МҰСА МЕН ХЫЗЫР (Ғ.С.) ҚИССАСЫ 423

МҰСА МЕН ХЫЗЫР (Ғ.С.) ҚИССАСЫ

23 желтоқсан 2020 4436 Оқу 1 минут

Құран барлық ғылымның қайнар көзі. Өкінішке орай, Құран Кәрімнің теңіздей ғылымының тек тамшысы ғана бізге аян. Соның бірі, жұма сайын мешіттерде оқылатын «Кәһф» сүресіндегі Мұса және Хызыр (ғ.с.) қиссасы. Бұл қиссадан біз ұғыну керек болған үкімдер, өмірлік қағидалар мен тәрбиелік мәні бар ғибраттар ішінен төрт мәселеге ғана зер салып көрейік.

Біріншісі, қиссада білімнің маңыздылығы, білім алу үшін ұзақ сапарға да шығу қажеттілігі айтылады. Ғалымдар қиссадағы «ізгі пенде» деген адам пайғамбар емес, ол Алла тарапынан мейірімділік пен білім берілген жан екендігін айтады. Өйткені, оның елші немесе пайғамбар екені айтылмауда. Оның «...Мен мұны өз шешіміммен істеген жоқпын...[1]» деген сөзі оған уахи емес, аян берілгенін көрсетеді. Аян жайлы «Біз Мұсаның анасына: Оны еміз деп көкейіне салдық...[2]» деген аят бар. Сонымен бірге, Алла Тағала пенделерге үйрететін ілім екі түрлі: бірі ұстаздан оқып, ыждаһатпен алатын ілім. Екіншісі, «...Өзімізден білім үйреткен құлдарымыздың бірін тапты[3]» аятында келгендей, Алла Тағала беретін «ләдуни ілім».

Шынымен-ақ, білім аламын деген адам үйретуші мұғалімге, ұстазға ерекше құрмет көрсетуі қажет. Алланың пайғамбары Мұсаның (ғ.с.): «Мұса оған: Саған үйретілген пайдалы білімнен маған да үйретуің үшін саған еріп жүрсем бола ма? - деді[4]», - деген сөзі соны ұқтырады. Пайғамбар бола тұра кішіпейілділікпен әрі жұмсақ сөзбен Хызырдан білімін үйретуді сұрауда. Бұл қазіргі таңда, аса өзекті мәселенің бірі. Мұғалімнің мәртебесі биік болмайынша, білікті маман шығуы өте қиын. Сонымен бірге, ғалымдарға да ғибрат алар тұсы бар. Қаншалықты ғалым болса да, қажетті ілімді өзінен жас немесе деңгейі төмендеу маманнан үйрену керек болса да, тәкаппарланбау. Өйткені, Пайғамбар Хақ Тағала арнайы берген ілімді қарапайым пендеден алуға өтініш жасауда.

Екінші жайт, сабыр. Білім жолында мұғалімнің талабына және басқа да білімге қатысты жайттарға төзімділік таныту қажет. Себебі, сабырсыздығы салдарынан білімнен айырылады. Сабыры жоқ адам білімге қол жеткізе алмайды. Ал, сабырлы болуды үйренген адам білімге де сонымен бірге, өмірде көптеген мақсаттарына жете алады. Ол үшін сабырлық ауадай қажет. Өйткені, Мұса (ғ.с.) білім алуға өтініш жасағанда Хызыр «сабырыңыз жетпейді» деп үзір сұрады. Ал, сабырдың болмауы жайлы: «Білімің қамтымаған нәрсеге қалай сабыр ете аласың?[5]» деп көбіне-көп адамның мақсатын, нәтижесін, пайдасын және жемісін білмеген нәрсеге сабыр етуі қиын екенін айтуда. Міне, сондықтан әрбір жағдайда сабырлық һәм салқынқандылықпен істің соңын күту керектігі айтылады. Өйткені, жай пенде үшін Хызыр жасаған үш істің бірі қылмыс, бірі қисынсыз және бірі ақылсыздың ісі сияқты көрінеді.

Үшіншіден, дұрыс шешім қабылдай білу. Балықшылардың кемесі тесіліп, жағаға қайтуға мәжбүр болды. Бұл балықшылар отбасының бірнеше күн азықсыз қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Алайда, теңіздің арғы жағындағы патша кемелерін тартып алатын болса, бір ауылды асырап отырған кемеден айырылады. Бұл бірнеше күн азықсыз отырудан әлдеқайда үлкен зардап. Міне, бұл «үлкен зардаптан құтылу үшін кіші зардапқа (шығынға) бару» деген қағида. Сондықтан, Хызыр балықшылардың кемесін аман алып қалу үшін түбін тесті. Балықшылар да жағаға қайтуға мәжбүр болды.

Төртінші, жолдастыққа адал болу. Хызыр Мұса (ғ.с.) пайғамбарды қандай жағдайда болса да, тастап кеткен жоқ. Керісінше, барынша қолдап жанынан табылды. Бұл орайда, «кемедегінің жаны бір» дегендей өмірдегі досты, жұмыстағы жолдасты тастап кетпеу керектігін байқаймыз. Әрине, бұл орайда Құдай заңына қарсы бір іс-әрекетке барып жатса, қолдауға және көмек беруге қатаң тыйым салынады.


Мұса ЕРБАТЫР,

арнайы nurgasyr.kz үшін

 


[1]Каһф сүресі, 82-аят

[2] Қасас сүресі, 7-аят

[3] Каһф сүресі, 65-аят

[4] Каһф сүресі, 66-аят

[5] Каһф сүресі, 68-аят