Балық аулаудан спорттық сайыс өтті
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен Шалқар көлінің бойында балық аулаудан аудандық спорттық сайыс өтті.
Мешіт жамағатының өзара бірлігін арттыру, мешіт қызметкерлері мен халық арасындағы байланысты тереңдете түсу мақсатында ұйымдастырылған игі шарада «Тұрақтылықтың негізгі діңгегі – ауызбіршілік. Халқымызда «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөздер бар. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ» деген Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков қысқы балық аулау шарасының маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шалқар көлінде өткен жарыс қатысушыларына Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин сайыстың шарттары мен қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Жоғары деңгейде өткен шараға әуесқой балықшылар қатысып, барлығы 88 азамат бақтарын сынады.
Жарыстың қорытындысы бойынша Аслан Әсетұлы ең үздік ретінде танылып, І орын (30 000тг) иегері атанды. Ал, Саид Қурбангалиев ІІ орынмен (20 000тг) , ІІІ орынмен Шадияр Бағдатұлы (10 000тг) марапатталды. Сонымен қатар, Рашид Янгереев «Ең жасы үлкен балықшы», Бекболат Мұратов «Ең ірі балық ұстаушы» номинациясына ие болып, қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.