Облыстың Бас имамы Шалқар ауданына барды 5049

Облыстың Бас имамы Шалқар ауданына барды

05 желтоқсан 2025 125 Оқу 1 минут

Бүгін қасиетті жұма күні Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті бірнеше айға созылған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жамағатқа есігін қайта ашты. Алла үйінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев, сондай-ақ ақсақалдар мен мешіт жамағаты қатысты.

Ізгілігі мол шараға Облыстың Бас имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов және Мұғалжар ауданының Бас имамы Мұхаммедисмаил Шадман арнайы келді.

Жаңа мешітте Амантай Садиев «Ата-ана, ағайын-туыстың діндегі орны» тақырыбында жұма насихатын айтты. Ал Нұрбол Смағұлов қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінде, Мұхаммедисмаил Шадман «Тәубе» мешітінде жұма уағызын айтты.

Жиналған жамағат алдында облыстың Бас имамы Амантай Садиев Алла жолында мешіт тұрғызудың сауабы жайлы насихат айтып, күрделі жөндеу жұмыстарына қолдау көрсеткен барша демеушілер мен жамағатқа алғысын білдірді.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Діни басқарманың 35 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Осы орайда Шалқар ауданы үлкен іс атқарды. Аудандық мешітті адам танымастай өзгертіп, заманауи талаптарға сай жабдықтады. Сіздер ауданның ең көрікті орындарының бірін абаттандырып, қалпына келтірдіңіздер. Аудандағы және сыртта жүрген барша ағайын осы сауапты істен құр қалмады. Барлығы да шама-шарқы келгенше үлес қосты. Баршаңызға Алла разы болғай!» – деді облыстың Бас имамы.

2011 жылы халық игілігіне берілген Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті 2025 жылы ауданның Бас имамы Абзал Медетбековтың бастамасымен толықтай күрделі жөндеуден өтіп, қазақы үлгіде жаңартылды. Түркия елінен қазақы нақыштағы жаңа кілемдер мен аспалы шамдар алынды. Электр жүйесі толық ауыстырылып, өртке қарсы жаңа сигнализация орнатылды. Мешіттің іргетасы жөнделіп, сыртқы баспалдақ пен терезелер жаңартылды.

Мешіт жанындағы ғимаратта бас имам, наиб имам, «Қамқор–шарапат» және «Неке қию» бөлмелерінің іші-сырты толықтай жөндеуден өтіп, жылу жүйесі ауыстырылды, жаңа есіктер мен жиһаздар алынды. Мешіттің асханасы мен дәретханасының шатыры жаңартылып, сыртқы қабырғалары жөнделді. Аулаға жаңа жарық жүйелері орнатылды. Ерлер мен әйелдердің дәретханасы толықтай жаңғыртылды. Мешіт аумағына қосымша жаңа сыртқы дәретхана салынды.

Бүгінде құлшылық ордасында 300 адамға жайлы жағдайда құлшылық етуге мүмкіндік жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстары мешіт жанашырлары мен демеушілерінің қолдауымен жүзеге асты.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі