Хромтау: Облыстан келген наиб имамдар жұма уағызын жүргізді 2500

Хромтау: Облыстан келген наиб имамдар жұма уағызын жүргізді

17 ақпан 2023 89 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы аясындағы Хромтау аудандық 2 күндік іс-сапар барысында облыстан арнайы келген наиб имамдар жұма уағызын жүргізді.

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты арттыруға арналған сапар барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов Бөгетсай ауылдық «Ақ нұр» мешітінде, ал Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы аудандық «Нұр» мешітінде жұмаға жиналған жамағатқа «Миғраж түнінің артықшылығы» тақырыбында уағыз айтты.

Имамдар «Исра мен миғраж оқиғасы – ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басынан өткен тамаша мұғжизалардың бірі. Бұл оқиғаның біздер үшін берер тәлімі мен ғибраты өте көп. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) былай жеткізеді:

فَأُعْطِيَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ ثَلاثًا: أُعْطِيَ الصَّلَواتِ الخَمْسَ، وأُعْطِيَ خَواتِيمَ سُورَةِ البَقَرَةِ، وغُفِرَ لِمَن لَمْ يُشْرِكْ باللَّهِ مِن أُمَّتِهِ شيئًا، المُقْحِماتُ

«(Миғраж түнінде) Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш нәрсе берілді. Олар: бес уақыт намаз, «Бақара» сүресінің соңғы аяттары және үмметінен Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай, үлкен күнә жасамағандар үшін кешірім жасалды», – деген (имам Мүслим), -дей келе тақырыпты жіті баяндап өтті.

Жұма намазынан кейін наиб имамдар аудан, ауыл мешітінің жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі