#Рамазан2026: Ақтөбеде 23500 адам айт намазын оқып, Ораза айт мерекесі басталды
Бүгін исі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы аяқталып, Ораза айт мерекесі басталды. Осыған орай, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты барлық мешітте айт намазын оқу үшін жергілікті жамағат жиналды. Облыстың Бас имамы Амантай Садиев Алла үйіне жиналған қауымға уағыз айтып, жамағатты айтулы күнмен құттықтады.
Одан кейін айт намазының оқылу тәртібі түсіндірілді.
Облыстың Бас имамы Алладан бір ай бойы ұстаған Рамазан оразасын қабыл етуін тілеп, жамағатпен алақан жайып ел тыныштығын сұрады. Өз кезегінде бір ай бойы ауыз бекітіп, ниет еткен жандар бұл күнге дін аман жеткеніне қуанып, келер жылы да есендікпен қауышуды тілесіп, бірін-бірі құттықтап жатты.
Айт намазынан кейін ұлттық спорт түрлерінен жарыс басталды. Тұрғындарға дастрқан жайылып, балаларға айттық таратылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі























































































































