. Соның негізгі кейін туындаған мәселе мен пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан пәтуаның ортақ себебін басшылыққа ала отырып, үкім шығару қалыптасты. Нәтижеде сахабалар өздері қоныстанған қалаларда шәкірт тәрбиелей бастады. Әрі халыққа пәтуа айтуда да өздерінің білімі мен ақылын басшылыққа алды. Осылайша, әр қалада өзіндік мектептер қалыптаса бастады. Әрине, табиғиндер өз ұстаздарының көзқарасын басымдылыққа ие деп білді. Әрі сол бағытты ары қарай дамыта түсті. Алайда ең бастысы, басқа көзқарастарды жоққа шығармады. Әр мектеп өкілі жетекші сахабаның пәтуасын өз мазхабының негізі етті. Мазхаб ұғымы сол шақтан қалыптасты. Мекке мен Мадина табиғин ғалымдары мазхаптарының іргетасын Ибн Омар, Ибн Аббас, Айша анамыз пәтуаларына негіздеді. Ал, куфалық табиғиндер Ибн Масғұд және оның серіктерін фиқһ мәселесінде терең білімді деп солардың пәтуасына сүйеніп шариғат мектебін қалыптастырды. Осылайша фиқһ мектептері уақыт талабына сай табиғи жолмен пайда бола бастады. Бастапқыда хадис пен фиқһ бір бүтін еді. Фиқһ жеке дара еңбек ретінде жазылмады. Хадистің құрамдас бөлшегі еді. Хадисші ғалымдар өз еңбектерінде әр хадистен туындайтын фиқһ мәселесін қоса жазатын. Алайда, ислам шекарасы кеңей түскен сайын фиқһ мәселелерін арнайы бөлек сала ету өзекті бола түсті. Сондықтан кейбі табиғиндер фиқһ мәселелерін тарауға бөліп еңбек жаза бастады. Ең алғашқы фиқһ еңбектері Шағбидің және Макхулдің сунән кітабын айтуға болады. Басрада Рабиғ бин Сабих және Сағид бин Әбу Урубә, Йеменде Мұғаммар бин Рашид, Меккеде Ибн Жариж осы тақырып бойынша кітап жазды. Соңыра, Әбу Ханифа «Әсар» кітабын, Малик «Муатта» кітабын жазды. Мұнан кейін Саури, Ибн Уйайна, Абдураззақ және басқа да табиғин ғалымдар фиқһ ілімін зерттеуге және еңбек жазумен айналысты. Уақыт өте келе әр қаладағы жекелеген мектептер үлкен екі басты мектепке айналды. Бұл хадис мектебі мен рай (ақыл) мектебі. Хадис мектебі риуаятқа сүйенді. Ал, рай мектебі хадисті талдауға, себеп-салдарын зерттеуде ақылды басшылыққа алды. Мәселен, намаз уақытына қатысты. Шафиғи мазхабы бойынша жолаушы бесін мен екінті және ақшам мен құптанды қосып оқуға болады. Оған негіз ретінде хадисте қажылық кезінде арафатта осы тәртіппен оқылатыны айтылады. Ал, ханафи мазхабы бойынша кез келген жағдайда оның ішінде сапарда әр намаз өз уақытында оқылуы парыз. Бұлай айтумен шафиғи мазхабы сүйенген хадисті жоққа шығаруда емес. Керісінше, ол хадисті жан-жақты зерттеу нәтижесінде шығарылған тұжырым. Өйткені, намазды өз уақытында оқу Құранда тікелей айтылған парыз. Ал, Құранда айтылған үкімге қосымша үкім ену үшін басқа аят немесе мутауатир деңгейіне жеткен хадис қажет. Басқа сөзбен айтқанда, қажылықтан басқа уақытта жолаушы намазын қосып оқығаны жайлы көптеген сахабадан жеткен риуаяттар болуы шарт. Табылмаған жайдайда, хадисте айтылғандай тек қажылықтың белгілі орындарында ғана намазды қосып оқуға рұқсат. Қалған жағдайда әр намаз өз уақытында оқу парыз. Айтылып жатқан мәселенің барлығы да қатардағы мұсылман ретінде біздің шешетін мәселеміз емес. Бұл айтылған жайттар тікелей ғалымдарға тиесілі. Ал, қатардағы мұсылман ретінде біз ғалымдардың шығарған пәтуасына сүйенеміз. Осы орайда пәтуа беру әрбір адамға рұқсат етілмегенін білуіміз қажет. Бірнеше жыл намаз оқып жүрмін, біршама арабша түсініп қалдым деп ақылға сүйеніп пәтуа беруге қатаң тиым салынады. Жоғарыда айтқанымыздай, сахабалардың өздері де пәтуа айтуға асқан жауапкершілікпен қараған. Құран Кәрімде: «...Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар[3]»,-деген аят бар. Бұл аяттағы «кітап иелері» деген сөз бір қатар мағынаны қамтиды. Соның ішінде, сахабалар «Зікір» Құранның бір атауы, сондықтан Құранды толық меңгерген ғалымнан ғана сұраңдар дегенге саяды деген. Сахаба Ибн Масғұд (р.а.):«Адамдардың қойған барлық сауалдарына жауап беретін ғалым – мәжнүн, есін жоғалтқан жан. Ғалымның қалқаны «білмеймін» деген сөз. Ол бұл сөзді қолданса қателессе де, сөзі дөп тиген болмақ»,-деген. Табиғин ғалым Шағби (р.а.):«Білмеймін деген сөз білімнің тең жартысы»,-деген. Ибн Масғұд пен Шағбидің айтып тұрғаны ғалымдарға қатысты ескерту. Ал, қарапайым мұсылман ретінде пәтуаға араласу дінге деген ауыр қиянат. Хазреті Омардың ұлы Абдулла үлкен ғұлама. Жас болса да, пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көрген, тәлім алған сахаба. Үлкен білім иесі бола тұра, оңды-солды жауап беру оның әдетінде болмаған. Жалпы, ғалымдардың ұстанған салты пәтуаға сақтық жасау. Дерек бойынша, бір күні Омарұлы Абдулла қойылған он сұрақтың тек біреуіне ғана жауап беріп, қалғанына үндемеген екен.

Жүз жиырма ансар сахабадан тәлім алған табиғин Әбу Ләйлә: «Олардың барлығы да сұрақ қойылғанда басқа сахабадан сұраңдар деп жауап беруден қашатын»,-дейді. Ислам ілімін терең зерттеген, өмірін ілімге арнаған адамдар пәтуаға асқан жауапкершілікпен қараған. Әдетте, шариғат жайлы қорықпай сөйлеу шала сауатты және тақуалығы жоқ адамға тән. Құран мен хадиске деген жауапкершілігі өте төмен болғандықтан ешбір қорықпай жауап беруден тартынбайды. Тіпті, кейбір жағдайда ұстаз бен имамдарды сынаудан да ұялмайды. Әрине, бұл білімсіздіктің басты белгісі. Ал, мәселені жан-жақты білмесе де «мен білемінге» салып жауап беру салдары аса қауіпті. Әбу Дауд кітабында Жабир (р.а.) риуаят еткен мынадай оқиға бар. Сахаба әңгімелейді: «Сапарға шыққан болатынбыз. Арамыздағы бір кісінің басына тас тиіп, жарылды. Сол түні ол жүніп болып қалған еді. Жолдастарынан: Мен таяммум алсам, рұқсат бар деп ойлайсыңдар ма?,-деп жөн сұрады. Жолдастары: Су болғандықтан саған ешбір рұқсат көріп тұрғанымыз жоқ»,-десті. Амалсыз кісі ғұсыл құйынып, салдарынан қайтыс болды. Сапардан оралған соң болған жайтты Алла елшісіне (с.ғ.с.) айтқанда ол кісі: Оны өлтіріпсіңдер. Білмесеңдер, сұрамайсыңдар ма? Білместіктің дауасы – сұрау. Ол таяммум алып, жарақатын сүртсе, тек қалған жерін жуса жеткілікті еді[4]»,-деген екен.

Табиғин Ато бин Әбу Рабах Мекке ғалымы. Ол ұзақ жыл Абдулла бин Аббас және басқа да Меккедегі сахабалардан білім алады. Құран Кәрімнің әрбір аятының тәпсірін жан-жақты Ибн Аббастан үйренеді. Жылдар өтіп, Меккенің ақсақал ғұламасына айналды. Қасиетті қаладан одан басқа көптеген ғұламалар болса да, халыққа пәтуаны Ато бин Әбу Рабахтан сұрау жайлы халифа жарлық шығарған еді. Әсіресе, қажылық маусымында Мекке көшелерінде пәтуаны тек Ато бин Әбу Рабахтан сұраңыздар деп жарияланып тұратын. Оның бірден-бір себебі қажылыққа шартараптан жиналатын мұсылман халқы өз еліндегі ғұламаның пәтуасымен мұсылманшылық ұстанады. Ал, Меккеде алауыздық туындамау үшін бір ғалымның басшылығына бағыну қажет. Міне, бұл сахабалар жоқ болса да, табиғин ғалымдар көп болған замандағы жағдай.

Түйіндей келе, бүгінгі таңда мұсылман қауымы осы мәселені жіті түсінуі қажет екенін айтқым келеді. Әлеуметтік желіде және басқа да ақпараттық құралдарда емін-еркін ешбір жауапкершілік сезбей діни мәселелер төңірегінде шорт кесіп сөйлейтіндер бар. Бүгінгі таңда, сахих хадис бар ма? -Суннада айтылған ба? деген сияқты дерт бар. Аллаға шүкір 7-10 жыл алдынғы жағдайдан қарағанда бұл мәселе біршама оңалып келеді. Десе де, дәрет, намаз сияқты күнделікті сауал туындайтын тақырыптың өзінде жай ғана естіген сөзді пәтуа етіп, жамағат арасында дау тудыру мұсылманға жараспайды. Иман мен мұсылмандық ұғымын қасиетті деп білетін әрбір мұсылманды бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Дінде ұсақ-түйек жоқ. Дәрет мәселесіне қатысты ұсақ деп санаған мәселенің өзі адам өмірін қиғаны жайлы жоғарда риуаят айттық. Сондықтан, кез келген сұрақтың жауабын мешіт имамдары мен ұстаздарынан сұраңыз.

Арнайы «Нұр Ғасыр» сайты үшін

Руслан Қамбаров


[1] Әбу Дауд

[2]Дарами

[3] Нахыл сүресі, 43-аят

[4] Әбу Дауд