ТЫЛСЫМ КҮШТЕРГЕ СЫЙЫНУДЫҢ ҮКІМІ 3621

ТЫЛСЫМ КҮШТЕРГЕ СЫЙЫНУДЫҢ ҮКІМІ

10 қыркүйек 2024 81 Оқу 1 минут

Көптеген адамдар сенімдері, туып-өскен жерінің мәдениеті, салт-дәстүрі әртүрлі болғандықтан, түрлі тылсым күштерге сенетінін білеміз. Сеніп қана қоймай, тіпті сол тылсым заттарға сыйынатындар да бар екені анық. Тылсым күш деген не? Көпшіліктің түсінігінде, тылсым күш деген – көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын, оның не екені жайлы саналы түрде жауап бере алмайтын нәрсе.

Адам баласы осындай таңғажайып нәрселерге әуес келеді. Осы тақырыпта әңгіме қозғалса, зейін қойып тыңдайды. Көбі ақ-қарасын ажыратпай, сол аңыздарға толықтай иланады. Мысалы, өз қоғамымызда да осындай тылсым кейіпкерлер бар. Мысалы: су перісі, үй иесі т.б. Тылсым күшке сыйыну сол нәрсені бар деп сенуден пайда болады. Өйткені оны бар деп сенсе, сезімге бой алдырып, ақылмен шешім қабылдау қиынға түседі. Әрине мұндай құбылысты адам күнде көрмегеннен кейін оны құдіретті зат деп сеніп, сыйына бастайды. Ал ол нәрсенің бар екеніне сену қайдан пайда болады?

Бұл нәрселерге сену кей кезде адамның психикалық немесе медициналық дертінің әсерінен пайда болуы мүмкін. Мысалы, адам саңырауқұлақтың кей түрін жеп уланып қалса, оның көзіне жоқ нәрселер елестеуі мүмкін. Оны адам елес деп қабылдайды. Сол секілді адам психикалық дертке шалдықса, мысалы шизофрения ауруымен науқастанса, адамға тылсым құбылыстар елестеуі мүмкін.

Тылсым күшке сену кей кезде адамның медициналық немесе физикалық құбылыстарды түсінбеуінен тууы мүмкін. Мысалы, медицинадағы ұйқы кезіндегі дәрменсіздік (сонный паралич), адам ұйқыға кеткенде кенеттен оянып кетуі т.б. Кей адамдар мұндай жағдайда бөтен жаратылыс келіп қинады деп түсінеді. Алайда медицинада бұған тұщымды жауап бар. Адам кенет ұйқыға кеткен уақытта ағза адамды өліп қалды деп ойлайды. Сөйтіп ми денеге бұйрық бергеннің әсерінен дене жылдам, қатты сілкінеді немесе кей уақытта адам оянып ми толық оянбай қалуы мүмкін, соның әсерінен дене мүшелері адамға бағынбай қалып жатады. Сол секілді кейбір электрлік, магниттік құбылыстарды түсінбеген кезде адам оны тылсым күш деп жорамалдауы әбден мүмкін.

Кей уақытта тылсым күшке сену ол айтылған барлық нәрсеге сенудің әсерінен пайда болады. Иә, адамға әр уақытта да бұл тақырып өте қызық әрі беймәлім. Сол үшін кей кезде айтылған әңгіменің аражігін ажырата алмай,  оған сеніп жатады. Шариғатымыз тылсым күштер жайында не дейді? Тылсым күштер шынымен бар ма? Оған сыйынудың үкімі қандай?

Алла Тағала Құранда адам көзіне көрінбейтін тіршілік иелері бар екенін баяндайды. Періште, жын секілді көрінбейтін тіршілік иелерінің бар екеніне әрбір мұсылман сенеді. Алла Тағала Құранда періштелердің бар екені жайлы «Фатыр» сүресінің 1-аятында былайша баяндайды: «Бар мадақ пен шексіз шүкірлік жеті қат көк пен жерді жоқтан жаратып, оларды мінсіз жүйеге келтірген әрі екі, үш және төрт (тіпті одан да көп) қанатты періштелерді (пәрменін жеткізуші) елшілер қылған Аллаға тән...» Және де жындардың бар екенін «Әнғам» сүресінің 112-аятында: «Міне, осылайша әр пайғамбарға адам мен жынның шайтандарын дұшпан етіп қарсы қойдық. Бұлар алдап, азғыру үшін бір-біріне (құлаққа майдай жағатын) бояма сөздерді сыбырлайды», – деп жеткізген.

Періштелер, жындар, рухтар әлемі бар екенін білген адам олармен қандай байланыста болғаны дұрыс? Ең алдымен оларды Алла жаратқанын естен шығармай, Алланың шексіз құдірет күш иесі екенін түсінуі керек. Себебі олар – Алланың күш-құдіретін паш ететін мақұлықтар. Осындай ғайып әлемде өмір сүретін басқа тіршілік иелеріне табыну Аллаға серік қосу болса, кешірілмес үлкен күнәсі тағы бар. Бұл туралы Құранның «Жын» сүресінің 6-аятында былай делінген: «Сөйтсек базбір адамдар базбір жындарды пана тұтып, жындардың менмендігі мен астамшылығын күшейткен екен. Ал жындар болса, (өздерін пір тұтып, қатынасқа түскен) адамдарды одан сайын күнәға батырып, азғындығын одан ары арттырған екен».

«Жындар қай жерде мекендейді?» деген сұрақ әркімді мазалайтыны сөзсіз. Бұл сұраққа да қысқаша тоқталғанымыз жөн. Жындар барлық жерде дерлік жүреді. Алайда олар көбіне елсіз, түзсіз жерлерді, лас, қоқыс орындарды, монша, мазарстанды паналайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лас жерлерде, моншаларда құлшылық қылуға тыйым салған. Сол үшін мұсылман адам әжетханаға кірерден алдында Алланың атын атап, арнайы дұға айтып, шайтанның азғыруынан сақтануы керек. Өйткені олар осындай жерлерде адамды азғырып, зарар беруге тырысатыны анық. Сондай-ақ хадистерде шайтанның базарларда жүретіні айтылған. Салман (Алла оған разы болсын) сахаба былай дейді: «Мүмкін болса, базарға бірінші болып келмеңдер, соңғы болып шықпаңдар. Өйткені ол жер – шайтанның майданы. Ол сонда туын тіккен» (Мүслим). Шайтандар сондай-ақ тұрғын үйлерді де мекендейді. Алланың аты аталса, ол жерден қашып шығады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам үйге кірерде Алланың есімін атаса, шайтан өзінің достарына: «Бүгін бізге түнейтін орын жоқ», – деп шығып кетеді», – деген (Мүслим).

Шайтанның жүретін тағы бір мекені – көлеңке мен жарықтың арасы. Сондықтан да Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жартылай көлеңкеде жартылай күнде отыруға тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Есектің ақырған даусын естісеңдер, Алланың атымен шайтаннан сақтаныңдар. Өйткені олар шайтанды көрді. Ал әтештің шақырған даусын естісеңдер, Алла Тағаланың кеңшілігін сұраңдар. Өйткені олар періштені көрді». Алладан басқадан жәрдем сұрап, оған мінәжат ету жайында «Шұғара» сүресінің 213-аятында былайша ескерткен: «(Уа, Мұхаммед!) Олай болса Алламен қатар өзгеге де құдай деп жалбарынба, әйтпесе азапқа душар болатындардың қатарына қосыласың».

Жаратушы Алла – шексіз рақым Иесі. Дегенмен Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Ол жайында Құранда: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді. Ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесін кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»,  деген («Ниса» сүресі, 116-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсынүмметіне дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндірген. Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбардың артында келе жатқанымда ол маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақтасаң (яғни жадыңнан шығармасаң), Ол сені сақтайды. Алланы сақтасаң, Оны алдыңнан табасың (қажетіңде табасың). Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатынын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатынын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни тағдыр тақтасына бәрі жазылды)», – деді.

 

Мұхамеджан АМАН 

«Қызылжар» мешітінің наиб имамы 

Солтүстік Қазақстан облысы

«Мұнара» газеті, №23, 2023 жыл