Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) сөз саптау әдістемесі 4850

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөз саптау әдістемесі

19 қыркүйек 2025 80 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)дінді түсіндіру жұмыстарындағы әдістемелері өз заманындағы адамдардың ой-өрісіне, заманына, уақытына, ортасына сәйкес өзгеріп отырды. Десе де, уағыз-насихат барысында бұл әдістеме біздің заманымызда да маңызын жоймай, керісінше Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) негізгі сөз саптау сүннеттерін ескеруге қажеттілік туындап келеді.  

Адамзаттың асылының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз сөйлеудегі тоғыз методикасы. 

1. Қысқа да нұсқа сөйлеу 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

қашан да қысқа да нұсқа сөйлеген. Ол қай сөзінде болсын тек шындықты түсіндіру үшін ғана сөйлейтін. Ешбір уақытта көзбояушы көпірме және шындыққа жанаспайтын сөз сөйлемейтін. Оған дәлел ретінде «Амалдар ниетке байланысты», «Қиындатпаңдар жеңілдетіңдер» секілді хадистерді мысал етсек болады.

2. Жаттық сөйлеу

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)сөз саптауы жатық әрі анық еді. Сөзі құлаққа жағымды естілетін. Сөзін адамдардың ақыл деңгейіне қарай салмақтап сөйлейтін, әрі заман мен уақыттың райына қарай сөз саптайтын. Қысқасы қалыпқа құйылған қорғасындай қалыппен астасып жататын. Тыңдағандар оп-оңай түсінетін. Айша анамыздың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асығып сөйлемейтін, анық әрі салмақты сөйлейтін еді. Тыңдаған адам, сөзін дереу жаттап алатын.

Надандық дәуірі мен Ислам дәуірінің атақты шежірешісі Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) Пайғамбарымыздың сөз саптауындағы шешендігіне қатты қайран қалып: «Мен араб елді-мекендерін көп қыдырдым және көптеген шешендерді тыңдадым. Бірақ сен сияқты суырып салма шешенге жолықпадым. Сені кім тәрбиеледі?» дегенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деп жауап береді: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі»-деп жауап берген.

3.Шынайы сөйлеу.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз саптауында титтей де болсын қисынсыз жалған сөз жоқ. Өйткені, Құранда көңілдерді баурап алатындай әсерлі, шешен, шынайы сөз айтуын әмір еткен. Оған негіз Құранда: «Мен сөзімді өз ойымнан шығарушылардан емеспін»-деп ескерткен.

4. Сыпайылық

Адамзаттың асыл ұстазы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз сөйлеген кезде өте сыпайы болатын. Жағымсыз іс-әрекет пен жаман ой-пікірді еске түсіретін сөздерді қолдануға тыйым салған. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдепсіз, жағымсыз қандай да бір сөз қолданғанына ешкім куә болған емес. Қасында қаншама жыл қызметші болған сахаба Әнәс ибн Мәлик: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан ұятсыз, жағымсыз сөз айтқан емес. Ешкімге қарғыс айтып, балағаттаған емес. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамандық атаулыны сипаттайтын сөз саптауды жек көрген»- деген.

5.Ауызекі тілмен сөйлеу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уағыз-насихаттарының барлығында ауызекі қарапайым тіл қолданған. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқу-жазу білмейтін қоғамда өмір сүрген жан еді. Сол себептен жиындарында, барлық құтпаларында ешбір жазулы мәтін қолданбаған.

Мәтін қолданбау әдісін қазіргі заманда қарастырсақ мысалы, бір ұстаздың жазулы мәтіндерге қарамай ауыз екі тілмен сабақ беруі өте әсерлі болады. Қайта-қайта қағаз бетіне қарап шұқшиып әңгіме сарынына үзіліс жасау, я болмаса тілі күрмеліп «еее», «ыыы», «жаңағы» деген сияқты жалқы жалғаулармен әңгіменің көркемдігін бұзу тыңдарманды жалықтырып жібереді. Әрі ешкім оны мән беріп, ынтығып тыңдамайды. Тіпті, мазақ пен мысқылға, күлкіге қалуы әбден мүмкін.

6.Отырған ортасына қарай сөз саптау.

Адамдардың ой-түсінігі,қабылдау қабілеті әр қилы болып келеді. Талаптар мен сұрақтары да уақытқа сәйкес өзгеріп отырады. Сондықтан бір мәселені түсіндіру үшін сол ортаның ой-санасына, сөз саптауына, қабылдау дәрежесіне сай сөйлем құралу керек.

Бәрімізге мәлім болғандай Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірдей жастағы адамдардан және ой-саналары бірдей адамдардан құралған белгілі бір топқа ғана уағыз-насихат жүргізген жоқ. Оны әртүрлі жастағы жасөспірім, қарт, әйел, еркек, діндар, дінсіз, надан, сауатты, бай,кедей, әртүрлі адамдар тыңдайтын еді. Міне,осы себептен,өзіне сұралған бірдей мағынадағы сұрақтарға, жақсы түсінікті болу үшін әртүрлі сөйлем арқылы жауап берген.

Бірдей сұрақтарға берілген жауаптардың әрқилы болуы, сұраған адамның ақылы мен дүние танымдарының әрқилылығынан туындаған. Мысалы, «Ең қайырлы садақа қайсысы?»-деп сұраған Әбу Хурайраға «Кедей болғаның үшін күш қуатыңмен жәрдем етуің»,.-деп жауап берсе, осыған ұқсас сұрақ сұраған Сад ибн Убәйдәға (р.а), «Су шығартуың» деген. Әбу Хурайраның (р.а) аса кедейлігіне қарап, қай нәрсеге шамасы жетсе, сол нәрсеге сәйкес жауап берген. Ал екіншісі ру басы әрі бай адам болғандықтан, оның мүмкіндігіне қарай айтқан.

8. Сөзін ант ете отырып бастау

Бұл тыңдаушыны ескерту үшін әрі олардың назарын өзіне аудару үшін қолданылатын әдістеме.Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уағыз-насихатына кей кездері ант ішіп бастағанын көреміз.

Оған мысал ретінде төмендегіше хадисті келтірсек болады: «Жанымды қолында ұстаған Аллаға ант етейін, иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-біріңізді жақсы көрмейінше толық иман еткен болмайсыңдар. Бір-біріңді жақсы көрмейінше толық иман еткен болмайсыңдар. Сендерге амал еткендеріңде бір-біріңді жақсы көретін бір нәрсе айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар» .

9. Астарлап түсіндіру.

Пайғамбарымыз кейде айтқан сөзін астарлап жеткізген. Осылай айтудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Бөтен адамдарға «былай істе,олай жасама» деп, әмірлер айтылған сөз керісінше әсер етуі мүмкін. Бірақ тұспалды бір түрде айтылса, әркім өз деңгейіне қарай сабақ алады. Бұл жерде ұсынып отырған бірнеше мысал, мәселеге жеткілікті дәрежеде айқындық береді: «Мүмін — Құранды оқитын және онымен амал ететін адам», «Мүмін лағынетті болмайды» т.б.

Қорыта айтқанда, заман ағымы қаншалықты дамып, өзгерсе де, қай-қай істе де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр амалы бізге басты бағдаршам. Ұлы ұстаздың жетекшілігіне нық ілескенде ғана тура жолымыздан адаспақ емеспіз.

Алла тағала баршамызды сүйікті Елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне бекем болған үмметтерден болуды баршамызға нәсіп етсін!

Алмат Әли

Ақтөбе қаласының Бас имамы