ЕЛ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН ДІНИ ТҰЛҒА 3139

ЕЛ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН ДІНИ ТҰЛҒА

22 наурыз 2024 66 Оқу 1 минут

Қазақтың қатпарлы тарихы рухы биік тұлғаларға бай. Көнекөз қариялар әлі күнге дейін өшпес рухпен ел жадында қалған тұлғаларды аңыз қылып айтып отырады. Өкінішке орай көкірегі сыр сандық қариялар қатары күннен күнге азайып барады. Мұрағатта қатталмай, ел жадында қалған тұлғалар, әсіресе елдің рухани кемелдеуіне өшпес қызмет қылған діни тұлғалар кейінгі ұрпақтың жадында қалуы тиіс. Өйткені, кеңестік тоталитарлық қоғам халықтың жадындағы тұлғаларды ұмыттыру мақсатында қарқынды шараларды жүргізген еді. Сталиндік саясат олардың есімдерін қана емес, ел мүддесі жолында атқарған істерін, тіпті тұрған жерлеріне дейін ұрпақтың жадынан өшіруге күш салғандығы белгілі. Соның салдарынан есімдері аталмай жатқандары да аз емес. Бірақ ұлттың мәдени игіліктері қаншама талқандау мен тонауға ұшыраса да, сол бір зобалаң уақытқа қатысты тарихи шындық аз болса да халықтың есінде қалды. Тұлғаларға қатысты халықтың есінде қалған дүниелер бүгінгі тарихи жадымыздың өрісін кеңейтуде.

Отаршылық дәуірде ұлт зиялылары дәстүрінің тарихтың үлкен құбылысына айналуы да тегін емес. Бұлай дейтініміз, хандық билік күштеп, қасақана жойылғанымен, діни адамдар қызметтерін жалғастырып, бар мүмкіндігінше ұрпақты елдікке, өнер-білімге тәрбиелеудегі дәстүрдің жойылып кетпеуіне күш салған. Адам сапасы жоғары болуының, қоғамның дертке шалдықпауының түп негізі - имандылық. Ұрпаққа қажет барлық рухани қасиет түрлері осыдан келіп шығады. Мұрағаттан табылып отырған деректерге сүйенсек, патша билігі ұлттық мүдде құндылықтарын жою саясатын жүргізуде, ұлттың ділі мен дінін толығымен әлсірете алмағандығы байқалады. Себебі, қоғамдағы ұлт зиялыларының дәстүрі берік қалыптасқан еді. Қазақтың зиялылары халыққа жақын болды. Тұлғалар институты күштеп жойылғанымен оның ағартушылық өрісі өшмей, сақталып қалды. Соның салдарынан қазақ зиялыларының жаңа буыны қалыптасып, алаш зиялылары деген атаумен тарихта қалды.

Қазақтың байлары мен діни тұлғалары ұлттық мүддені қорғау үшін патша билігімен де белгілі бір дәрежеде қарым-қатынасты ұстап отырған. Ал, большевиктер билік басына келгеннен кейін қазақ қоғамындағы тұлғалар институтын түгелдей жоюға кірісті. Өйткені, қызылдар ұлт тұлғаларының мәдени ортасы мен мектебі сақталған жерде коммунистік идеологияның тамырлана алмайтындығын түсінсе керек-ті.

Дінінен ажырамаған, төл мәдениеті сақталған қоғамның адамын жат саясат құрығына іле алмайды, яғни оның санасына тікелей әсер ете алмайды. Ел жат биліктің қанаушылық әрекетіне көнбейді. Ұлттық рух өзінің бастапқы қалпына қайтып келе береді. Ал, жекелеген адамдардың санасы мен болмысы жат мінез түрлерінен (әсершілдік, әсірешілдік, еліктеушілік, жағымпаздық, атаққұмарлық, пайдакүнемдік, парақорлық және т.с.с.) қашық болады. Осы себептен де, большевиктер ұлт тұлғаларының мал-мүлкін тартып алып, түгелдей жойып жіберуге барынша күш салғаны белгілі.

1920 жылдан кейін дін өкілдерін қудалау басталған. Бастапқыда мешіттер мен медреселерді «тіркелмеген» деген сылтаумен қысымға алса, ал 1928 жылдан кейін байлардың мал-мүлкін тәркілеп, қуғындады. Өткен ғасырдың басында, яғни кеңес үкіметі құрылған тұста Ақтөбе облысының өзінде жүзден астам мешіт-медреселер болған. Олардың барлығының жанында елді асырайтын үлкен шаруашылықтар жұмыс жасаған. Анықталып отырған кейбір мешіт орындарына мән бере қарасақ, діни қайраткерлердің елдің тұрмыс қалпын сақтаған, шаруашылықтың шайқалмауына, жұрттың күйзелмеуіне қызмет еткен кісілер екендігін көреміз.

Қоғамның төл мәдениетін сақтап, рухын жетілдірудің негізгі принциптерінің бірі тарихи сананы жетілдіру болып табылады. Ал, қазақтың діни адамдары қоғамның діни сауаттылығын көтерумен бірге тарихи сананы да (тарихи санасы жоғары ел өз кезегінде жер мен ел болмысын қатар қорғауға қабілетті болады) нығайту жолында күш біріктіре білген. Діни тұлғалардың отырған жерлері (сақталған орындары) «ұлттық рух», «қасиет» пен «киелілік» ұғымдарын кейінгі ұрпаққа тарихи шындық, тұлғалық құбылыстар негізінде тереңнен түсіндіріп отырары анық. Қазіргі уақытта Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тарихи санаға қатысты мәселелер мен әлеуметтік бастамалар осы киелі жерлерді ұлттың жадында сақтауға бағытталған. Бұған кешегі кеңес билігі тұсында жазықсыз қуғындауға ұшыраған діни тұлғалардың отырған жерлерінің де қатысы бар екендігін ескеруіміз керек.

1930 жылдары сталиндік саясаттың қудалауына ұшыраған тұлғалардың бірі - Сары ишан. Сары ишанның Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Ыскөл маңында орналасқан мешітінің орны әлі күнге дейін толығымен тіркеуге енбей қалған, яғни зерттелмеген. Көп жерлерде жерленген жері қана бар. Сары ишан ХІХ ғасырдың аяғында Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи медресесінен білім алып, сол жақтан Ырғыз өңіріне арнайы жіберілген білімді адамдардың бірі. Бұқарада болып, сол жақтан да діни білім алған. Ал, Ыскөлдегі мешіті 1880 жылдары салынған. 1926 жылға дейін жарты ғасырға жуық уақыт сол жерде отырып бала оқытқан, басқа да ағартушылық істермен айналысқан.

Ырғыз бен Торғай өңірі Кенесары хан тұсында да халықтың күш біріктіріп, патша саясатына қарсы күрескен жерлердің бірі. Сол кездегі оқиғалардың барлығын жадында сақтаған халықтың озбыр саясатқа деген қарсылықтары сейілмей ұлт-азаттық көтерілістерге ұласып отырғаны тарихтан да белгілі (патша үкіметі бекіністерін салып, армиясын

күшейткеніне қарамастан). Ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістер бірінен соң бірі орын алып отырды. Ұлттың рухани тамырларының бір бөлігіне айналған аймақта осындай әулие кісілердің қазақ балаларына оқу-білім үйретуінің өзі үлкен ұлттық стратегия екендігін түсіну де қиын емес. Осы себептен де болар 1926 жылы Ырғыз, Торғай өңірлеріндегі мешіттерді жабуға қатысты қатаң тапсырмалар берілген. Мәселен, осы жылдың 10-шы сәуірінде әкімшілік бөлім бастығынан Торғайдағы жергілікті милиция бастығына құпия түрде мешіттер мен медреселерді жабуға қатысты хат жолданған (Переписка с НКВД К ССР о религиозных школах вероучения // Ақтөбе ОММ.- 4-қ.;1-т., 44-іс-1-22 пп.).

Ал, 1937-жылы 22-қаңтарда өткізілген Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің VІІ пленумының қаулысында партия жауларына қарсы күресті күшейту мәселесі қайта-қайта айтылып, әcіpece Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян, Қазалы аудандары, Батыс Қазақстан облысының Орда, Жамбейті аудандары, Шығыс Қазақстан облысыньң Бесқарағай, Жарма, Ұлан аудандары мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданын қазақ ұлтшылдығының, ұлтшыл ұйым ордасы ретінде бағалап, оларға қарсы күресті күшейту қажеттілігі көрсетіледі. Ырғыз ауданының қазақ «ұлтшылдығының», «ұлтшыл ұйым» ордасы деген атаққа ілігуінде де үлкен саясат жатыр.

Сары ишан ел арасында үлкен беделге ие болған адам. Себебі, ол кісінің шын есімі Қожахмет болса да, халық құрмет тұтып, қадірлеп Сары ишан деп атаған екен. Ол кісі Ыскөлде халыққа білім берумен қатар үлкен шаруашылық та ұстаған. Сол уақытты бала кезінде көрген үлкен кісілердің айтуы бойынша, ол кезде бұл жерлердің де табиғаты басқаша болған. Ыскөл, Пішенкөл, Мантай, Қалыбай жерлерінде қардың қалың түсетіні, жауынның мол болатыны сондай, көктемде көлге толған су ала жаздай тұратын көрінеді. Айналасына қамыс, құрақ өскендіктен бұл жерлерге үйрек, торы ала қаз молынан ұялайтын болған. Ашаршылықтан кейінгі жылдары, тіпті 1950-ші жылдарға дейін сол маңдағы ауыл балалары шілде, тамыз айларында ұша алмай, мамырлап жүрген үйректің балапандарын ұстап, ауыл адамдары (мал болмағандықтан) көлдің байлығын азық қылған екен.

Сары ишанның өзі салдырған мешіті мен медресесі 1926 жылдары күштеп жабылғаннан кейін, ол кісінің мал-мүлкі де тәркіленген. Колхоз басшылары жоғарыдан келген тапсырмамен мешітке мал қаматқан. Сол кездің әңгімесін есінде сақтаған кісілердің айтуынша: «Күз айлары болса керек, кешкілік байланған малдар таңертең байланған күйі ұйықтап жатқандай өліп жататын». Осындай оқиғадан кейін кеңес үкіметі мешітті бұздырып, оның барлық материалдарын түгелдей мектеп, басқа да құрылыс жұмыстарына пайдаланған. Осындай сұмдық жағдайлар сол уақытта мешіті бар қазақ ауылдарының барлығында да орын алған еді. Ыскөлдегі діни ғимарат орындарында топырақ үйінділері кездеспейді, барлығын сол кезде тасып алып кеткен. Тек ғимараттың ең бірінші қатары топырақтың астында қалған. Сары ишан кеңес үкіметінің қысымынан кейін отбасымен басқа өңірге қоныс аударуға мәжбүр болған. 1933 жылы Қарақалпақстаннан туған

жерін қимай отбасымен елге қайтып келіп, бір жылдан соң Қарабұтақта қайтыс болады. Қайтыс болар алдында балаларына осы Қарабұтақтағы Шаңғытбай қажының қасына жерлеуді өсиет етеді. Шаңғытбай қажы Сары ишаннан бір жыл бұрын 1933 жылы қайтыс болған еді. Сары ишанның баласы Әбдіғани 1937 жылы сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрығына ілікті. Әбдіғани басқа елде білім алған сауатты кісі болған. Сары ишанның діни ұстаз, әулие, ғалым адам болғандығын жергілікті халықтың бәрі де біледі.

Қазір мешіттің орнын құм басқан, бұрынғыдай емес кейбір жерлері топырақтың астында қалған. Оның үсіне осы тарихи орынның маңына әлі күнге дейін мал қамалып келген. Мешіттің орнын есептеп қарағанымызда ғимаратта үш бөлме болған. Ұзындығы шамамен 16 метр, ені 12 метр. Қатарынан екі үлкен бөлме, азан шақыратын бөлме болуы керек, тағы бір шағын бөлменің орны бар. Мешіттен 20-30 метр көлге жақын жерде тағы бір ғимараттың орны байқалады. Ғимарат орнында шағын бөлмелердің ізі бар. Көлемі мешітке қарағанда үлкен, бұның да біраз бөлігін құм басып кеткен. Мешіт қабырғасы 4 қатар кірпіштен қаланған. Сырт көзге мешіт кірпіштері көк түсті саз балшыққа ұсайды. Бірақ, әлі күнге дейін сол күйінде сақталғанына қарағанда оның құрамында басқа да заттардың қосындысы болуы мүмкін. Осы Мешіт орнынан 300 метрдей жерде ескі қорым бар. Бұнда шамамен 7-8 адам жерленген. Бұны да мал тұяғы басқан. Бірақ, бейіттердің орындары сақталған. Осы қорымда Сары ишанның 1893 жылы туылған баласы Мұхамбетали жерленген. Сонымен қатар, осы қорымның жанында 1937 жылы репрессия құрбаны болған Сары ишан – Қожахметұлы Әбдіғаниға белгі қойылған. Екі белгіні де Сары ишан ұрпақтары 1993 жылы қойған.

Кезінде елге аянбай қызмет еткен, терең діни білімімен халыққа шамшырақ болған осы бір киелі орынды ұлттың жадында сақтап қалу қазіргілердің адамдық борышы. Ол үшін мешіт пен медресе орны, сонымен қатар осы маңдағы қорым айналасы қоршалып, мемлекеттің қарауына алынуы тиіс. Бұл маңдағы қорымдарда небір тұлғалар жерленген болар. Себебі, бұл жер үлкен орын болған. Әлі де сыры ашыла қоймаған тарихтың жатқандығы сезіледі. Қызылдар саясаты халықты қырғынға ұшыратқанда, оқығанын құрметтеген, кітапты қадірлеген ата-бабаларымыз көптеген мәдени жәдігерлерді, діни кітаптарды осындай жерлерге де көміп кеткен болар. Осы жолы барғанымызда қыш құмыралардың сынықтары құмның асынан шығып жатты. Бір қана құмыра сынығының өзі бұл жерде түрлі мәдени жәдігерлердің де болғандығын растап отыр. Сары ишанның өзі білім іздеп көп жерлерде болды. Бұқарадан әкелген кейбір заттары да осы топырақтың астында қалуы мүмкін.

Сары ишан Ыскөлде отырып елге қызмет ететін терең діни білімді адамдарды шығаруды көздегендігі анық. Өкінішке орай, олардың арманы толығымен орындалмады. Сары ишан, сол кездегі өзге де байлар мен діни тұлғалар туралы көп нәрсені айтуымызға болады. Әлі де зерттелмей жатқан дүниелер қаншама! Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып отырған бүгінгі жұмыс барысында түрлі тарихи орындар, соның ішінде мешіттер мен медреселер тұрғызылған жерлер, қазақ байларының отырған жерлері, ұлт-азаттық көтеріліс пен ашаршылық, репрессия құрбандары жерленген жерлер толықтай анықталып, оларға белгі қойылуы болашақ үшін де маңызды мәселе деп есептейміз.

Сары ишанның елдің есінде қалған қасиеттері көп. Оны зерттеп, мұрағаттан деректерді табудың өзі бір бөлек мәселе. Бұл кісінің халықтың тарихи санасына айналған рухынан кеңес өкіметінің кешеге дейін сескенгендігі сондай, 1970 жылдардың өзінде осындай кісілер шыққан жерлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, қайта-қайта дін өкілдерін сынап, олардың қызметін терістеп мақала жазу туралы тапсырмалар беріліп отырған. Сондай жағдайды көзбен көрген ағаларымыздың бірі: «жоғарыдан сондай тапсырмалар келгенде құдайдан қорқатынбыз, үкіметтен тағы қорықтық, бірақ ақыры жазғанымыз жоқ» - дейтін. Тәуелсіздіктің арқасында ұлт қана емес, руханиятымыз да еркіндікті еншіледі және тәуелсіздік бақыты бүгінгі ұрпақтың алдында қандай міндеттер тұрғандығын ұғындыруда.

Түркі-қазақ мәдениетінде діни әрі ойшыл адамдардың ортағасырларда негізін қалаған мектептері күні кешеге дейін жалғасын тауып отырды. Бұны бүгінгі ұрпақ толығымен біле де бермеуі мүмкін. Осы рухани дәстүрдің түп тамыры Сары ишан сынды кісілердің діни ағартушылық қызметтері арқасында сақталды. Тамыры мықты ағаштың биік болатындығы секілді, рухани тамыры терең ұлттың болмысы да терең болады. Ұлт мәдениеті мен болмысының беріктігі рухани тереңдікке байлаулы. Дініне беріктік қоғамның рухани тереңдігінен білінеді. Біздің ойымызша, тарихтағы тұлғалар мен олардың қолтаңбасы қалған киелі жерлер осы бір жалпыға ортақ рухани беріктіктің тұғыры болары анық. Осы себептен де, кешегі большевиктердің дінге тиісіп, мешіт-медреселерді бұзып, орнын тегістеп кеткен кесірлі қылықтарының астарында үлкен саясат жатыр. Большевиктер дәурені келмеске кетті. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», - деген даналық бар. Біз асықпағанмен табиғат, уақыт адамды күтпейді. Уақыт өте келе орны көмескіленген тарихи орындарды зерттеу де қиын болатындығы сөзсіз. Мемлекет тарапынан осындай тарихи жерлерді сақтап қалуға ерекше көңіл бөлінуде. Алайда, осындай киелі орындарды белгісіз қалдыруымыз қалай? - деген сұрақтың кез - келген көзі ашық, көкірегі ояу адамды мазалайтындығы анық.

Сәрсембин Үмбетқан,

Философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Қазақ үні