«Тату отбасы –  ел тірегі» атты отбасыларға арналған семинар ұйымдастырылды 3122

«Тату отбасы – ел тірегі» атты отбасыларға арналған семинар ұйымдастырылды

25 қараша 2023 2230 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі мен облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясын өткізу жоспары бойынша облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Тату отбасы – ел тірегі» атты отбасыларға арналған семинар өтіп, оған 50-ден астам адам қатысты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында өткен семинарға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Еуропа ассамблеясының құрметті мүшесі, заң ғылымдарының докторы, медиатор жаттықтырушы Светлана Балпеисова,
облыстық дін істері басқармасының дін маманы, журналист Ақтолқын Тажикова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, айтыскер ақын Марат Ахметов, жас жұбайлар, үлгілі отбасылар, ақсақалдар мен әжелер, БАҚ өкілдері т.б қатысты.

Ізгі бастаманы облыстың Бас имамы ашып, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясының маңыздылығына тоқталып, жас жұбайларға некенің құндылығы, жанұя жарасымына қол жеткізу жолдары туралы насихат айтты.
Сонымен қатар жас жұбайлардың некесін қиды.

Ал некесін қиған жас жұбайлардың куәгері, ақын Марат Ахметов бүгінгі шараның құндылығы қоғам тұрақтығылығы аса маңызды екенін айта келе, тақырып аясындағы арнауын оқып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Одан өзге Еуропа ассамблеясының құрметті мүшесі, заң ғылымдарының докторы, медиатор жаттықтырушы 2023 жылы статистика бойынша отау құрған отбасылардың 1500 отбасының ажырасқанын баяндап, қоғам дертінен арылуға шақырса, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылған жастар үшін пайдасы зор семинар деді.

Үлгілі отбасылардың бірі, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ықылас Асанұлы жұбайымен бірген келіп, үлкен өмірге қол ұстасып бірге көш бастаған жас жұбайларға кеңесін айтып, ақ батасын берді.
Отбасы құндылықтар жөнінде сабақ боларлық насихат айтып, қасиетті Құран аяттары және Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірі мен өсиеттерінен үлгі көрсеткен семинарға қатысушылар үшін орны бөлек азық болды.

Шара қорындысында салтанатты түрде жас жұбайларға «Нұр-Ғасыр» мешіті атынан неке куәлігі табысталып, естелік фотоға түсті.

Айта кетсек, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы туралы БАҚ өкілдеріне облыстың Бас имамы сұхбат берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі