КЕҢЕС БИЛІГІНІҢ ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫН ЖОЮ САЯСАТЫ 3138

КЕҢЕС БИЛІГІНІҢ ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫН ЖОЮ САЯСАТЫ

28 наурыз 2024 189 Оқу 1 минут

Үмбетқан  СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің кафедра меңгерушісі,

философия ғылымдарының кандидаты

Кеңес үкіметінің қазақ қоғамының ішкі құрылысын өзгертуге бағытталған саясаты ең алдымен қазақ ауылдарын жоюдан басталғаны тарихтан белгілі. Өйткені, ауыл ұлттың ұясы еді. Ауылдарды жою саясаты бірнеше бағытта, кезең-кезеңімен жүргізілді. 1923 жылдары қазақ қоғамындағы діннің қызметін шектеуге қатысты үкімет қаулылары жариялана бастаса, 1925 жылы ауылдық кеңестерді, жаңадан жұмысшы поселкелерін құрып, қазақ ауылдарын соларға көшіру жұмыстарына қатысты тапсырмалар түсе бастаған. Қазақ даналығында «Ауыл – ел бесігі»   деген түсінік бар. Ауыл – тарихи мағынаға ие ұғым. Осыны түсінген кеңестік билік жергілікті ұлт көп шоғырланған аймақтардағы қазақ ауылдарын жою, өзгерту жұмыстарына ерекше мән берген.  
Қазақ ауылдары ғасырлар бойы ұлттың болмысы мен мәдениетінің рухани кіндігі болғаны белгілі. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі әуелден мал шаруашылығына тәуелді. Әлихан Бөкейханов айтқандай, жер малды, мал қазақты асырайды.  Өмір сүру атамекен жағдайына тәуелді болғандықтан, ұлттың барлық құндылықтары ең алдымен оның географиялық кеңістігін, жер байлығын дұрыс игеруге бағытталып (қызмет етіп) отырған.

Жер байлығын дұрыс игеруде ел басшыларының рухани қызметі, батырлардың ел қорғау дәстүрі ерекше көзге түседі. Ел қорғайтын, ұлттық рухты сақтайтын адамдар өзінің ата-бабасынан келе жатқан төл дүниелерді толығымен меңгерудің нәтижесінде қоғам алдына шығып отырады.   Көшбасшы адам өзінің рухани қалыптасуы барысында өзіне қажет тәжірибені ең алдымен ауылдың рухани-мәдени өмірінен үйренген. Ойын  баласынан бастап қарияларға дейінгі ұрпақ  сабақтастығы, өзге де қарым-қатынас түрлері елдің болмысымен, түрмыс-тіршілігімен байланысты. Қазақтың ұлттық ойындарының өзі балаға ұқыптылықты, мергендікті, жинақылықты, дәлдікті, батырлықты үйретуге бағытталған. Бүгін тайға мініп жаттығып өскен бала ертең ел қорғайтын батыр болады. Яғни бала жас кезінен шынығып, шыңдалған. Осындай адам өміріне қызмет ететін игі бастамалар тарихтағы қазақ ауылдарының рухани өмірінде жүзеге асып отырды.

Қазақ ауылдары сақталған жерде ұлттың барлық игіліктері қолданысқа түсіп,  өзінің рөлін бекітіп отыратындығын большевиктер көзбен көрді. Ауылындағы ұлттық мәдениетінен сусындап, елдің тұрмыс-тәжірибесімен етене араласып өскен балаға ертең ер жеткен соң  ел басқару, оның мүддесін қорғау ісі қиынға соқпайды. Ауыл сақталса қазақ та сақталады,  ұлттың өзіндік санасы қайта қалпына келіп отырады. Себебі, ата-анасын, айналасын,  елдің өмір сүру тәсілдерін терең білген адам оған сатқындық жасамайды. Қазақтың рухани өмірінің бұрыннан-ақ, сонау патша заманында зерттеліп қойғандығы белгілі. Ал, большевиктер қазақ ауылдарын рухани орталықтар деп таныған. Сол үшін олар елге, ауылдарға рухани тірек болып отырған ауқатты адамдардың және  діни тұлғалардың рөлін жойып жіберудің неше түрлі амалдарын біртіндеп енгізе бастаған. 

Біріншіден, мешіттерді тіркету, діни қоғам ретінде қайта құру, үкіметке арнайы салық төлеу міндеттелді. Құдайға құлшылық ететін адамдардың әлеуметтік мәртебесі белгіленді. Ауылдарда Кеңес үкіметіне тіркелген мешіттерде Құдайға құлшылығы үшін салық төлейтін адамдардың саны 20 адамнан кем болмауы керек және олардың ішінде әлеуметтік мәртебесі жоғары, білімді, бұрын елге қызмет еткен адамдар болмауы керек. Сонымен қатар, Кеңес үкіметінің талабын орындап, бекіткен ережеге бағынған діндердің барлығына бірдей ерік берілді.

Екіншіден, елдің мәдениетінде бұрыннан келе жатқан діни мерекелер, садақа беру, ауқатты адамдардың қоғамға жәрдемдесуі, той жасау  және тағы да басқа  елді ортақ іске жұмылдыратын қайырымдылық түрлерін шектеді. Мешіт ұстап, медреседе бала оқытып жатқан ұстазға қолдау көрсетіп, көмектесуге шектеу қойды. Соның ішінде мешіттерде жиналған адамдарға Кеңес үкіметінің саясатын талқылауға қатаң тыйым салынды. Деректерден үзінді келтірсек: «Благодаря культурной отсталости казакского населения и др. восточных народностей, находящихся в Казакстане, мусульманское духовенство до сих пор имеет большое влияние на население. ...Пользуясь почти неограниченным влиянием на население, мусульманское духовенство ведет определенно враждебную политику против всех тех мероприятий советской власти, какие ею проводятся для поднятия культурного уровня населения и для улучшения жизненных условий и быта трудящихся масс. В этих целях мусульманское духовенство пытается удержать в своих  руках народное образование – оно открывает и поддерживает нелегальные школы. ...Превращает религиозные общины в политические  организаций, противодействующие советской общественности. И отравливает верующих на неверующие, путем составления списков. Ведет агитацию против членов союза «КОШЧИ», обьявляя их «Кафирами». Занимается провокацией, распространением контр-революционных слухов и т.д. Такой образ действии мусульманского духовенства вынуждает Советское правительство принять ряд соответствующих мер, в том числе и по административной линии...» [1, 23-п.]. 

Қазақ ауылдары тек қана мал шаруашылығын жүргізу тәртібінен тұрған жоқ. Ауылдардың жанында үлкен орталыққа айналған мешіт, медресе, халыққа қорған болған тұлғалар жерленген қорымдар болды. Халықтың санасы ортақ құндылықтарға бағынды. Ар мен ұят түсінігі әр адамның өзіндік санасының түп қазығына айналып отырды. Осындай әдеп түрлерін большевиктер терістеп, қаралап отырған. Сол кездегі қазақ қоғамынан шыққан ірі тұлғалардың тағылымына қарап, отбасының рөлі жеке адамның ғана емес, ұлттың болашағын айқындайтын үлкен институтқа айналып отырғандығын көреміз. Туыстық қатынастың өзі ұлттық мүддені қорғауға қызмет етіп отырған. Ұрпақты кісілікке тәрбиелейтін ұлт игіліктерінің  барлығы АМАНАТ деп үйретілді. Осының негізінде небір тұлғалар өсіп-жетілді.

Большевиктердің қазақ ауылдарын жоюдағы саясатының халыққа ауыр тигені сондай, ел аштыққа ұшырады. Себебі ауылдардағы үлкен орталыққа айналған мешіттерді қыспаққа алу, діни тұлғаларды, өзге де елдің бетке ұстар адамдарының еркіндігін шектеу саясаты, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, кез келген жөн білетін ел адамына жүргізілген қысым («байшыл, атқамінер, банды» деген жала түрлері), ақыр соңында халықтың еріксіз босқынға айналуына дейін жеткізген. Басында большевиктердің ұжымдастыруын қазақ қоғамы тегістей қабылдаған жоқ. Мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен басқа жаққа жер аударылып жатқан байларға ара түскендер көп болған. Солақай саясаттың салдарынан үлкен көтерілістердің орын алғандығы белгілі. Осы көтеріліс басшыларын жойып, оған қатысқан адамдардың басым бөлігін   басқа жаққа жер аударғаннан кейін қызылдар мал, ет дайындау жоспарын желеу етіп, көптеген ауылдарға қысымын одан сайын  күшейте үскен. Мәселен 1931 жылы 26 ақпанда өткен Ырғыз аудандық партия комитетінің бюро отырысында аудандағы мал, ет дайындау жоспарының орындалуы талқыланған. Сонда етке тапсырылатын мал санын толықтыру мәселесіне қатысты былай деп қаулы шығарған: «Мал дайындау жұмысының әлі қарқыны енген жоқ, нашар жүріп келеді. Бүгінгі күнге дейін орындалған 30%-ақ.  Байлардың жасырған малын шығарып, оларды толық есепке алу жұмысы өте нашар. Сондықтан мал дайындау жұмысының нашарлығы кімнен айып екенін ашу үшін бригада жіберіп, дайындау орындарын екі күн срок ішінде тексеріп, қара шаруа бақылау инспекциясына жүктелсін. Малын жасырып, кемітіп, жоқ қылып отырған байлардың жасырған малдарын табу жұмысы күшейтілсін... Жасырғаннан табылған малдар алынып, даярлау орындарына тапсырылсын...» [2, 16-п.].

Ірі байлар отырған қазақ ауылдарының мал-мүлкін тәркілеуде коммунист жасақтары құрылып, олардың қолына қару берілген. Қазақ қоғамындағы байлар институтын түп-тамырымен жою саясатының құрығына байдың төңірегіндегі қарапайым адамдар да іліккен. 1931 жылдары аудандарда өткізілген партия отырыстарының хаттамаларында байлар деп отырғаны ауыл адамдары болған. Себебі, ең ықпалды байлар 1927-28 жылдан қалмай-ақ сайлау құқынан айырылып, басқа жаққа жер аударылған. Осы кісілердің мал-мүлкі тәркіленгенімен, Алаш идеясының ықпалының жойылмайтынын көрген большевиктер Кеңес билігіне халықты біржола тәуелді қылу жұмыстарын күштеп жүргізді.  Бір ғана Ақтөбе облысындағы жағдайға келсек, 1929-30 жылдары орын алған көтерілістерді (Батпаққара, Ырғыз, Тоқа, Қарабұтақ, Адай, Табын, Назар және т.б.) жаншып, күштеп басқаннан кейін осы аймақтардағы ауылдардың барлығы Кеңес үкіметінің қатаң бақылауында болған. Ауыл адамдарының малдарын азайтып, олардың күшін колхоз жұмысына пайдалану көзделді.

1931 жылы 20 ақпанда өткізілген Ырғыз аудандық партия комитетінің отырысында: «Аудандық атқару комитетінің бюросы өлкенің берген мал жоспарын қабыл алмай кемітіп алғандығын орасан саяси қатер деп табады.  Бұл нағыз оңшылдық болғандығын анық мойынға алады... Дайындық орындарының және уәкілдердің мал дайындауға салып отырған күші, қарқыны түкке тұрмайды... Дайындаушы орындардың істеген ісін бақылап отыру прокурор мен саяси мекеме уәкіліне тапсырылсын. Мал дайындау ең артта қалып, 5 күндік ақпарды бермей отырған уәкілдер мен ауыл кеңестерін тексеріп, оларды сотқа тарту аудандық атқару комитетінің фракциясына тапсырылсын. Қазіргі хәл орасан жедел қызмет істеуге керек қылады. Міне осы жағдайды есепке алып, ауылдарға тағы да 10 уәкіл жіберілсін. Барлық ұяларға кандидат группаларына және уәкілдерге өлкелік комитет бюросының қарары туралы хатқа жазылып, оларға әлі де болса жұмысты күшейту барлық уәкілдерге, партия қатарындағыларға большевиктік жігер салып, барлық ауыл жұртшылығымен бірге өлкелік берген жоспарының жүрегінде болуы тапсырылсын...  Батрак, кедей, орташалардың арасында әлеумет жұмысы әлі жеткіліксіз, нашар болып келеді. Байларға, әлділерге қысым беру ісі тіпті нашар. Сондықтан байларды аяусыз жазалап, олардың жасырғандарын тез тауып, таптық борышты орындап шығуға барлық еңбекшілер жұртшылығы шақырылсын...  Жоспарды уақытында асыра орындау үшін аудандағы барлық ұйымдардың ынтасы арттырылсын. Байлармен әлді шаруаларға берілген жоспарды тез ендіру амалдары, байлардың жасырған малын табуға барлық жұртшылық ұйымдастырылсын. Олармен аянбай күрес тез ашып, тез соттау ісі қолға алынсын» деп жазылған [2, 12-13 пп.].  

1926 жылы Қызылорда қаласында өткен ҚазОАК-тің 5 шақырылымында қазақ ауылдарын жойып, жұмысшы поселоктарын құруға қатысты мынадай шешім шыққан: «В местностях редко населенных  кочевых и кочевых районах КССР, где растояние между отдельными селениями и аулами боле 35 верст. Постановлениями соответствующих (губ.обл окр). Исполкомов образуются отдельные аульные, сельские и кишлачные советы и в аулах и селениях с количеством населения менее 300, но не менее 150 жителей, причем и состав Аулсельсоветов в этих селениях может быть понижен до 3-х человек» [3, 2 п.]. 

Елдің тұрмысы ең алдымен оның болмысына тәуелді.  Ал елдің тұрмыс-тіршілігі ең алдымен оның территориясының табиғи жағдайына бағынады. Мәселен, қазақтың қолөнерін, сөз өнерін, күй өнерін, атқа міну мәдениетін, туыстық қатынастары төл мәдениеттің, қазақ қоғамының артта қалғандығын көрсетпейді. Қазақтың киіз үйі ұлт шаруашылығын жүргізу тәртібінен туған.  Киіз үй бөлшектерінің өзінде танымдық нәрселер мол. 

Сол кездегі қазақ ауылдарының орналасуына зер салғанда, олардың табиғаты ерекше жерлерге орналасқандығын байқаймыз. Қазақтың байлары ауылдың шетінде немесе малдың көптігіне байланысты жерді тоздырмау үшін жанындағы аз ғана үймен ауылдан бөлек отырған. Халық малды көп ұстағандықтан, ауылдағы үйлер саны 15-20-дан аспаған. Қазақтың байлары патша заманында-ақ сот, болыс қызметтерінде жүріп, бірнеше ауылды басқарған. Сол кездің өзінде қызметте жүрген байлар елдің пайдасы үшін  шағын ауылдарды қалыптастырып отырған. Тарихтағы қазақ ауылдарының орналасу ерекшеліктерін қарағанда, Жүсіпбек Аймауытұлының мына бір сөзі  есімізге түседі: «...Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білген халық екен... Қазақтың ұлттық қалпы өзгерді. Тірлігі мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті. Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты денелі өсетін қазақ тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себептен адамның өсімі де кеміді» [4, 116-б.]. 

1931-33 жылдары қазақ қоғамында орын алған аштық, індет түрлері Кеңес билігі жүргізген солақай саясаттың салдарынан қатты өршіген. Себебі, халықтың қолында жейтін түк қалмады, далада шынығып өсетін халық бұрынғы тұрмыс қалпынан қол үзді. Соның салдарынан аурудың түрі көбейіп, адам шығыны көп болған.

Бұрынғы қазақ ауылында рухани орталықтар, көшбасшы тұлғалардың тағылымы арқылы халық ортақ ережеге бағынып, ұлттық бірегейлікте өмір сүрген. Оның тұғыры – елдік сана. Байлар мен діни тұлғалар ұлт зиялыларының қатарындағы адамдар болды. Алаш зиялылары елдік сана арқылы қалыптасты.

Тарихтағы қазақ қоғамында рух тазалығын сақтаудың өзіндік тәртібі мен ережесі ерте қалыптасты. Бұлар дұрыс сенім, кемел білім, таза ақыл, дұрыс көзқарас арқылы қоғамына тегістей көрініп отырған. Осыларды сақтай алған ауылдар рух тазалығына кепіл бола білді. Қазақта жиі айтылатын сөздің бірі «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұғым. Оның астарында  ата-баба рухы ең алдымен жер мен елді (ұлттың негізгі мүлкі) қатар сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстай алғанда ғана күшейеді деген мағына жатыр. Кеңес билігі жойған ауылдардың орнынан осы дәстүрдің ізін анық байқаймыз. Сол кездегі ауыл маңындағы бейіттерге ірі тұлғалар жерленген. Ауылдарда мешіт ұстаған кісілердің өзі нар тұлғалар болған еді. Ал, оларды қалыптастырған кісілер осы ауыл маңындағы қорымдарда жатқандығы анық.

Мәселен, қазіргі Ырғыз ауданының Құтикөл ауылынан 35-40 шақырым жердегі Ақсай ауылының орнында революцияға дейін үлкен ауыл болған.   Ақсай ауылында Мәтіқұл деген бай болған. Ал оның баласы Орман деген кісі де үлкен дәулет иесі атанған адам. Бұл кісі 1918 жылы қайтыс болған. Көнекөз қариялардың айтуынша,  осы жерде 300-ден астам шаңырақ болған. Үлкен рухани орталыққа айналған мешіт болған. «Мәтіғұлұлы Орман өте зерек, жан-жақты білімді адам болған. Осы жерден Аралға баратын жол бойында өзен жағасына мешіт, бала оқытатын медресе салдырған. Осы мешіт тұрған жерден  4 шақырымдай жерде көл жиегінде  үлкен қыстаудың орны кешеге дейін көрінетін» дейді ауыл ақсақалдары. Ақсай ауылын 1919 жылы большевиктер  «Жалаулы» деп өзгертіп, кейін 1929 жылдары бұл ауылдың ауқатты кісілерінің мал-мүлкі тәркіленген. Осы жерде тұрған үйлердің адамдары 1931-33 жылғы аштықта жан-жаққа бас сауғалап кеткен. 

Ақтөбе облысының аудандарында ауылдардың орны көп. Сондай ауылдардың бірі ретінде Қарғалы ауданындағы Қарғалы, Дамбар, Шаншар өзендерінің жанындағы ауылдардың орнын айтар едік. Бұл ауылдардың  жанында үлкен мешіт, медреселер болған. Үлкен ескі қорымдардың орны әлі күнге дейін тұр. Қорымдағы құлпытастардың көбі шағатай әрпі араласқан төте жазумен жазылған. Осы ауылдарға тұтқа болған кісілер де сталиндік репрессия құрбаны болды.            

Қызылдар билігі келгенге дейінгі қазақ қоғамының тарихи өміріндегі кемеңгерлік пен зиялылықтың рухын салмақтап, біріктіріп отыратын  орталық іспетті қазақ ауылдарының күштеп жойылуы тегін емес.   

Халықтың діни сенімін, ұлттың өзге де рухани дүниелерін шектеп, ұлт зиялыларын қудалау «советтік сананы» қазақ қоғамына қасақана күштеп  енгізу үшін жасалды. Егер уақыттың қоғамнан, қоғамның адамнан талап ететіні жасампаздық, бәсекеге қабілеттілікті арттырып отыратын игілік түрлері болса, бұлардың қоғамда өмір сүруіне кепіл – көзі ашық, көкірегі ояу,  ар-ұжданы жоғары адамдар. Дін мен төл мәдениетіміз большевиктерге «кедергі» болды.  Большевиктер жүргізген дінсіз қоғам құру саясатының негізгі астарын осыдан-ақ байқауға болады. Аштықтың, елдің беткеұстар адамдарының сталиндік репрессияға ұшырауы халықтың бойында үлкен қорқыныш ұялатты. Кеңестік билікке бойында үрей, қорқыныш ұялаған халықты басқару оңай еді. Өзіне сенбей, өзгеге сенетін адамдарды қалыптастыру көзделген. Қазақ философиясында тәуекелшіл болу деген түсінік бар. Бұның мәнінде әуелі адам өзіне сенімді болуы керек. Өзіне сенімді болу үшін адам ақыл, тәрбие, мінез, білім, имандылықты иеленуі тиіс. Бұлардың бәрінен жұрдай, өзіне сенімді емес адам кімді қорғай алады?

Ұлттың болашағы үшін қоғамның саулығы өте маңызды. Қоғамның саулығы бірнеше қырымен көрінеді. Әуелі халықтың денсаулығы, екіншіден, рухани  биіктігі. Бұны мінсіздік дейді қазақта. Үшіншісі – жақсы тұрмыс. Бұл үшеуіне де тікелей әсер етіп отыратын тарихи сабақтастық, тәрбие мен білім, қоғамның болашаққа үлгі болуы. Яғни, қоғамда ортақ мақсат, ізгі қасиеттер болуы қажет.  

Мәдениеттің бастапқы әрі негізгі принципінің өзі жанды, сананы жетілдіруге бағытталғаны белгілі. Қазақ қоғамында ұлтты жетілдіру ісінде негізгі салмақ билерге, жырауларға, өзге де талант иелеріне түсті. Ал, отаршылдық заманында бұлардың күштеп жойылғаны белгілі. Арғы жағындағыларды айтпағанның өзінде, берідегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сынды тұлғаларды шығарған қазақ ауылдарының тарихтағы орнын қалай ұмытамыз? Сол кездегі рухани орталыққа айналған орындардың қазіргі университеттер мен ғылыми институттардан кем жұмыс істемегені анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Циркуляр центрального административного управления КазАССР о мерах борьбы с вредной деятельностью мусульманского духовенства // Ақтөбе ОММ.- 4-қ.;1-т., 56-іс.-1-56 п.

2.Протоколы бюро райкома партии // Ақтөбе ОММ.- 5-қ.;1-т., 107 іс.-1-227 п.

3.Выписка из протоколов президиума КазЦИКа о районировании и сведения о населении Актюбинской губернии // Ақтөбе ОММ.- 4-қ.;1-т., 31-іс.-1-22 п.

4.Аймауытов Ж. Бес томдық шығ. жинағы. 5-т. - А.: «Ғылым», 1999.-304 б.