ИМАНИ ГҮЛ 2875

ИМАНИ ГҮЛ

11 тамыз 2023 75 Оқу 1 минут

(Абайдың Алланы, адамзатты,

әділетті сүю турасында айтқан өсиеті)

 

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дініміз Ислам адамдарға Жаратушысын танып, Оған құлшылық етуді бұйырып әрі адамдармен қарым-қатынаста өзара сүйіспеншілікте болуға, әркез әділдік жолын ұстануды үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 90-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُون

«Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – деп айтқан.

Ислам діні – халқымыз­дың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың қас­тер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман ата-бабаларымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ұрпағын имандылық жолымен тәрбиелеуге тырысқан. Асыл бабаларымыздан қалған шешендік сөздер, дастандар, мақал-мәтелдер, ақын-жыраулар мұрасының мазмұнына көз жүгіртсек, дініміз Исламдағы асыл құндылықтардың насихатталғанын байқауымызға болады. «Әуелі аят-хадис сөздің басы деп» Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін жұмыр да жұмсақ етіп, өлең жолдары және қара сөздері арқылы жеткізіп кеткен ұлы тұлғаларымыздың бірі – қазақтың бас ақыны Абай.

Абай хәкім шығармаларында  қозғалған толық адам мәселесі, бес асыл іс, бес дұшпан сияқты  тақырыптар өте көп. Ойшыл айтқан осындай мәнді де мағыналы, тереңде ғибратты тақырыптардың бірі – Имани гүл ұғымы. Хәкім ол турасында:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына малың түгіл, – деп жазған.

Адам баласы Алланың бірлігін мойындап, ардақты Пайғамбарымыздың хақтығын қабылдаумен бірге, жүрегін Жаратушыға, Оның Елшісіне деген махаббатпен толтырып, бүкіл адамзатқа өзінің жүрек жылуын сыйлап, әділетті жақтай білгенде оның көкірегінен иман гүлі бүршік жарып, жұпар исі шартарапқа тарала бастайды. Гүлді алқаптан адам жанын сергітер хош иіс шығатыны сияқты, иманын осы үш сүюмен безендірген адам өзіне және қоғамға пайдалы болмақ. Бүгінгі уағызымызда хәкім Абай айтқан осы үш сүю мәселесіне кеңінен тоқталамыз:

 Бірінші: Алланы сүю

Имани гүлдің әуелгісі – Алла Тағаланы сүю. Абай атамыз Алла Тағаланың адамзатты махаббатпен жаратқандығын, сол себепті де адамзатты Жаратушысын танып, Оған жүрегіндегі бар махаббатын арнауы керектігін айтады. Қара сөзінде бұны: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» – деп түсіндіреді. Хәкім бұл сөзді өз ойынан алып тұрған жоқ. Асыл дініміз Исламда махаббатының ең шыңы – өзін Жаратқан, жоқтан бар еткен, бүкіл нығметтерді беруші – Алла Тағалаға болу керектігі айтылады. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 165-аятында:

          وَمِنَ ٱلنَّاسِ مَن يَتَّخِذُ مِن دُونِ ٱللَّهِ أَندَادٗا يُحِبُّونَهُمۡ كَحُبِّ ٱللَّهِۖ وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ أَشَدُّ حُبّٗا لِّلَّهِۗ

«Адамдардан кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды  Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер Алланы тағы артық сүйеді», – деп айтқан.

Аллаға деген махаббат – пендені Жаратушысына жақындататын, ғибадатына ләззат сыйлайтын рухани сезім. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

         ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وجَدَ حَلاَوَةَ الإِيمانِ : أنْ يَكُونَ اللهُ وَ رَسُولُهُ أَحَبُّ إِليهِ مِمَّا سِوَاهُمَا ، وَ أَنْ يُحِبَّ المَرْءَ

لاَ يُحبُّهُ إِلَّاَ لِلَّهِ ، وَ أَنْ يَكْرَهَ أنْ يَعُودَ فِي الْكُفْرِ بَعْدَ إذْ أَنْقَذَهُ اللهُ مِنْهُ ؛ كَمَا يَكرَهُ أنْ يُلْقَى فِي النَّارِ

«Кімде-кімнің жүрегінде мына үш нәрсе болса, сол адам иман тәттілігін сезеді:Алла мен Оның елшісін басқа барлық нәрседен артық жақсы көруі; Бір адамды жақсы көргенде тек Алланың разылығы үшін жақсы көруі; Иманды болып жүріп, қайта күпірлікке түсіп кетуден тозақ отына кірердей қатты қорықуы», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахабасын қолбасшы етіп жорыққа жібереді. Ол сахаба имам болған кезде тек «Ықылас» сүресін ғана оқиды. Жасақ Мадинаға оралған соң, сахабалар ардақты Пайғамбарымызға келіп, әлгі қолбасшылық жасаған сахабаның намаздарда тек «Ықылас» сүресін ғана оқып, ұзын сүрелер оқымағаны жайында шағымданады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Неге бұлай жасағаны жайында өзінен сұраңдар», – дейді. Әлгі сахабадан сұралғанда: «Бұл сүре Алланың сипаттарын қамтитындықтан оны оқығанды жақсы көремін»,  – дейді. Оның жауабын ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізгенде: «Сендер оған Алла Тағала да оны жақсы көретіндігін айтып сүйіншілеңдер», – дейді (имам Бұхари).

 «Махаббаттың төлеуі – махаббат» деп айтылғанындай, Алланы шынайы жақсы көріп, ізгі амалдарға бет бұрған ондай адамдардың өзі де Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленбек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 54-аятында:

يُحِبُّهُمْ وَيُحِبُّونَهُ

«Алла оларды жақсы көреді, олар да Алланы жақсы көреді», – деп айтқан. Бұлайша Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөлену – құн жетпейтін ұлы нығмет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір құлын жақсы көрсе, Жебірейіл періштені шақырып: «Мен пәленше деген құлымды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр», – деп бұйырады. Жебірейіл періште бұл бұйрыққа бірден бойұсынып, Алланың жақсы көрген әлгі құлын ол да жақсы көреді. Содан ол көктегілерге: «Алла Тағала пәленше деген құлын жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер», – деп жар салады. Мұны естіген көктегі періштелер де әлгі адамды жақсы көре бастайды. Сөйтіп, ол жер бетінде де (адамдардың) ілтипатына бөленеді», – деген (имам Бұхари).

 Екінші: Адамзатты сүю

Жаратушысын танып, Оны жақсы көрген жан Алла Тағаланың құрметті етіп жаратқан жаратылысы – адамзатты жақсы көре білуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алла Тағала: «Менің ұлықтығым үшін бір-бірін жақсы көрушілер қайда? Менің саямнан басқа сая болмайтын бүгінгі күні Мен оларды Өз саяма аламын» – дейді», – деген (имам Мүслим)

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі мұсылмандардың арасындағы өзара сүйіспеншіліктің ең көркем үлгісін көрсете білді. Тіпті әрбір сахабасына деген жеке құрмет пен ілтипат танытуынан олардың әрқайсысы: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені барлығынан да артық жақсы көретін болар» деп ойлайтын.  Кей уақыттарда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына деген сүйіспеншілігін білдіртіп те отыратын. Мысалы, Мұғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  оның қолынан ұстап:

يَا مُعَاذُ وَاَللَّهِ إِنِّي لَأُحِبُّكَ فَقَالَ أُوصِيكَ يَا مُعَاذُ لَا تَدَعَنَّ فِي دُبُرِ كُلِّ صَلَاةٍ تَقُولُ: اللَّهُمَّ أَعِنِّي عَلَى ذِكْرِكَ ، وَشُكْرِكَ ، وَحُسْنِ عِبَادَتِكَ

«Уа, Мұғаз! Алланың атымен ант етемін, расында, мен сені жақсы көремін! Уа, Мұғаз! Мен саған әр намаздан кейін мынаны айтуды міндеттеймін: «Уа, Алла! Маған Өзіңді есімде ұстауға, саған шүкіршілік етуге және көркем түрде құлшылық етуге көмектес», – деп айтқанын жеткізген (имам Әбу Дәуід). 

Адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жеткізіп, айтып отыруы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсетіп кеткен көркем өнегелерінен. Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Бір кісі Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында тұрғанда, олардың жанынан әлде бір кісі өтіп кетеді. Сонда әлгі кісі ардақты Пайғамбарымызға: «Уа, Алланың елшісі! Мен мына адамды жақсы көремін», – деді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол кісіге:  «Сен бұл жайында оған айттың ба?» – деп сұрайды. Ол кісі: «Жоқ», – дейді. Сонда Алланың елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда бұл жайында оған хабардар ет!» – дейді. Әлгі  кісі өтіп кеткен адамды қуып жетіп: «Расында, мен сені Алланың разылығы үшін жақсы көремін» – деді. Ол болса: «Мені Кім үшін жақсы көрсең, Ол да сені жақсы көрсін!» – деп жауап қайырды», – дейді.

Адамдар бір-бірін шынайы жақсы көрген қоғамда ешқашан қылмыс, зорлық-зомбылыққа жол берілмейді. Өзара құрмет пен сыйластық, жанашырлық пен жәрдем, бірлік пен береке көрініс табады.

 

Қисса

Ертеде саудамен айналысатын бір ғалым кісі болыпты. Күндердің бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырғанда, сауда дүкені орналасқан базарда өрт апаты орын алып, «базардағы бүкіл дүкендер өртеніп кетті, тек қана сіздің дүкеніңіз аман қалды» деген хабарды алады. Қуанышты хабарды естіген ғалым «Әлхамдулилла» (Аллаға сансыз мадақтар болсын) деп шүкірлігін айтады. Бірақ кейіннен әлгі ғалым ойлана келе: «Өзге адамдардың дүкендері отқа оранып, бастарына қиын күн туып жатқанда, олардың қайғыларына ортақтасқанның орнына, керісінше мал-дүнием аман болғаны үшін қуанғаным дұрыс болмады» деп айтқан сөзіне қатты өкінеді. Осы айтқан сөзі үшін Жаратушыдан қырық жыл бойы кешірім сұраған екен.

 

Үшінші: Әділетті сүю

«Әділ» деген сөздің шариғаттағы мағынасы «Барлық істе өзінің ақысын беріп, ұлтына, жеріне, байлығына, дәрежесіне, нәсіліне және туысқандығына қарамастан араларында теңдік жасау» дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 58-аятында:

إِنَّ اللهَ يَأمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الأمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُمْ بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ

«Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп бұйырған. 

Адамдарға көркем өнеге ретінде жіберілген сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында болған асыл қасиеттердің бірі – әділдік. Қасиетті Құранның «Шура» сүресінің 15-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَقُلْ آمَنتُ بِمَا أَنْزَلَ اللهُ مِن كِتَابٍ وَأُمِرْتُ لأعْدِلَ بَيْنَكُمُ

«(Оларға) «Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік етуге бұйырылдым» деп айт», – деп әмір еткен. Осы аятқа қатысты атақты табиғин Қатада (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділетті болуға бұйырылып, дүниеден өткенінше әділдіктен тайған жоқ», – деген.

Адамзатқа әділдік – сөйлеген сөзімізде ақиқатты айтып, өтірікке жол бермеу, қолыңызда билік болса, өз жұмыскерлеріңізге тең қарау, өз отбасыңызға,  бала-шағаңызға өз ақыларын беру арқылы болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ: الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وُلُّوا

«Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп айтқан (имам Мүслим).

Тағы бір хадисінде: «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді», – деп, соның бірі:  «Әділ басшы», –  екендігін айтқан (имам Бұхари).

Абай атамыз бесінші қара сөзінде әр адам осы әділет үшін қам жеу керектігін білдіріп:  «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен...» деп жазады.  Өйткені әр адам өзінің барлық іс-әрекетінде әділет жолын ұстанатын болса ісіміз игі, қоғамымыз ізгі болмақ. Хәкім «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа? – деп жазған.

Ойшыл бұл өлеңінде адамның күш-қайраты мен ақылы «әділет-шапқат» яғни «шапағатты әділетпен» бірге үйлесім табуы керектігін баяндайды.  Ал енді «Бастапқы екеу соңғысыз» деуі арқылы қайрат пен ақыл әділет сипатынсыз болса, «Алдың – жалын, артың – мұз»,  яғни ақыретің азап, дүниең мағынасыз болады деп ескертеді.

 Қисса

Бір күні халифа Омар мен бір сахабаның арасында келіспеушілік туып, ол екеуі дауды әділ қазының төрелігіне жүгіну арқылы шешуге келісті. Ол кезде әділ қазы сахабалардың ішіндегі беделді Зәйд ибн Сәбит болатын. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Арамыздағы мәселенің түйінін тарқатып берсін деп саған келдік», – дейді. Хазірет Зәйд (Алла оған разы болсын) халифаның астына көрпеше төсеп, жанына отырғызбақшы болғанда Омар: «Бұл беретін үкіміңде жасаған алғашқы әділетсіздігің», – дейді. Сосын: «Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кез келген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл лауазымға лайық бола алмайсың. Әділ қазы халифаның емес, Алланың бұйрығы мен үкімін орындауы керек», – деп заң алдында бүкіл адамдардың жауапқа бірдей тартылу керектігін жария етеді.

 Құрметті жамағат!

Алланы сүю, адамзатты сүю және әділдікті сүю – адамзаттың мейірімге толы ізгі қоғам құрып, бақыттың құшағында бейбіт өмір сүруге жетелейтін басты қасиет. Имани гүлде қамтылған жүрек амалдары бұл өмірде бақытты ғұмыр кешіп, қияметте ақыреттік бақытқа кенеліп, Жаратушының сүйіспеншілігіне бөленуге себепші болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресінің 9-аятында:

فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا بِالْعَدْلِ وَأَقْسِطُوا ۖ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

«Онда араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық істеңдер. Расында Алла туралық істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан.

 Алла Тағала біздерге имани гүл ұғымында қамтылған істерге амал етуімізді жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі