Мәртөк: “Әкелер күніне” орай отбасылық серуен ұйымдастырды
Мәртөк аудандық мешітінің бас имамы Марал Иманғали отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты нығайту мақсатында “Әкелер күніне” орай игі іс-шара ұйымдастырды. Бұл шараға бірнеше жанұя қатысып, табиғат аясында бір күндік отбасылық демалыс өткізді.
Шара барысында әкелер мен балалар арасында түрлі спорттық жарыстар өтті. Балалар үшін арнайы көңіл көтеру бағдарламасы әзірленіп, олар шат-шадыман күйде серуеннен үлкен әсер алды. Отбасылар табиғат аясында бір-бірімен етене араласып, ынтымақ пен мейірімге толы орта қалыптасты.
Ауданның бас имамы бұл іс-шараның мақсаты – қоғамдағы отбасының, әсіресе әке рөлінің маңыздылығын арттыру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі орнына назар аударту екенін атап өтті.
“Берекелі отбасы – берекелі қоғамның негізі. Әке – отбасының тірегі, үлгі-өнеге көзі. Осындай іс-шаралар арқылы біз ұрпақ тәрбиесінде әкенің жауапкершілігін арттырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеміз”, – деді бас имам.
Серуен соңында қатысушылар мешіт ұжымына алғыс білдіріп, мұндай рухани әрі тәрбиелік маңызы зор шаралардың алдағы уақытта да жалғасуына тілектестік білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВнокласснРСвЂВРєРСвЂВ
- Telegram





































