«Исламдағы мирас ілімі» жарыққа шықты 927

«Исламдағы мирас ілімі» жарыққа шықты

07 қазан 2021 217 Оқу 1 минут

"Нұр-Мүбарак" баспасынан Жасұлан Жүсіпбеков пен Бижан Илесбековтың тырнақалды туындысы «Исламдағы мирас ілімі» кітабы жарық көрді.

Университеттің қос аға оқытушының еңбегіне Исламтану кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Нұрлан Анарбаев жауапты редакторлық жасаған. Жаңа оқу құралында шариғаттағы мирас ілімінің құқықтық мәні мен маңызы, құрылымы мен ерекшеліктері, мұра бөлуге қатысты шарттар мен оны алуға құқылы адамдар, дәрежелері қамтылған. Сондай-ақ мұраны бөлу кезіндегі негізге алынатын қағидалар мен ережелер, тәжірибелік тұрғыдан мысалдармен түсіндіріледі.

«Үмбетімнің ең алғаш ұмытатыны – мирас ілімі» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алаңдаушылығынан дәл бүгінгі қоғам да шет емес. Адамзат үшін мұра мәселесі қашанда өзекті әрі тамыры тереңде жатқаны белгілі. Сондықтан адамзатқа жіберілген ақырғы дін Исламдағы мирас мәселесінің қасиетті Құранда қамтылуы бұл саланың салмағын байқатса керек. Алла Тағала мирас іліміне ерекше мән беріп, ондағы мәселелерді тікелей өз басшылығымен егжей-тегжейлі баяндаған. Кез келген қоғам үшін мирас ілімінің қажеттігі – оның қашанда өзектілігімен байланысты. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің жас ғалымдары мирас ілімін тереңірек зерттеп, қоғамға ұсынды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мирас ілімін үйреніп, оны өзгелерге үйретіңдер, себебі үмбетімнің ең алғаш ұмытатыны – мирас ілімі» дегені бүгінгі қоғамды ғана емес, әрбірімізді меңзегендей. Сондықтан осы ұлы мұраны алғашқы анықтамалығынан бастап, туған-туыс, алыс ағайын, түрлі жағдайларға қатысты мәселелерімен қамтыған жаңа туынды оқу құралы болса да, әрбір адамның сусындауына лайықты деуге болады.

Кітап медресе шәкірттері, исламтану бағытында білім алушы студенттер мен магистранттар, дін саласына қызығушылығы бар барлық оқырманға арналған.