«Көшпелі уағыз-насихат» жобасы Мұғалжар ауданынан басталды 1297

«Көшпелі уағыз-насихат» жобасы Мұғалжар ауданынан басталды

12 ақпан 2022 163 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде алғаш рет діни тұрақтылықты сақтау мақсатында «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы қолға алынып, алғашқы іс-сапар 10-11 ақпан күндері Мұғалжар ауданынан бастау алды. 

«Көшпелі уағыз-насихат» құрамында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі, Атырау қаласындағы «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман, «Досжан Хазрет» мешітінің имамы Шынболат Үмбетов, «Қайырқожа» мешітінің имамы Сұңғат Саметов, «Әс-салам» мешітінің имамы Нұрлыбек Такеев, Хромтау ауданының Бас имамы Ерік Сұлтанов, «Мәртөк» ауданының Бас имамы Зарлық Ералин т.б бар.

Іс-сапардың алғашқы күнінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі Өсімхан Тілеуов т.б имамдар Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Тұрарұлының қабылдауында болып, Мұғалжар ауданындағы 2 күндік жұмыс жоспары талқыланды.

Аудандық әкімішілікте өткен жұмыс жоспарын талқылау жиынынан соң «Қадырәлі ата» мешітінде 10 отбасыға қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Оның 3-і «Жусан» операциясымен елге оралған әйел адамдар, 7-і аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.
РАНТ және ЖАНТ мүшелері 2 күндік іс-сапар барысында Қандығаш, Ембі қалаларында, Батпақкөл, Сағашилі, Аққемер және Жұрын ауылдық округтеріне барып, тұрғындар арасында «Жат ағымның зардабы», «Дінің қоғамдағы орны», «Жат ағымның сипаты», «Ханафи мәзһабының ерекшелігі», «Хадис ғылымындағы Ханафи мәзһабының орны», «Дін ұстансаң – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің», «Дін мен дәстүрдің қоғамдағы орны», «Мұсылманның ауызбіршілігі», «Деструктивті діни ағымның зардабы», «Мейірімділік – асыл қасиет», «Алланың нығметіне шүкіршілік ету», «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» т.б тақырыптар аясында
3000-нан астам адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенімін ұстанудың маңызын кеңінен түсіндіріп берді. Сондай-ақ салт пен дәстүрге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарға құрметпен қарауға үндеді.

Одан өзге іс-сапарда жамағат арасындағы татулық пен бірлікті арттыру мақсатында ұстаз бен жамағат арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, оған 7 топ қатысты.

Қандығаш қалалық «Қадырәлі ата» мешіті, аудандық «Нұртай» мешіті, Ембі қалалық «Нұр» мешіті, Жаңажол вахталық мешіті, «Ерболат Қамалұлы», «Нұралы, «Хайролла» мешіттерінде «Өмірдің құндылығы мен қадір-қасиеті» тақырыбында жұма уағызы жүргізілді.
«Көшпелі уағыз-насихат» жобасының ендігі сапары наурыз айында Темір ауданында жалғасын табады.

Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі