Облыстың бас имамы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады 2808

Облыстың бас имамы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады

29 маусым 2023 371 Оқу 1 минут

Бүгін облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Салтанатты шара облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өтіп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі іс-шаралары мен ізгі бастамаларын іске асыруда ақпарат саласындағы насихат барысында белсенді қызмет етіп жүрген Ғани Өтепбайұлы, Венера Серғазина, Мира Исатай, Амангелді Атабайұлы, Әсел Бақбергенқызы, Айбек Тасқалиев, Жанар Датқызы, Нұрбол Жауынбаев яғни 8 журналисті марапатталды.

«Мұсылманның ұлық мерекесінің бірі – Құрбан айтпен қатар келген сіздерді кәсіби мерекеңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз, рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы белсенді қызметтеріңіз бен сүбелі еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Ізгіліктің жаршысы болып жүрген Сіздерге, отбасыларыңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін! Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам діні насихат арқылы тарайды» — деген болатын. Біз, діни қызметкерлер, халыққа насихатты бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен таратып отырмыз, -деді облыстың Бас имамы.

Журналистерге бас имамның атынан Алғыс хатпен бірге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Құрбандық пәтуалары» атты жуырда жарық көрген кітабы тарту етілді.

Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне арнап жайылған мерекелік дастарханда игі басқосу жалғасын тапты.

Журналистер бас имам мен мешіт ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетсек, мерекелік шараға 40-қа жуық адам қатысты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі