Ұлттық спорттық ойындардан жамағатаралық облыстық сайыс өтті 6443

Ұлттық спорттық ойындардан жамағатаралық облыстық сайыс өтті

08 маусым 2026 80 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен ҚМДБ-ның 2026 жылғы жұмыс бағыттарының бірі – «Дәстүр және отбасы» бағыты болып бекітілген болатын. Осыған орай ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде қала және аудан жамағаты арасында облыстық ұлттық спорттық ойындардан спартакиада өтті.

Қазақша күрес, садақ ату, арқан тарту, гір көтеру және ләңгі тебуден өткен додалы сайысқа Ақтөбе облысына қарасты 12 аудан және Ақтөбе қаласынан жалпы 14 команда өзара бәсекелесті.

Ауқымды іс-шарада Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев алғысөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жамағатқа уағыз-насихат айтты. Өзара құрмет пен мұсылмандар арасындағы бірлік пен имандылықты көшбасшылыққа алып, әділдік пен парасаттылықты ұстануға бағыттады. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәурен Ерланұлы сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, командаларға сәттілік тіледі.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігі және Ақтөбе облыстық дін істері басқармасына қарасты «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты қазақтың ұлттық ойындарын насихаттап, жандандыру. Сондай-ақ жамағат арасында бірлік пен келісімді, сабырлылық пен төзімділікті, батырлық пен қайсарлықты насихаттау болды.

Спартакиада қорытындысы бойынша әртүрлі спорттардан құралған топтық сайыста жоғары ұпай жинаған Мәртөк ауданынан келген жамағат бас жүлде кубогын ұтып алып, бірінші орынды қанжығаларына байлады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар, кубоктар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, салауатты өмір салтын дәріптеген игі шара жамағат арасындағы бауырластық пен татулықты нығайтып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.


Арқан тарту сайысы:

1 орын – Хромтау ауданы – 150 000 теңге;

2 орын – Байғанин ауданы – 100 000 теңге;

3 орын – Қобда ауданы – 50 000 теңге.


Садақ ату сайысы:

1 орын – Әйтеке би ауданы – 100 000 теңге;

2 орын – Темір ауданы – 75 000 теңге;

3 орын – Қобда ауданы – 50 000 теңге.


Қазақша күрес (80 келіге дейін салмақ бойынша):

1 орын – Қобда ауданы – 200 000 теңге;

2 орын – Мәртөк ауданы – 150 000 теңге;

3 орын – Алға ауданы – 100 000 теңге.


Қазақша күрес (80 келіден жоғары салмақ бойынша):

1 орын – Қобда ауданы – 200 000 теңге;

2 орын – Байғанин ауданы – 150 000 теңге;

3 орын –Мәртөк ауданы – 100 000 теңге.



Гір көтеру сайысы: (80 келіге дейін салмақ бойынша):

1 орын – Мәртөк ауданы – 60 000 теңге;

2 орын – Мәртөк ауданы – 40 000 теңге;

3 орын – Хромтау ауданы – 20 000 теңге.



Гір көтеру сайысы: (80 келіден жоғары салмақ бойынша):

1 орын – Мұғалжар ауданы – 60 000 теңге;

2 орын – Хромтау ауданы – 40 000 теңге;

3 орын –Ақтөбе қаласы – 20 000 теңге.



Ләңгі тебу сайысы:

1 орын – Мәртөк ауданы – 60 000 теңге;

2 орын – Ойыл ауданы – 40 000 теңге;

3 орын – Ойыл ауданы – 20 000 теңге;