Медресе алғашқы қариды шығарды
Ақтөбе қаласы, «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (Қарилар медресесі) директоры, ұстаз Әлденов Бекжан қаридың бірнеше жылдық Құран жаттату дәрісінен өтіп, Құран Кәрімді толық жаттап шыққан алғашқы шәкірті шықты. Бүгін қасиетті жұма күні Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма намазға жиналған жамағат алдында жас қариға алғыс хат беріп, 200 000 теңге сыйақы табыс етті. Шәкірттің есімі Хасан қари Серікұлы. Алла елшісінің хадисінде айтылғандай «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп оны басқаларға үйреткендерің» деген хадиске амал етіп жатқан 15-ке жуық шәкірт қазіргі таңда аталған қарилар орталығында Құран жаттап жатыр.