Ихсан ілімі және рия мәселесі 728

Ихсан ілімі және рия мәселесі

12 тамыз 2021 166 Оқу 1 минут

Бүгінгі ақпараттық және ксерокөшірме технологиясы дамып, әлеуметтік өмірдің барлық қыры әлемжеліленіп жаһанданған заманда риясыз шынайылық, төлтума немесе түпнегіз (оригинал) дүние тапшылыққа айналып барады.

Қадам басқан сайын табиғилықтан жұрдай жасандылық, менмендік пен тәкаппарлық, жалған намыс пен мақтанымпаздық (понтмания), көрсеқызарлық пен әсекілік, көсемсу (демагогия) мен жағымпаздық, мансапқорлық пен жемқорлық, екіжүзділік пен өсек-аяң, өшпенділікпен айдап салу (буллинг), көшіре салу мен сұғанақтық (плагиат), имитация (еліктеушілік) пен симуляция (көлгірсу, көзбояушылық) т.б. жүрек, рух, тіл кеселдері мен содан туындайтын амал мен дене дерттерінің көріністеріне куә боласың. Күшенген, ызаланған, тыраштанған бір үрдіс бар. «Болудан» гөрі «болып көріну» басым. Ниеті таза, сөзі түзу, айтқаны мен амалы айнымайтын, өз мінезіне адал, әділдікке жүгінетін тұлға табу қиын. «Заманға күйлемейтін, замана оны илемейтін» жан жоқ тәрізді.

Бұл келеңсіз құбылыстар соңғы кездері қоғамда қарсыласушылық көңіл-күйді тудырып, билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты ұлғайтып бара жатқандай. Осы орайда, уағызшылардың жиі айтатын қасиетті Құрандағы Рағыд сүресінің «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деген аятын, сондай-ақ, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар», «Ең жаман адам – араларыңда сөз таситын, араларыңды бұзатын және адамдарды бір-бірімен шағыстыратын адам» деген хадистерін еске алған жөн деп ойлаймын.

Біздің елімізде дін саласындағы мемлекеттік саясат зайырлылық пен діни құндылықтардың балансын сақтай отырып жүзеге асырылып келеді. Былтыр, яғни 2020-жылдың қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдағаны белгілі. Сол кездесуде мүфтият алдағы уақытта «ихсан ілімін», қазақтың данасы Абайдың «кемел адам» концепциясын кеңінен насихаттайтыны айтылған еді. Бұл бастама мемлекет басшысы мен дінбасының елдегі қоғамдық ахуалды жақсартуға деген ізгі ниетінен туындаса керек.

Содан көп ұзамай, үстіміздегі жылдың мамыр айында хазіреті Мүфтидің жетекшілігімен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты көлемді кітап «Мүфтият» баспасынан жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Қолымызға тиген бұл кітаптың мазмұны Жаратушы Алла және адам мен қоғам ара байланыстарындағы ихсан мәселесін қамтиды. Ыждаһатпен жазылған бұл еңбек шектен шыққан кейбір діни ағым өкілдеріне ғана емес, жалпы қоғамдағы рухани ізденіске зәру адамдарға арналып, жаман әдеттерден жиренудің жолдарын үйретіп, жақсылыққа шақырады. Діндегі иман және ислам ұғымдарын толықтыра отырып, ихсан ілімі адам бойында, қоғам болмысында әдеп пен көркемдік қалыптастыруға үндейді.

Ия, ихсан адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім болса, оның биік дәрежесіне ықылас арқылы ғана жетуге болады. Ал ықыластың діни түсінігіне келсек, ол дүниелік пайда көздемей, өзге адамдардың назарына ілігуді мақсат тұтпай, ізгі де шынайы амалдар арқылы Алла разылығын алуға ұмтылысты білдіреді. Ықыластың кері ұғымы – рия, ықыласты қалыптастыру рияны жою арқылы жүзеге асады. Рияның діни мағынасы дүнияуи пайдаға кенелу мақсатында амал етуді және әрекетін әдейілеп адамдарға көрсетуді білдіреді де, оның шариғаттағы үкімі мейлінше қатаң болып келеді. Біздің сөз басында келтірген кесел келеңсіздіктер бұл дүниені мақсат еткен адамдардың риясына жатады және бұл құбылыс әлеуметтік өмір мен руханияттың әр саласындағы - басқару мен бағынудағы, саясат пен құқық қорғаудағы, ғылым мен білімдегі, әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен спорттағы берекесіздіктердің орын алуына ықпал етіп отыр.

Қорыта айтқанда, қоғам жекелеген адамдардың әлеуметтік бірлестігі болғандықтан, бәрінің игілігі әркімнің игілігінен құралады. Әркім үйде де, түзде де бір мінезді болып, өз-өзін есепке алып, өз адамгершілік болмысына сай болып, жан-жағына жағымды қарап, риядан арылуға тырысуы тиіс. Сонда ғана осы шақтағы ортамыз толып, болашағымызға деген сенім мен үміт болады.


Бақытжан Сатершинов,

философия ғылымдарының докторы, профессор