Рамазан — Құран айы 6000

Рамазан — Құран айы

28 ақпан 2026 23 Оқу 1 минут

Рамазан — барша мүмін баласы үшін айрықша мәнге ие қасиетті сәт. Рухани тазару, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелену, Аллаға жақындау —  осының барлығы өзге айларда сезіле бермейтін тек қана Рамазан берілген ұлы нығмет.

Рамазанның басқа айлардан ерекшелігі — дәл осы айда адамзатқа тура жолды нұсқаушы, ақиқат пен жалғанды айқындаушы қасиетті Құран Кәрімнің түсуі. Сондықтан да Рамазан мұсылман өркениетінде «Құран айы» деп аталады. Ол жайында қасиетті Құран Кәрімде: «Рамазан айы адамдарға тура жол көрсетуші, ақиқат пен жалғанды айыратын дәлелдер ретінде Құран түсірілген ай»-
(«Бақара» сүресі, 185-аят) деп баяндалады.

Адамзатты тура жолға бастаушы Құран қай жерде көрініс тапса, сол дүние өзінің мәртебесін көтереді. Мысалы, Құран ең алғаш рет айлардың ішінде Рамазанда түсіп, осы айдың шоқтығын биік етті. Ал түндердің ішінде Қадір түнінде түсіп, оның мерейін үстем қылды. Ендеше, кез келген ақыл иесі Алланың кәләмін неғұрлым көп оқып, амал еткен сайын Жаратушы алдындағы дәрежесін де жоғарылайды.

Сонымен қатар, Рамазан Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсынҚұранға ерекше мән беріп, адамзаттың бақыты үшін оны сақтап қалуға ерекше ыждағат танытқан айы. Жыл сайын бұл ай кіргенде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл періштемен бірге сол кезге дейін түскен аяттарды қайталап, пысықтап отыратын. Бұл туралы Ибн Аббас (Алла разы болсын):

«Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (Алланың сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі Жәбірейіл періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді»,– деген (Бұхари, саум 7; Мүслим, фадайл 48).

Міне, сол кезден бастап мұсылмандар арасында «мұқабала» дәстүрі қалыптасты. Ардақты пайғамбарымыздан тәлім алған сахабалар да, олардың соңынан ерген ғалым-ғұламалар да осы айда Құранға ерекше мән беретін. Мәселен, Айша анамыз (Алла разы болсын) рамазан айында күн ұзаққа дейін Құран оқумен айналысатын, атақты фақиғ, ғұлама Имам Мәлік те барлық жұмыстарын, сабақтарын ысырып қойып, Құран оқумен айналысатын. Имам Қатада Рамазан айының соңғы он күнінде бір күнде Құранды бір рет бастан-аяқ оқып хатым жасайтын.

Одан бөлек Имам Шафиғи (Алла рахымына бөлесін) Рамазан айынан тыс уақытта Құранды күніне бір рет хатым етсе, Рамазан уақытында күніне Құранды екі рет хатым ететін.

Рамазаннан тыс уақытта да Құранды күніне екі-үш рет хатым ететіндер де баршылық болатын еді. Омардың (Алла одан разы болсын) халифалық дәуірінде Мысырды иелену жорығына қатысқан әрі Муғауияның халифалық дәуірінде қассастың әмірі етіп тағайындалған атақты табиғиндердің бірі Суләйм ибн Ъатр (Алла рахымына бөлесін) Құранды күніне үш мәрте хатым етуді әдетке айналдырған.

Имам Науауидің (Алла рахымына бөлесін) «Китәбүл-Әзкәр» атты еңбегінде «Құранды хатым ету» бабында тәулігіне Құранды ең көп хатым еткен Ибн Әл-Кәтиб (Алла рахымына бөлесін) жайында жазылған. Оның күніне Құранды сегіз рет хатым ететін әдеті болатын.

Имам Ахмад: «Құран хатым ету санының шектеуі жоқ. Барлығы Құранды оқитын адамның әрекетіне байланысты»,-десе, тарихшылар: «Имам Ағзам (Алла рахымына бөлесін) Рамазан айында Құранды алпыс бір мәрте хатым ететін. Бір мәрте күндіз, бір мәрте түнде және бір мәрте Рамазан бойы оқылатын тарауих намазында»,-деген деректерді жеткізген.

Демек, мейлінше оразаның отыз күнін Құрансыз өткізбегеніміз абзал. Яғни, Мәшһүр Жүсіп атамыз :

Құран -шам, ақыл-басшы, ғылым-құрал,

Құралсыз шекпе сапар жолың болмас.

Айырылма жатсаң-тұрсаң Құранды ұста,

Жол бастар қараңғыда о бір компас – дегеніндей Құран тек Рамазанда ғана емес әр уақытта бағыт етіп ұстайтын жолбасшымыз болуы керек. Осы тұста Құран оқу білмейтін жандарға барынша Рамазанда бір әріп болсын үйреніп, ниет қойып, бар күш-жігерді сарпығаныңыз дұрыс деп айқтанымыз жөн деп санаймын.

Рамазан айы — тек аштық пен шөлге сабыр ету емес, ол —мінез-құлықты тәрбиелеу айы. Ал бұл тәрбиенің негізі Құранда жатыр. Құран адамды сабырлыққа, кешірімге, әділдікке, мейірімділікке шақырады. Осы айда аталған қасиеттерді іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Ораза адам ға өзін бақылауды үйретсе, Құран оқу арқылы ол өз өмірін иләһи өлшемдермен салыстырады. Нәтижесінде мұсылман өз кемшіліктерін түсініп, рухани кемелденуге қадам басады. Себебі, Имам Ғазали :«Құран – нұр. Қателесуден құтылудың жолы тек Құранда. Жүректерді қарайтқан аурулардан арылтып, шипа беретін тек Құран ғана», - деген екен.

 Қортындылай келе айтарымыз, Рамазан айы — Құранмен байланысты күшейтетін уақыт. Бұл айда Құран түсті, осы айда Құран оқуға, түсінуге және амал етуге ерекше мүмкіндік беріледі.

Құран мен Рамазанның байланысын терең түсінген мұсылман үшін бұл ай жай ғана уақытша құлшылық емес, бүкіл өміріне әсер ететін рухани серпіліс жасап, оны өмірлік бағдарға айналдыру әрбір мұсылманның басты мақсаты болуы тиіс.