Хромтау: «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы аясында 1188 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді 2501

Хромтау: «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы аясында 1188 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді

20 ақпан 2023 140 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, «Ислам – ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты сақтау мақсатында «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы қолға алынып, Хромтау ауданында 2 күндік іс-сапар өтті. 

«Көшпелі уағыз-насихат» құрамында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Алмат Али және Нұрбол Смағұлов, қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі Құлмағанбетұлы, «Сүлеймен ата» мешітінің имамы Ақылбек Уракулов, «Қайырқожа» мешітінің имамы Құлшаров Шыңғыс, «Әл-Латиф» мешітінің имамы Қанат Қасымов, Қобда ауданының Бас имамы Абай Шымболатов, «Мәртөк» ауданының Бас имамы Зарлық Ералин, Ақтөбе облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен республикалық «Мұнара тв» телеарнасының тілшісі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз хатшысы Ақтолқын Тажикова т.б бар.

Іс-сапардың алғашқы күнінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі Нұрлыбек Күзенбаев т.б имамдар Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Рақымжанұлының қабылдауында болып, аудандағы 2 күндік жұмыс жоспары талқыланды.

Әкімнің орынбасарымен кездесу барысында Серікжан Еншібайұлы жергілікті діни ахуалдың жай-күйін айта келе, өңірдегі жат ағыммен күресу жолдары, жамағат арасындағы татулық пен бірлікті арттыру, аудан мен ауданға қарасты ауылдағы дін мамандарына әдістемелік көмек беру жолдарын ашық түрде айтып өтті.

Сонымен қатар Мадияр Рақымжанұлы атбасын тіреп, ауданға арнайы келген облыстың Бас имамына ризашылығын білдірді. Ресми жиыннан басталған іс-сапар аудандық мұражайдағы экскурсиямен жалғасып, дін мамандарына ауданға қарасты құнды тарихи жәдігерлер таныстырылды.
Мұражайдағы экскурсиядан кейін облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам: «Ислам – қоғамдық негізге құрылған дін. Ал дін жекелеген жанға иман байлығы мен жақсы қасиеттер дарытумен қатар күллі адамзат өмір сүретін қоғамға өркениетті жол көрсетіп, ғылым-білімге, ізгілікке, адамгершілік пен тақуалыққа шақырады»,-дей келе ізгі қоғамның маңыздылығына жіті тоқталды.
Аталған оқу орнында Ақтөбе облысы өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз хатшысы қыз балалармен (студенттермен) кездесіп, ізгі қоғамдағы қыз баланың орны туралы баяндады.

Ал аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық акциясына облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Али арнайы қатысты.

«Қайырымдылық – ізгі қасиет» атауымен өткен шарада «Біз «қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған халықпыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті жұмысында қайырымдылыққа басымдық береді. Біз қашан да өз мүмкіндіктеріміз аясында азаматтарымызға көмек беруге дайынбыз. Алла баршамызға жар болсын» деді облыстың Бас имамы. Қасиетті Ережеп айындағы игі істің ізін жалғаған акция аясында Серікжан Еншібайұлы көпбалалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі 20 хромтаулық отбасыға азық-түлік қоржындарын табыстады.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында әйел жамағатына ҚМДБ бекіткен 5 бағыттың бірі – «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша Ақтөбе облысының «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова фиқһ дәрісінің «Жаназа рәсімі» тақырыбы бойынша практикалық сабақ өтті. Сонымен қатар айлық отырыста әйел жамағатына «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбында насихат айтылса, журналист Ақтолқын Тажикова «Жат ағымнан сақтану» туралы баяндап өтті.


РАНТ және ЖАНТ мүшелері 2 күндік іс-сапар барысында Хромтау қаласында, Бөгетсай, Ақжар, Дөн, Қызылсу, Көктау және Никелтау ауылдық округтеріне барып, тұрғындар арасында «Жат ағымның зардабы», «Дінің қоғамдағы орны», «Жат ағымның сипаты», «Ханафи мәзһабының ерекшелігі», «Хадис ғылымындағы Ханафи мәзһабының орны», «Дін ұстансаң – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің», «Дін мен дәстүрдің қоғамдағы орны», «Мұсылманның ауызбіршілігі», «Деструктивті діни ағымның зардабы», «Мейірімділік – асыл қасиет», «Алланың нығметіне шүкіршілік ету», «Ислам және ізгі қоғам» т.б тақырыптар аясында жеке және жалпы кездесулер ұйымдастырылып, 1188-ден астам адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенімін ұстанудың маңызын кеңінен түсіндіріп берді.

Сондай-ақ салт пен дәстүрге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарға құрметпен қарауға үндеді.

Одан өзге іс-сапарда жамағат арасындағы татулық пен бірлікті арттыру мақсатында ұстаз бен жамағат арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, оған 3 топ қатысты.

Аудандық «Нұр» мешіті және Ақжар ауылдық «Ақжар» мешіті мен Бөгетсай ауылдық «Ақ-Нұр» мешітінде «Миғраж түнінің артықшылығы» тақырыбында жұма уағызы жүргізілді.

Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы БАҚ өкілдеріне «Көшпелі уағыз-насихат» жобасы туралы сұхбат беріп, 2 күндік Хромтау сапарының маңыздылығына тоқталды. 

Айта кетсек, «Көшпелі уағыз-насихат» жобасының ендігі сапары мамыр айында Мәртөк ауданында жалғасын табады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі