Облыстың Бас имамы Рухани келісім күнімен құттықтады 971

Облыстың Бас имамы Рухани келісім күнімен құттықтады

18 қазан 2021 157 Оқу 1 минут

Бүгін 18 қазан – Рухани келісім күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында облыстық дін істері басқармасының мұрындық болуымен, «Жарық» ақпараттық консультативтік орталығының ұйымдастыруымен жергілікті діни бірлестіктер арасында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында дөңгелек үстел өтіп, оған Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы мен «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли қатысты.

Шара барысында облыстың Бас имамы Рухани келісім күнімен құттықтап, атаулы күн – бірліктің, түрлі ұлт, әлеуметтік топтар мен дін өкілдері арасындағы өзара түсіністікті орнатудың символы екенін атап өтті.

«Қазақстан халқы үшін дәстүрлі исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор екені белгілі. Себебі, ислам діні мұсылман дінін ұстанатын халықтардың рухан-имани өрлеуі мен қайта жаңғыруында басым және жетекші рөл атқарады.

Ислам қандай да бір ұлтқа оның ұлты үшін қарсы шықпайды және басқаларды да оған үндемейді. Себебі, ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді.

Тарихи және мәдени қалыптасқан ислам діні адамгершілік пен рухани құндылықтар арқылы халықтың әлеуметтік, идеялық тұрғыдан ұйысуына негіз болып, елді бірлікке, татулыққа шақырып келеді», - делі Серікжан Еншібайұлы.

Іс-шараның модераторы облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев болды

Сонымен қатар «Жарық» ақпараттық-консультативтік орталығының директоры Айгүл Дүйсенова бүгінгі күнге дейін діни бірлестік өкілдерімен өткізілген шараларға тоқталса, «Қасиетті Владимир» шіркеуінің жетекшісі Дахно Константин,  «Христиан евангелиялық елуінші күндік шіркеуі» діни бірлестігінің жетекшісі Айдар Еспаев баяндама жасады.

Одан өзге шара қортындысында конфессия өкілдеріне арналған шығармашылық қолөнер көрмесі өтті.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр»» мешітінің баспасөз қызметі