Балаға дінді қалай үйретеміз? 4851

Балаға дінді қалай үйретеміз?

19 қыркүйек 2025 76 Оқу 1 минут

Асыл дінімізде жастайынан балаға Жаратушысын танып, діннің негізгі қағидаларын түсініп, қабылдап өсуіне ата-ана жауапты болмақ. Ал дінді біліп өсудің маңыздылығы өте зор. Оны қалай үйретіп, қандай тәсілді қолданамын деген әрбір жанға Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үздік тәлімі жеткілікті. 

Сүннеттегі бала тəрбиесі көлемділігімен, ерте қолға алынуымен ерекшеленеді. Баланы жастайынан, имандылыққа тəрбиелеу, бұзықтық жасамау, өтірік айтпау, ұрлық жасамау, кісі ақысын жемеу, ысырапшылдыққа бармау, жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстаумен қоса тазалық, əдептілік, мəдениеттілік барлығы қамтылған.

Исламдағы бала тəрбиесі баланы адамгершілікке баулып, бүкіл қоғам мәдениетін дамыту қажеттігін аңғартады. Себебі, бала тəрбиесі ата-анаға да, балабақша, мектеп, қоғамға да тікелей байланысты. Осылардың барлығы атсалысып, жұмылғанда ғана тəрбие оң нәтиже көрсетпек. Осы орайда баланың жазғы, қысқы демалыс уақыттарын тиімді өткізудің маңызы зор.

Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұстаз-тәрбиешілерге оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні басым. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызыметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу – шындалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы рухани тұрғыда тәрбиелеу маңызды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білім беру жүйесінде насихат арқылы білім берудің құндылығы жоғары.Өйткені, адам өзіне айтылған насихаттан әсер алуы білімді тез сіңіруге жәрдем етпек. Оған қоса ақыл-кеңес берген адам, игі жақсылардан болса, нәтиже де жоғары болады. Әсіресе бұл әрекет жақсы көруден туындайды. Мысалы, жақсы көрінген бір ата-ананың, үлкен ағаның, достың, мұғалімнің насихаттары адам өмірінің өзгеруіне ерекше ықпал етуі мүмкін. Егер бұл насихат шынайы болмаса, онда оның берері де солғын болады. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам досынан әсерленетінін мына сөздерімен назар аудартқан:

«Адам баласы досының дінінде. Сондықтан әркім өзінің досы кім екеніне назар аударсын».

Орынды айтылған бір насихат адамдығын көріктендіру, қылығын өзгерту және жақсы мінез-құлық қалыптасыру үшін бұл хадистің бізге берері көп.

Дегенмен, балаға үйретілуі қажет ең маңызды нәрсе діни түсінік қалыптастыру. Осы орайда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрлі әдіс-тәсілдері арқылы негізгі білім берудің қағидаларын меңгертуге болады.

Теңеу, қисса арқылы түсіндіру, салыстыру әдістері арқылы балаға діннің қағидалары туралы түсінік бере отырып, бақылау, сұрақ қою тәсілдері арқылы оның қаншалықты түсінік қалыптастырып, қаншалықты берілген білімді игере алғандығын көруге болады.Сондай-ақ, бір істі жасап көрсету арқылы үйренуге, зерттеуге ынталандыру. Бұл әдісті Құрандағы қысқа сүрелерді жаттау барысында қолданса да тиімді болмақ. Себебі, Құрандағы сүрелердің түсу себептерін түсіндіре отырып, қасиетті кітапта келген жемістер мен жануарлар туралы ізденіп, олардың жаратылысы мен ерекшелігі туралы ойлануға, олардың қандай өзгеше қасиеттері жайлы зерделеуге балаға үлкен көмек. Ал, сұрақ қою әдісінің түрлері шәкірттің тақырыпты терең қабылдауына септігін тигізеді. Оның ішінде жұмбақтап сұрақ қою, сауалға сауалмен жауап беру, астарлы түрде сұрау, жалқыға жалпылама жауап беру секілді немесе бір сауалға бірнеше жауап қайтару бұл да белгіленген тақырыпты игерту де өзіндік ерекге әсерін беретін құрал.

Сонымен қатар, ең ескерілетін жайт баланың қызығушылығы мен ынтасына қарай және қабылдау ерекшелігіне қарай оған қарым-қатынас жасау. Яғни, баланың температментіне қарай үйрету. Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың тамаша методикасы іске аспақ. Кезіндегі әр сахабаның «Мен Алла Елшісінің ең сүйікті сахабасымын» деген ойда қалғандары секілді қарым-қатынас. Демек, тәлім беруші өзінің алдындағы әр шәкіртіне жылы шырайлы, кең жүректі бола білмесе, оның жүрегіне жол тауып, орын алмаса үйреткен ілімнің маңызы болмаса анық.

Міне, осы керемет әдіс-тәсілді де Алла Елшісінің (оған Алланың салааты мен сәлемі болсын) көркем ұстаздық тәлімінен көре аламыз.

Бүгінгі бала − келешектің тұтқасы. Сондықтан қазіргі ата-аналар Ислам дініндегі мәні терең, мазмұнды тәрбие негіздерімен танысып, иманды, көргенді ұрпақ тәрбиелеп жатса, бұл тектілігімізге қайта оралғандығымыз, ата-бабаларымыздың арманын орындағандығымыз. Артына сауап жолдап тұратын ізгі, иманды ұрпақ қалдыра білген ата-аналардың екі дүниеде де жүздері жарқын болмағы хақ.


Айгерім Есберген