"Ислам және адал қоғам" жылындағы алғашқы айлық отырыс
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды діни сала аясында "Ислам және адал қоғам" жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, Хромтау аудандық «Нұр» мешіті жамағатының дәстүрлі айлық рухани отырысы өтіп, оған Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев арнайы қатысты.
Басқосу барысында Жексенбай ұстаз ислам дініндегі адалдық, әділдік, жауапкершілік секілді асыл құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ мұсылман баласына тән көркем мінез-құлық, имандылық пен сабырлылық жайында нақты мысалдар келтіре отырып, жамағатты күнделікті өмірде ислам талаптарын берік ұстануға және өзгелерге үлгі болуға шақырды.
Уағыз барысында Жексенбай Торбаев мұсылманның негізгі сипаттарын тізбектеп айтып, жастық шақтың, денсаулық пен уақыттың адам өміріндегі ең үлкен нығмет екенін атап өтті. Ол жамағатты осы нығметтердің қадірін білуге, жастық күш-қуатты пайдалы істерге, ең алдымен Алланың разылығы жолына арнауға үндеді. «Кімде-кім жастық шағын имандылықпен, ізгі амалмен өткізсе, оның жемісін қартайған шағында да, ақыретте де көретін болады», – деді наиб имам.
Сонымен қатар кездесу барысында жамағат тарапынан қойылған дін тақырыбындағы түрлі сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, ислам қағидаларына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.












































