Мұнара тілшісі марапатталды
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл арнасы – «MUNARA TV» телеарнасының жаңа маусымының ресми ашылу салтанаты өтіп, өңір тілшісі Ақтолқын Тажикова ҚМДБ төрағасы атынан алғыс хатпен марапатталды.
Ізгілік пен руханиятты дәріптеуді мақсат еткен телеарнаның жаңа маусымы тың идеялар мен мазмұнды жобаларға толы.
Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шығармашылық орта мен дін саласының өкілдері қатысты.
Шараға арнайы қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арна ұжымына ақ батасын беріп, жаңа маусыммен құттықтады.
«Жаңа маусымда да арна ұжымы көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырып, елге ізгілік нұрын шашатынына сенім білдіремін.Сонымен қатар жаңадан ашылған жаңа телебағдарламалар көрерменге рухани азық болады деп санаймын.
Атап айтқанда, «Отбасы кодексі», «Білу керек», «Салиқалы сұқбат», «Күй күмбірі», «Баталы ел», «Алашқа адал кәсіп», «Дін мен дәстүр», «Сәті түскен сұқбат», «Кітап талқы», «Қазақ қызы», «Жетінші түйсік», «Кәсіп нәсіп», «Қала мен дала», «Имамның бірі күні» сынды жаңа бағдарламалар көрермендерге көрікті ой тастайды деп сенемін»,- деді Бас мүфти.
Сондай-ақ жиында ҚР Дін істері комитеті төраға орынбасары Мақсат Аралбайұлы мен «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов құттықтау сөз сөйлеп, «MUNARA TV»-ның ақпараттық-ағартушылық бағытына табыс тіледі.
Жиын соңында телеарна ұжымына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғыс хат табыстады. Марапат иелерінің ішінде үздік тілшілер құрамында Ақтөбе облысының меншікті тілшісі, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы Ақтолқын Тажикова бар. Ақтөбе облысындағы студия төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы көрермен көзайымына айналған бағдарламаның бірі. Сексенге жуық бағдарламаның шығарылымы эфирден көрсетілді.
Сонымен қатар жаңа маусымның басталуына арналған арнайы таныстырылым ролигі көрсетілді.
«MUNARA TV» – елдің рухани кеңістігіне серпін беретін, ізгілік пен мәдениетті насихаттайтын арна ретінде жаңа маусымын бастады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































