ҰМРА САПАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ 2410

ҰМРА САПАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ

27 қаңтар 2023 98 Оқу 1 минут

Ислам дінінің бес парызы бірі – қажылық сапарын өтеуге биыл еліміз бойынша 4000 кісінің баруы жоспарланып отыр.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 9-12 аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа мырзамен кездесіп, қажылыққа байланысты мәселелерді Қазақстан азаматтарының мүддесі үшін талқылап, қажылықты ұйымдастыруға байланысты екі жақты келісім шартқа қол қойылып, биыл 4 мың отандасымыздың қажылық жасауына рұқсат алынды.

Әр жыл сайын осындай келісім шарт аясында ҚМДБ қадағалауымен және конкурстық негізде қажылық орындарын алған отандық туроператорлардың ұйымдастыруымен қазақстандық әр қажының денсаулығы мен сапардағы қауіпсіздігіне баса назар аударылып, тиісті түсіндірме жұмыстары және уағыз-насихат жүргізіліп қажылық амалдары орындалады.

Мысалы, 2022 жылы конкурстық негізде 4000 қажылық орындарын 14 тәжірибелі қазақстандық турфирмалар алып қажылық сапарын отандастарымызға ұйымдастырған. Олар: Хикмет Тревел, Атлас Туризм, Қызмет Саяхат, Tawaf Travel, Qazaq Travel, Хидаят-Нур, Нұр-Қазақстан, Nurkhan travel, Сембекова и К, Sanabl, Mina travel, Ал-Маруа, Ордабасы-НЖ, Robinzon.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасыныңқажылықты ұйымдастыруға қатысуы ҚМДБ  Жарғысының 2.2 тармағында және діни туризм саласындағы туроператорлық қызметке талап ережелерімен (ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 22 қарашадағы №166 бұйрығы) реттелген.

Алайда, қажылық маусымынан бөлек айларда жыл бойы 20-25 мыңға жуық қазақстандық  азаматтар тарапынан ұмра амалдары орындалады.

Бүгінгі таңда ұмраны әр туроператор немесе турагент, ҚМДБ қатысуынсыз өз қалауы бойынша ұйымдастыра алады.  Себебі Сауд Арабиясыәлемнің елуден аса еліне 1 жылдық туристік виза рәсімдеуге рұқсат берген. Виза 1 жылға беріледі. Бірнеше рет кіріп шығу мүмкіндігі бар. Бір кіргенде 3 айға дейін қалуға болатыны секілді артықшылықтары бар. Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайту жолында орасан зор шаруалар атқарғандығын ескерген жөн. Аталмыш туристік визамен Мекке мен Мәдина қалаларына кіру, ұмра жасау мүмкіндігі және САК-тың барлық өлкелеріне саяхат жасау қарастырылған. 

Сауд Арабиясына баруға Қазақстан азаматтарына туристік виза ашылғалы ұмраға апарушы қазақстандық турфирмалардың саны артып отыр.

Сауд Арабиясына ұмраға жол тартқан азаматтарға сапалы қызмет көрсету және жолда жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалардың жауапкершілігінде.

Дегенмен, осы кезде ҚМДБ тарапынан шара қолдануды сұрап «Каусар Тревел» атты турфирмасының (аталған конкурстық негізде қажылық сапарын ұйымдастырған турфирмалардың арасында жоқ) күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты бірқатар азаматтар Діни басқармаға келіп шағымдануда.

Жоғарыдағы айтылған негіздемелерге сүйене отырып, ҚМДБ-ға қатыстылығы жоқ жеке турфирмалар арқылы ұмраға барушыларды бақылауға алуға және оларға турфирмалар тарапынан жасалатын қызметті қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екенін мәлімдейміз.

 

ҚМДБ Қажылық бөлімі