Шалқарда қарттарға құрмет көрсетілді 6727

Шалқарда қарттарға құрмет көрсетілді

14 қазан 2026 151 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Дәстүр және отбасы» бағыты аясында «Қарттарым – асыл қазынам» атты шара өтті.

Шара барысында мешіт ақсақалдарына арнайы дастархан жайылып, үлкендерге құрмет көрсетілді.

Игі шараны Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков ашып, ақсақалдарға алғысын білдірді. Одан өзге Ислам діні мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығына тоқталып, дінімізде үлкенді құрметтеу, қарияларды қадірлеу ерекше орын алатынын атап өтті.

«Қарияны құрметтеу – халқымыздың ғана емес, асыл дініміздің де басты құндылықтарының бірі. Ислам діні үлкенге ізет көрсетіп, оның қадірін білуді мұсылмандық әдептің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Қарияларымыз – талай белесті өткерген, өмірлік тәжірибесімен кейінгі буынға жол көрсететін өнегелі тұлғалар. Ұлттық дәстүріміздің өзегінде жатқан үлкенді сыйлау, ақ батасын алу, өсиетін тыңдау сынды қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Өйткені үлкенін құрметтеген елдің рухани тамыры терең, тәрбиесі берік болады», – деді ауданның Бас имамы.

Тәрбиеге жол бастар шара қортындысында ел игілігі үшін дұға жасалды. Ақсақалдар ақ баталарын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

 Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі