20 Мұхаррам
Көп балалы отбасыны Құрбан айт мерекесімен құттықтап, 12-ші балаға азан шақырып, ат қойды 4581

Көп балалы отбасыны Құрбан айт мерекесімен құттықтап, 12-ші балаға азан шақырып, ат қойды

07 маусым 2025 52 Оқу 1 минут

Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков Азамат Хадимжан мен Айым Сүйеуқұлованың шаңырағына арнайы барып, дүниеге келген 12-ші балаға азан шақырып, есімін Мұхаммед-Әли деп қойды. Ол сәбиге ақ батасын беріп, көпбалалы отбасыны Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

«Бала – Алланың берген үлкен нығметі, ал көпбалалы отбасы – сол нығметтің шынайы көрінісі. Мұндай шаңырақтар тек ата-анаға емес, бүкіл қоғамға береке әкеледі. Исламда ұрпақ сүю, оларды имандылыққа тәрбиелеу — үлкен сауапты іс. Мұхаммед-Әли сынды сәбилер еліміздің ертеңі, үміті. Құтты болсын! Иманды, елге пайдалы, үлкен азамат болсын!» — деді ауданның бас имам.

Сонымен қатар көпбалалы отбасыны қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның ел ішіне бірлік пен мейірім әкелетінін атап өтті.

Одан өзге,ерлі-зайыптылар сауапты іске себепші болған Бас имамға алғыстарын білдіріп, сый ретінде шапан жапты.

Айта кетейік, Шалқар ауданының 34 жастағы тұрғыны Айым Сүйеуқұлова 12-ші баласын дүниеге әкелді. Ол 18 жылдан бері үй шаруасына ден қойып, бала тәрбиесімен айналысып келеді. Жолдасы, 39 жастағы Азамат Хадимжан – жеке мекемеде күзетші болып жұмыс істейді. Бақытты отбасы. Ерлі-зайыптылардың үлкені – 18 жаста, ал кенжесі — Мұхаммед-Әли.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі