МЕКТЕПТЕГІ КИІМ ҮЛГІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ 2946

МЕКТЕПТЕГІ КИІМ ҮЛГІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

11 қыркүйек 2023 196 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялайды.

Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.

Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек. 

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. Бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайды. ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз.          

Алла Тағала елімізді түрлі бүліктен сақтап, халқымызға ынтымақ-береке нәсіп еткей!