Халық  бірлігі – ел өркендеуінің берік негізі 798

Халық бірлігі – ел өркендеуінің берік негізі

06 қыркүйек 2021 115 Оқу 1 минут

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 1 қыркүйек күні Жолдау жасады.

Президент жаңа Жолдауында әр қоғам мүшесі Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы керектігін айтты. Ал оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық екіндігін атап өтті.

Одан өзге «қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек»- дей келе, этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажеттігіне тоқтала келе, «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз»,- деп Мемлекет басшысы осы мәселеге басымдық берді.

Расында, халық бірлігі – ел өркендеуінің берік негізі.

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят) делінген. Яғни бұл аятта Алла Тағала адамның түп тамыры бір екендігін айта келе, ұлтына, нәсіліне қарамастан бірлік-ынтымақта өмір сүруге үндейді.

Ал Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзіде осы аят аясында келтірілгені белгілі.

Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды.

Алайда тарихқа зер салсақ, адамзат түрлі діни ағымдарға бөлініп, алауыздыққа барды. Соның салдарынан түрлі адасушылыққа бой алдырып, иләһи дін ұмытылып, түрлі наным-сенім пайда болғандығын білеміз.

Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі.
Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жайуы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық!


Серікжан қажы ЕНШІБАЙҰЛЫ

Ақтөбе облысының Бас имамы