Мазар мәдениеті 563

Мазар мәдениеті

26 ақпан 2021 609 Оқу 1 минут

Алла Тағала Қасиетті Құранда Мүлік сүресінің 2 аятында: «Алла Тағала сендердің қайсыларың жақсы амал жасайтындарыңды білу үшін өмір мен өлімді жаратты», - дейді. Аяттың терең сырына үңілсек, Жаббар Хақ адам баласын өмірге қанат қақтырып, кейін өлім қылышын сүйретіп келетінін әрі ол екеуінің арасы өте жақын екендігін ұғындырады. Халық даналығында фәни өмірді «қамшының сабындай» деп меңзеуі осы аяттың тәмсіліне, терең мағынасына қабысады.

Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Құдірет күшті Жаратушы пендесін ана құрсағында жатқан шарана қалпында төрт ай он күнде жан беріп, пешенесіне ризығын, бақытты немесе бақытсыз болатындығын және дәм-тұзы қашан таусылатынын жазады», - деп тағдырының белгіленгендігін айтқан.

Мына өмірдің тайға таңба басқандай ақиқаты – адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәтте тал бесіктен орын алып, жер бесікке дейін қилы ғұмыр кешуі. Қазақ халқының таным түсінігіндегі жер бесік ұғымы қабірді меңзесе керек. Осынау фәни өмірден бақи мекенге аттанған ата-бабаларымыздың қияметке дейін табан тіреген тұрағы сансыз қабірлер, мазарлар.

Жуырда Республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттардың бірі – «Зират және зиярат мәдениеті» деп аталады. Бұл құжатта еліміздегі мазар мәдениетін қалыптастыру, зират басын көтеру және зиярат жасау әдебі жазылған. Бұл имамдармен бірге жалпы мұсылман жамағаты үшін анықтамалық нұсқаулық іспеттес.

Мазар атауы қазақ тілінің сөздік қорына араб тілінен енген «Зиярат етілетін орын» деген мағынаны білдіреді. Ислам діні Қазақ жеріне келуімен шариғат талаптарына сай мазарлар сайын даладан орын алып, кешегі тарих қойнауында қала берді. Осы күнде көзіміз көріп жүрген араб тілінде төте жазумен, шағатай тілінде жазылған ескі мазарлар басындағы құлпытастар соның дәлелі. Ата дініміз Исламда дүниеден өткен адамды арулап көміп, кейінгі ұрпаққа белгілі болсын деп басына ескерткіш тас орнату, мал баспайтындай, аяқ асты болмайтындай етіп қабірді көкірек тұстан төмен етіп қоршау құпталған амалға жатады. Қабір басына қымбат, зәулім етіп мазар салу, үлкен әрі қымбат құлпытас орнату, және құлпыстасқа марқұмның суретін қою, Құран аятын жазу орынсыз іс болып саналады. Мазар адам баласының мәңгілік мекені емес. Марқұмның мазары қазір біз өмір сүріп жатқан дүние әлемі секілді уақытша аялдамасы. Сондықтан мазарды әдемілеп, сәндеу Алланың ашуын туғызатын ысырапшылдыққа алып барады. Мазар салуда адамдардың разылығын, мақтауын күтпестен шариғат талаптарына сай етіп салу, мұсылманның міндеті. Хакім Абай атамыз әкесі Құнанбайдың артынан ас беремін деген тума-туыстарын жақсылыққа үндеп: «Асқа жұмсалатын қаражатты интернатта білім алып жатқан шәкірттерге берейік», - деп ас бергізбеген. Біртуар Абай атамыздан үлгі алып, марқұмға пайдасы тимейтін құрылыс салғанша, сол қаражатқа мұқтаждардың мұңын өтесек Аллаға жағатын іс қылған болар едік.

Әрбір мұсылман баласы перзенттік борышы ретінде дүниеден өткен ата бабалар мазарын зират етіп, рухтарына Құран бағыштап, олар үшін Алладан рахым тілеуі ләзім іс. Исламның алғашқы кезеңдерінде Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қабірді зиярат етуден тыйған еді. Кейін: «Мен сендерді қабірді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады», - десе, тағы бір хабарда «Қабірлерді қалаған адам зиярат етсін. Өйткені, қабірлерді зиярат ету біздің есімізге ахиретті салады», - деген болатын. Бұдан аңғаратынымыз Ислам шариғаты қабірді зиярат етуден тыймайды. Керісінше, қабірді зиярат ету есті адамды өмірдің қызылды-жасылды жылтырақтарынан жерітіп, табан тірер орның осы жер деп есіне салып тұрады. Өлімді, ақыретті еске алып, одан ғибрат алу мақсатында мазарды зиярат ету сүннет амал болып саналады. Зияраттан ғибрат алған мұсылман айналасына жақсылық нұрын шашып, барынша жақсы адам болуға тырысады. Мазарларды зиярат етуде Пайғамбарымыздан сүннет болып қалған амалдарды орындауымыз бізді мол сауапқа кенелтеді. Мазар басына келгенде қабірдегілерге «Ей, қабір иелері! Сіздерге Алланың сәлемі мен рахымы болсын, бізде Алла қаласа қатарларыңызға қосыламыз», - деп айту сүннет іс. Марқұмдарға Құраннан «Ясин», «Бақара» сүресінің алғашқы 5 аяты, «Аятул- Курси», «Мүлік», «Ықылас», «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін оқып сауабын бағыштау марқұмға да, тіріге де хайырлы амалдан болады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңыздар», - деп марқұмдарға Құранның сауабы жететінін жеткізді.

Қабірлерді зиярат ету барысында бос сөзден, пайдасыз істерден, қабірді басудан, үстіне отырудан, дәрет сындырудан, қабірге қарап намаз оқудан аулақ болу қажет. Себебі адам баласы тірі күнінде қалай ардақты болған болса, дүниеден өткеннен соңда қадірлі болып қала береді. Мазарды зиярат етуші қабірде жатқан марқұмнан қажетін сұрауы, оған табынуы шариғатымызда тыйым салынған. Адамның сұрағанын, тілегенін беруші Алла Тағала екенін ұмытпауымыз керек.

Дүниеден өткен мұсылманға анық пайдасы тиетін іс, артында қалған салихалы ұрпақтарының оқыған Құраны, марқұмның атынан лайықты орынға берілген садақа мен қылған дұғасы екені даусыз. Әрбір қаракөз қазағымыз сауатты Құран оқып үйреніп, ата-бабасына ас беруде, мазар салуда ысырапқа жол бермей, тиісті орынға мал жұмсап, дүниеден өткен ата-анасының алдындағы перзенттік борышын дұрыс өтесе, айналамыз берекеге толар еді.

Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Мына өмірге келген адам ағаштың көлеңкесінде сәл аялдап, сапарын жалғастырған жолаушы секілді» деп алдағы ұзақ сапарды меңзейді. Әлбетте бұл ұзақ сапардың шарықтау шегі мәңгілік орын ақырет мекені.

 

Зарлық Ералин

Мәртөк ауданының Бас имамы