Бас мүфти «Қылует» рухани орталығының іргетасын қалады 1078

Бас мүфти «Қылует» рухани орталығының іргетасын қалады

09 қараша 2021 168 Оқу 1 минут

 ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласындағы «Қылует» рухани орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, зиялы қауым және дін өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Алғаш болып сөз алған Бас мүфти: «Қазақ поэзиясының ерен құбылысы Мағжан Жұмабаев «Түркістан алты алашқа болған Кебе» деп жырлағандай, киелі Түркістан хан-сұлтанға тұрақ болды, дін Исламға шырақ болды. Батырлардың қолындағы қалқан болды, ақындардың жырына арқау болды. Мұхтар Шаханов ағамыз «Әрқашанда ізгілікке бұрып елдің санасын, Сен тұра бер нұрландырып қазақтың кең даласын» деп киелі шаһарды өлеңге қосты.

Шынында, киелі Түркістан шаһары қазақ даласын нұрландырып, күннен күнге жаңа нысандар мен еңселі ғимараттармен толығып келеді. Біз тұрған жерде бұрын қабырғасы сонау ХІІ ғасырда қаланған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қылуеті болған еді. Енді міне, Алланың қалауымен осы орында «Қылует» рухани орталығы қайтадан бой көтергелі тұр. Бұл орталық тарихи мұрамызды жаңғыртып, Түркістанның жаңа келбетіне көрік қосады деген үмітіміз зор. Алла Тағала жаңа мешітімізді киелі Түркістан шаһарының рухани ордасына айналдырғай!» деген Наурызбай қажы Тағанұлы орталықты салуға атсалысып жатқан барша көпшілікке алғысын білдірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өз кезегінде орталықты жамағаттың бірігіп салып, үлкен сауап алуына мүмкіндік берілгенін алға тартты.

«Бұл орталық кәсіпкерлер ғана емес, жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынады. Сол үшін арнайы есепшот жарияланды. Оған кез келген адам үлес қоса алады. Әрине, орталықты бір кәсіпкердің көмегімен де тұрғызуға болар еді. Алайда жамағат болып бірігіп салуды жөн көрдік. Түркістандағы мешітте менің де кішкентай үлесім бар деген сезім азаматтарға жігер береді. Игі бастамаға қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғысымыз мол», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ. Құрылыс жұмыстары биыл қазан айында басталды. Алла қаласа, «Қылует» рухани орталығы алдағы 2022 жылы толықтай ел игілігіне берілмек.