Дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға  семинар ұйымдастырылды 5046

Дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға семинар ұйымдастырылды

02 желтоқсан 2025 95 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен қала имамдарына «Ислам тарихы» бойынша біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті.

Семинарды Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев жүргізді.

Семинар барысында Ислам тарихының негізгі кезеңдері, Пайғамбарлар дәуіріндегі оқиғалар, халифалық кезең, мұсылман өркениетінің қалыптасуы мен дамуы, мазхабтардың пайда болуы, сондай-ақ тарихтағы маңызды тұлғалар туралы жан-жақты мәліметтер берілді.

Имамдар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, кәсіби біліктіліктерін арттыруға бағытталған пайдалы ақпарат алды. Жиынның мақсаты – қала имамдарының діни-тарихи білімін жетілдіру, уағыз-насихат барысында тарихи деректерді дұрыс және жүйелі түрде қолдану дағдысын күшейту.

Семинар соңында қатысушылар мұндай оқу форматтарының имамдардың білімін тереңдетуге және діни қызмет сапасын арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі