1 Сафар
Облыстың Бас имамы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты республикалық форумға қатысты 4589

Облыстың Бас имамы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты республикалық форумға қатысты

12 маусым 2025 75 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты республикалық форумға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Президент әкімшілігінің өкілдері, Парламент сенаты мен мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат мүшелері, облыстың Бас имамы Амантай Садиев, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Досбол Аймырза, облыстық мешіттің молдалары Оразымбетов Ықылас пен Балкенов Бақыткерей, Астана, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар, Әлия Молдағұлованың туыстары т.б қатысты.

Форумға қатысу үшін арнайы Ресейден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен делегациялар келді.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан форумға қатысушылар мен ақтөбеліктерді осы маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.

«Әлия Молдағұлова – бүкіл қазақ халқының мақтанышы, қайсар рух пен жанқиярлықтың символы. Бүгінгі форум – тарихи жадымызды сақтау мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Форумды ұйымдастырған барша азаматтарға, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарға адалдыққа баулып келесіздер», – деді Президент кеңесшісі.

Шараға қатысушыларды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровта құттықтап, батыр есімін ұлықтау бағытында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында жаңа мәдениет орталығы мен мемориалдық музей салынып жатыр, сондай-ақ Әлия ауылында инфрақұрылым дамып келеді.

Асхат Шахаров өз сөзінде педагог әрі қоғам қайраткері, Әлияның ерлігін зерттеуге және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге өмірін арнаған Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атап өтті.

Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған сөз сөйледі. Ал форумды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Бекназаров Рахым жүргізді.

Форумда Әлияның 17 жастағы батырлығы, қайсарлығы, өжеттілігі еске алынды және өмірбаяны баяндалды, туысқандарына жазылған хаттары көрсетіліп, оқылды.

Форум – ұрпақтар сабақтастығының, тәжірибе алмасудың және Әлия Молдағұлованың ерлігін ұлттық тарих пен мақтаныштың ажырамас бөлігі ретінде дәріптеудің маңызды алаңына айналды.

Аталған шара “Ұмытылмас бейне” суретшілер мен мүсіншілердің республикалық байқауының қорытынды көрмесімен жалғасты. Көрмеде 15 шақты Әлия Молдағұлованың портреті қойылды.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі