ҚМДБ: АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ (ФОТО) 204

ҚМДБ: АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ (ФОТО)

02 қазан 2020 131 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті «Бөлім сағаты» өтті.

«Бөлім сағаты» отырысында Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің жұмысы тыңдалып, жоспары талқыланды. Жиында ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, ҚМДБ Ғаламтормен жұмыс секторының меңгерушісі Серікбол Хасан және «Хикмет» студиясының директоры Ерболат Сапаров атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бөлім жұмысын саралай келіп, ақпараттық насихатты күшейтіп, ҚМДБ өкілдіктерінің сайттарын әлі де жетілдіре түсу керектігін атап өтті.

«Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі карантин кезінде де, қазіргі уақытта да айтарлықтай қызмет істеп жатыр. Алайда бүгінгідей ақпарат тасқыны толастамай тұрған уақытта ҚМДБ сайттары мен әлеуметтік желілеріндегі жұмысты жетілдіре түсу керек. Оқырмандардың сұрақтарына дер кезінде жауап беріп, кері байланысты күшейту қажет. Осы арқылы Діни басқарманың да жұмысы жандана түседі» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, жыл басынан бері muftyat.kz сайтында 1832 қазақша және 364 орысша мақала, 1613 қазақша және 376 орысша ақпарат жарияланды. Сайттың жыл басынан бергі жалпы қаралымы 5 156 368 адамды қамтыды. Жалпы өкілдіктер сайттары бойынша жыл басынан бері қазақ тілінде 3541 жаңалық, 5062 мақала, 2207 видеоөнім жарияланды. Ал орыс тілінде 148 жаңалық, 148 мақала және 123 видеоөнім жарық көрді.

«Хикмет» студиясы жыл басынан бері әлеуметтік желілер арқылы 124 онлайн дәріс жүргізіп, 297 000 адамды ақпаратпен қамтыды. Ал облыстық дейгейде 959 онлайн дәріс жүргізіліп, 2 926 456 адамды ақпаратпен қамтыды. «Хикмет» студиясы қаңтар-қыркүйек айларында жалпы саны 437 аудио және видеоөнім дайындап шығарды.

Жиын барысында ҚМДБ бөлім басшылары ҚМДБ-ның muftyat.kz және басқа да сайттары, «Хикмет» студиясы жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. «Бөлім сағаты» соңында Бас мүфти нақты тапсырмалар берді.