ОТАҒАСЫ 387

ОТАҒАСЫ

04 желтоқсан 2020 219 Оқу 1 минут

Кешке шаңырақтың босағасын аттаған кезде үй ішінде бала-шаға отағасының қас-қабағы қандай болады екен деп күтіп отырады. Әкенің сол әрекетіне үй ішінің кейінгі көңіл-күйі байланысты. Қолы бос боп кірсе де, жүрегі мен жүзінен мейірім төгіліп тұрса, балаға одан басқаның керегі жоқ. Сол мейірімді жүрек шаңырақ ішіндегі берекетке себеп болмақ.

Сахаба Жабир бин Абдулла (р.а.): «Кісі үйіне кіргенде және дастарқанға отырғанда (бисмилла деп) Алланы тілге алатын болса, шайтан: «Бұл жерде түнеуге де, ас жеуге де мүмкіндік жоқ», - дейді. Ал егер кісі үйіне кіргенде Алланы тілге алмайтын болса, шайтан: «Түнейтін жер таптық», - дейді. Ал егер дастарқанға отырғанда Алланы еске алмаса, шайтан: «Түнеп шығатын жерді де, ішерге асты да таптық», - дейді екен[1]», - деген риуаят естігенін айтады.

Үйге кіргенде күлімсіреп, сәлем біріп кіру – мұстахаб амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қош көрген іс. Құран Кәрімде: «...үйлердің табалдырығынан аттағанда, Алланың атынан һәм Оның бұйырғанындай құт-береке мен игілік сәлемін беріңдер...[2]», - дегендей, сәлем беріп енген кісімен бірге шаңыраққа берекет ілесіп кіреді. Ал енді, бала-шағасы күтіп отырған кезде үйге кіре сала түнеріп, сіркесі су көтермейтін күйде кіру азаматқа жараспайды. Әйтпесе, ашуын кімнен аларын білмей тұрған біреу сияқты әкелік мейірімді күтіп отырған бала-шағаға тәрбие берудің орнына бала-шағасының зәресін алып, үйдің құтын қашыру ер емес ез адамның тірлігі.  

Жұмыс күні қаншалықты ауыр өткен болса да, шаңыраққа күліп кіру қажет. Өйткені, ер азамат бала-шағасына барлық жағынан үлгі болуы міндеті. Әкенің көзіндегі әрі өткір, әрі мейірімді жанарын көріп өскен бала ертең ел кәдесіне жарайтын азамат боп ер жетеді. Ал, бала күнінде немқұрайлы және жауапсыз әкенің езгісін көріп өскен бала мінезсіз және жігерсіз боп жетіледі.

Ибраһим МҰСТАФА,

арнайы nurgasyr.kz үшін

 

[1]Муслим

[2]Нұр сүресі, 61-аят