Облыстың Бас имамы Шәкен ишан мешітінің қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты 2189

Облыстың Бас имамы Шәкен ишан мешітінің қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

19 қазан 2022 165 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ел арасындағы дін қайраткерлері жайлы ауызша және жазбаша деректерді жинақтап, архивтердегі ғылыми мәліметтер мен құжаттарды тауып, олардың есімін есте қалдыру туралы тапсырмасы негізінде Ақтөбе-Қобда тасжолының бойында, облыс орталығынан елу шақырымдай жерде, Алға ауданының аумағында орналасқан Шәкен ишан мешітіне арнайы барып, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. 

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасының аясында өңірдегі 12 нысан жалпыұлттық маңызы бар орындар мен нысандардың тізіміне еніп, ал тағы да 46 нысан жергілікті маңызы бар киелі орын ретінде тіркелген. Аталған ескерткіштердің бірі — Шәкен ишан мешіті 1902 – 1904 жылдары ауқатты отбасынан шыққан діни қайраткер Шаймерден (Шәкен) Әбжанұлының бастамасымен салынған. Ол Хорезм жағында 7 жыл діни оқу оқыған. Мешітті Қазан жобасымен татар шеберіне салғызған. Ғибадат үйінің ерекшелігі – іргетасы сирек кездесетін қалақ тастардан қаланып, одан әрі ұлу тастармен әдемі өрілген. Қабырғалары қалың, терезелері де биік, үлкен етіп, күн сәулесінің мол түсуіне лайықталып қойылған. Құрылы өңірдің ауа райына орай суықтан қорғану мақсатында тұрғызылған. Қабырғаларының қалыңдығы 1 метр екендігінен көруге болады. Ал мешіт жанынан салынған медреседе ишан келушілердің діни сауатын ашумен айналысқан.

Профессор Назира Нұртазинаның «Қазақстандағы ислам діні» кітабында: «1929 жылға дейін 2469 ишан қамалып, итжеккенге айдалды», — деп жазылған. Солардың бірі Шәкен ишан еді. Ол 1928 жылы қуғындалып, айдауға жіберілген. Бірнеше жылдан соң елге аман-есен оралды. Шәкен ишан 82 жасында өмірден өтіп, осы маңдағы қорымға, жақындарының жанына жерленіпті.

Дегенмен, Шәкен Ишанның есімі бүгінгі күнге дейін діни сауаттылығы, адами қасиеті үшін ұмытылған жоқ. Мешіт тарихи мәдени мұра тізіміне енгізілді.

Биылғы жылы «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Шәкен ишан мешітін қалпына келтіру мақсатында қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Реставрация жұмыстары Маңғыстау облысындағы «Маңғыстауреставрация» ЖШС-ның тәжірибелі мамандарына тапсырылған.

Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды және мешіт жанынан имамға арнап үй салынды. Дегенмен, жобалау кезінде жылу, жарық, су кіргізу сияқты мәселелерді қамту мақсатында, одан өзге мешіттің толыққанды жұмыс жасауы үшін «Алға – Шапағат» қоғамдық қоры құрылып, бүгінгі күні қаржы жинау жұмыстары жүргізілуде. Жиналған қаржыға мешіттің жылу, жарық, су жүйелері жасалып, қажетті жабдықтар алатын болады.

Айта кетейік, «Біздің тарихымызда осындай қиын-қыстау замандар болды. Біздің ендігі мақсат – келмеске кеткен осы бір нәубетті күндерден сабақ ала отырып, сол заманның тағдыр тауқыметін арқалаған арда азаматтарымыз бен тау тұлғаларымызды тереңірек тануымыз қажет. Дін қайраткерлерін ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз» екенін Бас мүфти мәлім еткен болатын. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары арасында молдалар, ахундар, ишандар, жалпы дін қайраткерлері болды. ҚМДБ мақсаттарының бірі – еліміздегі жазықсыз өлім жазасына кесіліп, әлі күнге дейін ақталмаған дін қайраткерлерінің мұраларын жаңғыртып, есімдерін елге таныту.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру сізбен бізге аманат. Осы тұрғыда тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру мақсатында ақтөбеде жұмыстар қолға алынды.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі